Түрік Республикаларының күн тәртібіндегі оқиғалар

Еуразия күн тәртібі - 51

2025167
Түрік Республикаларының күн тәртібіндегі оқиғалар

Бағдарламамыздың бүгінгі бөлімінде Түрік Республикаларының күн тәртібіндегі оқиғалар талқыланады.

 

Өткен аптада Түрік Республикаларында маңызды оқиғалар болды. Енді оларды ретімен қарастырайық.

2023 жылдың 8 тамыз күні Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев «Cengiz Holding» төрағасы Мехмет Дженгиз бастаған түрік делегациясын қабылдады.

Ташкентте өткен кездесуде аталмыш холдингтің Өзбекстандағы инвестициясы талқыланды. Еске салатын болсақ, «Cengiz Holding» Өзбекстанның Ташкент және Сырдария қалаларында электр станцияларының құрылысын аяқтады және энергетика саласынан бөлек, тау-кен өнеркәсібі, көлік және құрылыс салаларында да жұмыстар жүргізуде.

2023 жылғы 8 тамыз күні Бакуде Әзербайжанның Халықаралық қатынастарды сараптау орталығы мен Өзбекстанның Орталық Азия халықаралық институты тарапынан «Әзербайжан-Өзбекстан: Ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері» атты дөңгелек үстел өтті. Жиында Әзербайжан-Өзбекстан өзара қарым-қатынастарының қазіргі жағдайы мен болашағы тақырыптары талқыланды. Жиналыстың соңында аталған мекемелер арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Өзбекстан президенті болып қайта сайланған Шавкат Мирзиеевтің шетелге алғашқы сапарын тамыз айында Әзербайжанға жасауы жоспарлануда.

2023 жылғы 8 тамыз күні Әзербайжан Ұлттық Қорғаныс министрінің орынбасары Керим Велиев Бакуде Түркия Республикасы Ұлттық Қорғаныс министрлігі Бас штаб басқармасының барлау бастығы Исмаил Гүнай бастаған делегацияны қабылдады. Кездесу барысында екі ел арасында ақпарат алмасу сияқты тақырыптар бойынша ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

2023 жылдың 9 тамыз күні Ресейдің ресми ақпарат агенттігі «ТАСС» Ресей Федерациясының Солтүстік Кипр Түрік Республикасында консулдық қызметі көрсете бастағанын жазды. Хабарда консулдық қызметтің Солтүстік Кипр Түрік Республикасында ашылуына себеп ретінде елдегі орыс санының көбеюі көрсетілді.

Ресейдің Кипр Республикасындағы (Оңтүстік Кипр) елшісі Мұрат Зязиков тақырыппен байланысты мәлімдеме жасап, «Ұзаққа созылған бұл шешімде саяси астар жоқ. Кипрдің солтүстігінде тұратын Ресей азаматтарымызға қызмет көрсету үшін тек гуманитарлық алаңдаушылықтан пайда болған бір жағдай» деді.

2023 жылғы 11 тамыз күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының уақытша төрағасы, Солтүстік Македония Сыртқы істер министрі Буджар Османиді қабылдады. Қабылдау барысында Қазақстанның Солтүстік Македония және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен ынтымақтастық тақырыптары талқыланды. Қазақстан Президенті Тоқаев Солтүстік Македониямен қарым-қатынастың өте жақсы екенін, Скопьеде елшілік ашу туралы шешім қабылдағандарын мәлімдеді. 2023 жылдың 10 тамыз күні Буджар Османи Әзербайжан Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовпен телефон арқылы сөйлесті.

Қазақстан мен Өзбекстан өткен аптада Ақтауда бірлескен әскери жаттығу өткізді. «Қанжар-2023» деп аталатын әскери оқу-жаттығуды екі ел қорғаныс министрлері Руслан Жақсыбеков пен Баходир Құрбанов бірге тамашалады.

Түрік Республикалары арасында бірлескен және өзара әскери оқу-жаттығулар ұйымдастыру дәстүрге айналды.

Оқиғалардан көрініп тұрғандай, өткен апта Түрік Республикалары арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын маңызды жаңалықтар жүзеге асты.



Ұқсас жаңалықтар