Аббас БҰҰ-н жауапкершілігін орындауға шақырды

Палестина басшысы Иордания сапарынан қайта оралды.

2052367
Аббас БҰҰ-н жауапкершілігін орындауға шақырды

Палестина президенті Махмуд Аббас Газадағы әл-Ахли ауруханасына жасалған шабуылды «сұмдық қылмыс» деп бағалап, «Басқыншылық үкіметі барлық «қызыл сызықты» бұзып отыр» деді.

Палестина ресми телеарнасында сөйлеген сөзінде Аббас Иордания сапарын тоқтатып, еліне оралғанын айтты. Аббас Израильдің «шабуылды палестиналықтар жасады» деген әңгімесін жоққа шығарды. “Газадағы ауруханаға шабуылды Израиль жасады. Бұл - кешірілмейтін қылмыс. Басқыншы үкімет барлық қызыл сызықты кесіп өтті. Бұл үшін жазадан құтылуларына мүмкіндік бермейміз» деді ол.

Оқиғаға байланысты Мысыр және Иордания басшыларымен сөйлескенін  білдірген Аббас Амманда Америка Құрама Штаттары (АҚШ) президенті Джо Байденнің қатысуы жоспарланған төрт жақты саммиттен бас тартқанын жариялады.

Аббас сөзін былай жалғастырды: "Мен Израильдің жауапқа тартылғанын және халқымызды халықаралық қорғауға алуды қалаймын. Бұл шабуылдар, халқымызға қарсы жасалған қылмыстар тоқтатылуы керек. Біз 21-ғасырда екінші Накбаның болуына жол бермейміз. Қантөгісті тоқтату үшін бәрін жасаймыз».

Аббас: "Халқымыз халықаралық қорғауда болуы үшін ондаған шешім қабылданды, бірақ орындалмады. Өйткені Америка олардың орындалуын қаламады" деді.

Аббас сонымен бірге Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінен өз жауапкершілігін орындауды және «қырғынды айыптап, соғысты тоқтатуды» талап етті.



Ұқсас жаңалықтар