Қазақстан мен Сингапур арасындағы қарым-қатынас нығая түсуде

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастаған делегация екі күндік ресми сапармен Сингапурде болды.

1869968
Қазақстан мен Сингапур арасындағы қарым-қатынас нығая түсуде

Сапар барысында маңызды мәселелер талқыланды.

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен делегациясы Сингапурде ресми келіссөздер жүргізді.

Сапар аясында өткен кездесулер барысында екі елдің экономикалық ынтымақтастығы мен жүзеге асырылуы мүмкін жобалар талқыланды.

Қала құрылысы саласында маманданған сингапурлық компаниямен кездесуде Алматының солтүстігінде серік қала салуға қатысты жоба қарастырылды.

Жобаны қазақстандық компаниямен бірлесіп жүзеге асыратын сингапурлық компания - 30-дан астам елде жобаларды жоспарлап, дүние жүзінде 100-ден астам индустриалды парк салған мемлекеттік компания. Жоба аясында тек Сингапурдан ғана емес, басқа елдерден де инновациялық және технологиялық шешімдердің трансферті болатыны жарияланды.

Сапар аясында PSA (Port of Singapore Authority) кеме қатынасы компаниясы мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар кездесулерде цифрландыру, смарт қалалар салу, мемлекеттік қызметтерге инновацияларды енгізу сынды мәселелер де көтерілді.

Сапарының екінші күні Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Сингапур мемлекет басшысы Халима Якубпен кездесті.

Кездесу барысында екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынастардан бөлек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы кезеңдегі Сингапурға ресми сапарына дайындық барысы талқыланды.

Сингапур басшысы Қазақстанның Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтаудағы қызметін жоғары бағалады.

Сонымен қатар Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске және Дүниежүзілік дәстүрлі дін көшбасшыларының саммитіне қатысушы елдер арасындағы диалогты ынталандыруы да мақтау алды.



Ұқсас жаңалықтар