Түрік баспасөзіне шолу

Газеттер маңызды жаңалықтарға орын берген.

1889142
Түрік баспасөзіне шолу

Йени Шафак газеті «Ердоған: Экономикалық өсу бойынша әлемде бірінші орынға шықтық» деген хабарға орын берген. Хабарға қарағанда Президент Режеп Тайып Ердоған Әділет және даму партиясының мәжілістегі жиналысында «Эпидемия болды, өндірісті тоқтатпадық. Өсуді жалғастырдық. Әлемде бірінші орынды алдық. Көптеген елде рецессия туралы талқылаулар мен қысқарту болып жатқанда, халықаралық ұйымдар біздің еліміздің өсу болжамдарын арттырды» деді.

Стар газеті «Ядролық қолданбаларда қолданылады» деген тақырыппен хабар жариялаған. Хабарға қарағанда, Түркия отандық бор карбидін ядролық қолданбаларда қолдануға дайындалуда. Энергия және табиғи ресурстар министрі Фатих Дөнмез бор карбиді зауытының 2022 жылдың соңына дейін іске қосылатынын мәлімдеді.

Хабер Түрік газеті  «Ауыл шаруашылығы секторы 9 айдағы ең жоғары экспорт рекордын жаңартты» деген хабар жариялаған. Аграрлық сектор 9 айлық сыртқы саудасын 24,5 миллиард долларға жеткізіп, өз тарихының қаңтар-қыркүйек кезеңі экспортында рекорд жаңартты. Түркияның ауыл шаруашылығы экспорты жылдың тоғыз айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,6 пайыз артты.

Хүрриет газеті «Стамбул әуежайы «әлемдегі үздік әуежай» болып таңдалды» деген хабарға орын берген.

Әлемнің жетекші туристік журналдарының бірі «Condé Nast Traveler» журналы жүргізген сауалнамада Стамбул әуежайы Сингапур мен Оңтүстік Кореяны артқа тастап, «әлемдегі ең үздік әуежай» болып таңдалды.

Сабах газеті  «Каппадокияда 508 мың турист өңірді аспаннан тамашалады» деген. Тарихи, табиғи және мәдени байлықтарымен, әрі әртүрлі қызықты турларымен Түркияның таңдаулы туризм орталықтарының бірі Каппадокияда жылдың 9 айында 508 мың 181 турист ыстық әуе шары турларына қатысты.



Ұқсас жаңалықтар