«Ресей соғыста жеңіске жетпеуі керек»

G7 Лидерлер саммитінің соңғы күніндегі баспасөз мәслихатында Макрон Ресей-Украина соғысына тоқталды.

1849535
«Ресей соғыста жеңіске жетпеуі керек»

Франция президенті Эммануэль Макрон «Ресей соғыста жеңіске жетпеуі керек» деді.

Германияның Бавария штатындағы Эльмау сарайында өткен G7 Лидерлер саммитінің соңғы күніндегі баспасөз мәслихатында Макрон Ресей-Украина соғысына тоқталды.

Ресейдің соғыста жеңіске жетпеуі керектігін білдірген Макрон Украинаға қолдау көрсетумен қатар Ресейге қарсы санкциялардың алдағы апталар мен айларда қажет болғанша жалғасатынын атап өтті.

Макрон G7 саммитінде Украинаның қайта құру үдерісін де талқылағандарын айтты. "Кеше түстен кейін Ресейдің Кременчуктегі (Украина) сауда орталығына шабуыл жасағанын естідік. Біз мұны әскери қылмыс деп есептейміз, қатты айыптаймыз" деді Макрон. Ол орыс әскерінің бейбіт тұрғындарға шабуыл жасағанын айтты.

Ковид-19 бен Ресей-Украина соғысының елдердің экономикасына әсері және осыған байланысты алаңдаушылықтарға қатысты Макрон G7 елдері ретінде осындай жағдайлармен күресу үшін макробюджет және макроқаржы саясаттарын үйлестіру керек екенін атап өтті. Макрон «Орыс газының баламалары бойынша ілгерілеуді жалғастыру керек, бірақ көміртегі аз энергия көздері мен электр қуатын өндіруді жеделдету керек» деді.

Азық-түлік және ауыл шаруашылығын жақсарту бастамасына сілтеме жасай отырып, Франция президенті өз сөзінде G7 елдерінің Африкадағы азық-түлік өндірісін арттыру үшін жұмыс істейтінін білдірді.

Украинадағы астықты экспорттау қажеттігін атап көрсеткен Макрон Біріккен Ұлттар Ұйымының  Бас хатшысы Антониу Гутерриштің астықты Одесса портынан теңіз арқылы шығару үшін делдалдық бастама көтергенін еске салды. Бұл үшін Ресей мен Украина арасында келіссөздер қажет екенін айтқан Макрон: «Алайда оның құрамында, өзіңіз білетіндей, Қаратеңіздегі қауіпсіздікте ерекше рөл атқаратын Түркия да бар» деді.



Ұқсас жаңалықтар