Ұлыбритания королі елінің жасаған қиянатын мойындады

Король тарихтағы қателіктерді, әсіресе Кенияның тәуелсіздікке ұмтылуы кезінде жасалған зұлымдықтарды мойындайтынын мәлімдеді.

2058895
Ұлыбритания королі  елінің жасаған қиянатын мойындады

Ұлыбритания королі Чарльз III Кенияның тәуелсіздігі үшін күрес кезінде елінің жасаған қиянатын мойындайтынын мәлімдеді.

Ел астанасы Найробиде Кения президенті Уильям Рутомен бірге өткізген баспасөз мәслихатында Ұлыбритания королі Кенияның отаршылық кездеріне тоқталды.

Король Чарльз III тарихтағы қателіктерді, әсіресе Кенияның тәуелсіздікке ұмтылуы кезінде жасалған зұлымдықтарды мойындайтынын мәлімдеді. Тәуелсіздік пен егемендік үшін күрескен кениялықтарға жасалғандарды «жиренішті, әділетсіз зорлық-зомбылық әрекеттері» деп сипаттаған Король Чарльз «Бұған ешқандай ақтау жоқ» деді.

Король Чарльз III өткен қателіктерден тікелей зардап шеккендермен кездесуге мүмкіндігі болғанын да айтты.

Кения президенті Руто Король Чарльз III-тің мәлімдемелерін құптайтынын мәлімдеді.

Ұлыбритания королі Чарльз III мен оның жұбайы патшайым Камилланың Кенияға жасаған 4 күндік ресми сапары екі ел арасындағы қарым-қатынасты жақсартуды көздейді.

Кенияның адам құқықтары жөніндегі комиссиясы король Чарльз III-ті Ұлыбританияның отарлау кезеңінде Кения азаматтарына жасаған адамгершілікке жатпайтын әрекеттері үшін кешірім сұрауға шақырған еді.

 

1800 жылдардың аяғында Кенияны британдықтардың басып алуы ел халқының тағдырын өзгертті. 1950 жылы ағылшын отаршылдық әкімшілігінің амалдарына қарсы шығып, көтеріліс бастаған «Мау Мау» қозғалысы Кенияның тәуелсіздігіне үлкен үлес қосты.

Британдық ресми деректерге сәйкес, 1952-1956 жылдар аралығында Кениядағы «Мау Мау» қарсылығы кезінде 11505 көтерілісші қаза тауып, қозғалысты қолдаған 5000-нан астам адам, бұлар негізінен бейбіт тұрғындар, түрмеге жабылды.



Ұқсас жаңалықтар