Түркиядағы армян шіркеуі - Акдамар

Анадолының тұңғыштары - 11

1907978
Түркиядағы армян шіркеуі - Акдамар

Түркиядағы армян шіркеуі - Акдамар

Түркияның шығысы – таулар және тік жартастармен қоршалған территория. Түркияның ең ірі көлі болып қабылданатын Ван көлі де осы аймақта орналасқан. Ван көлі үлкендігімен таңғалдырады. Теңіз секілді ұшы-қиыры жоқ. Түркияның ең үлкен көлі – сонымен бірге әлемдегі ең ірі минералды көл.

Осы көлде төрт арал бар.  Ең ірісі – Адыр аралы.  Монастырь, шіркеу және шапель қалдықтары бар осы аралда адам өмір сүрмейді.  Оның есесіне шағалалар мекен етеді. Ван көлінің екінші кезектегі ірі аралы – Акдамар аралы.  Бүгін сіздерге Акдамар аралындағы Қасиетті Крест шіркеуі туралы айтып береміз.  Себебі Ван көліндегі осы шіркеу орта шақ армян өнерінің ең тамаша үлгілері арасында көрсетіледі.

Акдамар бір аңызымен танымал. Аңызға қарағанда, өте байырғы кезде аралда тұратын діни қызметкердің Тамара деген қызы болыпты.  Аралдың қарсы бетіндегі ауылда болса балық аулап күн көретін бір жігіт өмір сүреді екен.  Жігіт балық аулап, артынан неше сағат бойы жүзеді екен.  Тағы сондай күндердің бірінде аралдың жағасына дейін жүзіп барыпты.  Сол жерде Тамараны көріпті.  Қыздың сұлулығы соншалықты жігіт көзін айыра алмаған.  Тамара да жігітті ұнатқан.  Жас қыз бен жігіт күн сайын түнде жағада жасырын кездесе бастапты.  Тамара өз орнын көрсету үшін қолына шам ұстап келеді екен. Бір мезгілден кейін қыздың әкесі бұны байқап қалып,  толқынды бір түнде қолына шам алып, жағалауға келіпті.  Жігіт те шамның жарығын көріп,  Тамара келді деп ойлап суға секірген.  Аралға қарай жүзе бастаған.  Ал қыздың әкесі болса өз орнын өзгертіп отырған.  Жігіт те көп жүзгеннен кейін шаршап, толқынды еңсере алмай, «Ах, Тамара» депті де суға кетіпті.  Сол күннен кейін арал сол жігіттің соңғы сөзі болған «Ах, Тамара» деп атала бастапты. Уақыт өте келе Акдамарға айналған. Аралдың аты осылай келген деп айтылса да,  бұл тек аңызда ғана бар. Бірақ аралда шіркеу бар екені шындық. Шіркеуде де жүздеген жылдан бері сансыз дін қайраткері болғаны да шындық. 1100 жасындағы осы шіркеу Акдамар шіркеуі немесе Қасиетті Крест шіркеуі деп аталады. Шіркеуде Васпуракан әулетінің патшасы  Шын Крестің бір бөлшегін сақтау үшін салғызады.  Сондықтан да шіркеу Қасиетті Крест шіркеуі деп те аталады.

Шіркеу қызыл туф тастан, төрт жапырақты жоңышқаға ұқсас қылып, крест жоспар бойынша салынған. Мүсіндермен безенген сыртқы қабырғасы керемет.  Осы рельефтерде Тәураттан және Інжілден сахналарға орын берілген. Акдамар шіркеуі әрі сәулет, әрі тас шеберлігі тұрғысынан орта шақ армян өнерінің ең құнды туындылары арасында көрсетіледі.  Бір архитектуралық ғимараттан гөрі «бір зергердің туындысы» деп аталады.  Себебі армян шіркеулері арасында ең көркемі осы Акдамар шіркеуі.

Шіркеудің сыртқы жағындағы мотифтер мен тас шеберлігі көргендерді таңғалдырады.  Тәурат пен Інжілдегі тақырыптар бейнеленген осы беземелерде Юнус пайғамдардың теңізге лақтырылуы,  Әзірет Мәриям мен құшағында Әзірет Иса, Дауыт пайғамбардың күресі,  Адам Ата мен Ауа ананың тыйым салынған жемісті жеуі секілді оқиғалар суреттелген. Күнделікті тұрмысқа байланысты да сарай тұрмысы,  аң аулау, адам және жануар фигураларына орын берілген.

Ішкі мекенде фрескалар, яғни қабырға суреттері орын алған. Ғасырлар бойы уақыт пен табиғат берген зиян ашық көрінеді осы суреттерде.  Фрескаларда Иса пайғамбардың аспанға көтерілуі, крестке байлануы және қабірдегі қасиетті әйелдер сахнасы бейнеленген.  Осы қабырға суреттері өңірдегі ең байырғы туындылар болуы себебімен де өте маңызды.  Осындай ерекшеліктеріне орай Акдамар шіркеуі ЮНЕСКО Әлемдік мұра уақытша тізіміне енгізілген.

Ван-Татван автожолындағы кемежайдан қозғалатын бір мотормен Ван көлінің екінші үлкен аралына – Акдамар аралына жетуге болады.  Аралда 1100 жылдан бері құламай тұрған, армян өнерінің маңызды туындылары арасында көрсетілетін Акдамар шіркеуі күтіп алады сізді.  Ол – осы өңірдің мозаикасының, бейбітшілік пен бауырластықтың символы.



Ұқсас жаңалықтар