Османлы сұлтаны ІІІ Мұстафа

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 26

1463962
Османлы сұлтаны ІІІ Мұстафа

13 желтоқсан 1754 жылы Сұлтан І Махмут қайтыс болғаннан кейін оның орнына інісі ІІІ Осман өтті. Бірақ Сұлтан ІІІ Осман тек үш жыл ғана билік жүргізді. Оның орнына 1703-1730 жылдар арасында Қызғалдақ дәуірінде билік құрған Сұлтан ІІІ Ахметтің ұлы ІІІ Мұстафа өтті. Тарихқа бірінші реформатор ретінде енген Сұлтан ІІІ Мұстафаның өмірі Османлы тарихы тұрғысынан маңызды болып саналады.

ІІІ Мұстафа 1717 жылы 28 қаңтарда Эдирне сарайында дүниеге келіп 1774 жылы 21 қаңтарда Ыстамбұлда қайтыс болды. Әкесі – ІІІ сұлтан Ахмет, ал шешесі Михришах ханым еді. 1720 жылы Мұстафа және оның бауырлары Сүлейман, Мехмет және Баязит сүндетке отырғызылып, он бес күндік той болды. 1730 жылы Патрона Халил көтерілісімен әкесі Сұлтан Ахмет тақтан құлатылғаннан кейін билікке немере ағалары Сұлтан І Махмұт I, одан кейін ІІ Мұстафа келді. Осыған байланысты ұлы тұлғамыз ағаларымен бірге Топкапы сарайында үй қамаққа алынды. Ұлы тұлғамыздың Сүлейман деген үлкен ағасы болатын. Алайда оның есі дұрыс болмағандықтан таққа шығу кезегі Мұстафадан үлкен екінші ағасы Мехметке өтті. Бірақ шахзада Мехмет те 1756 жылы қайтыс болғаннан кейін ІІІ Мұстафа әулеттің жасы ең үлкен мүшесі ретінде таққа шығуға құқылы болды. Таққа шығу салтанаты 30 қазан 1757 жылы жүзеге асты.

Сұлтан ІІІ Мұстафа жігерлі және көреген саясаткер болды. Осман империясы мен еуропалық державалардың, оның ішінде әсіресе Ресейдің арасындағы даму жағынан алшақтықты азайту үшін ол армия мен мемлекеттік аппаратты жаңарту қажеттілігін жақсы түсінді. Таққа отырғаннан кейін көп ұзамай Мұстафа парақорлық және әділетсіздікпен күрес бастады. Талай шенеунік пен қазының осы күрес кезінде басы кетті. Расында бұл кезде Осман империясы сыбайлас жемқорлық батпағына батып қалған болатын.

Коскада салынған кешенді тұрғызуға жауапты болған Бас уәзір Рагыб паша өте білімді және мәдениетті тұлға болса да, қарамағындағылардан пара алып дағдыланған болатын. Атап айтқанда, Ажем Али, Хинди Хасан, Армян Казар және басқалар Рагыб пашаға пара беріп тұратын. Бұл мемлекет ішінде өте жаман әдетті қалыптастырды. 1763 жылы 8 сәуірде Бас уәзіп Рагып паша қайтыс болғаннан кейін сыбайлас жемқорлық әшкере болды. Ажем Али мен Армян Казар дарға асылып, өнеге болсын деп қақпаға ілініп қойды.

Бұл істен бөлек 1765 жылы 28 наурызда Бас уәзір Көсе Бахир Мұстафа паша Кетхүда Ахмед Эфендимен сыбайлас жемқорлық қатынасын құрғаны үшін қызметінен босатылып, екі күнге қамауға алынды. Содан кейін ол Лесбосқа жер аударылып, сол жерде өлім жазасына кесілді. Бұдан басқа да сыбайлас жемқорлыққа қатысты көптеген даулар болды. Тоқ етерін айтқанда, бұл жүйе Османлы империясының модернизациялануына ең үлкен кедергі болды.

Сондықтан ұлы тұлғамыз қатал заңдар шығарып, ол заңдардың орындалуын тексеру мақсатында жиі-жиі ел арасына және саяхатқа шығып тұрды. Ұлы тұлғамыз Ыстамбұлда өркендеуді арттыру үшін бірқатар шаралар қабылдады. Ол монеталарды реттеуді жүзеге асырды және қатаң фискалдық саясат орнатты. Сонымен қатар Сұлтан ІІІ Мұстафа ірі астық қоймаларын салды.

Ұлы тұлғамыздың билігі кезінде көптеген монументті ғимараттар, оның ішінде Фатих мешіті, қайта тұрғызылды. Сонымен қатар, ол «Лалели» мешіт кешенін салынды. Ал Йеникапы бойындағы жағажай жаңа ғимарат тұрғызу үшін толтырылды. Бұлардан басқа, Сұлтан ІІІ Мұстафа 1766 жылғы жер сілкіністерінен кейін басқа да құрылыс жұмыстарын жүргізді. 1767 жылы 31 қаңтарда тағы бір қатты жер сілкінісі болды. Сегіз айда төрт ірі жер сілкінісі Ыстамбұлды қиратты. Сұлтан Ыстамбұлды тезірек қалпына келтіру үшін қазына мүмкіндіктерін жұмылдырды.

Сұлтан ІІІ Мұстафа Пруссия королі Ұлы Фредериктің басқару жүйесі мен реформаларын қатты ұнатты және 1761 жылы Пруссиямен бейбітшілік келісімін жасады. Король Ұлы Фредерик Австриялағы Габсбургтерге қарсы Османлылармен одақ құрғысы келді, ал Сұлтан ІІІ Мұстафа өз мемлекеті мен армиясын жаңғыртқысы келді. Мұстафа өзінің әскерін қайта ұйымдастыруда Париж мен Лондоннан гөрі Берлиндегі неміс офицерлерді жалдағанды жөн көрді. 1763 жылы екі ел арасында алғаш рет дипломатиялық қатынастар орнады.

Дегенмен, Сұлтан ІІІ Мұстафаның билігі кезінде ғасырдың басында Осман империясында басталған жалпы құлдырау жалғаса берді. Модернизациялау әрекеттері бұл үдерісті тоқтату үшін жеткіліксіз болды. Мемлекет жүйесі мен армияны жаңғыртуға бағытталған кез-келген реформалар немесе жоспарлар консервативті жаңашеру әскерлері және имамдардың қарсылығына тап болды. Сұлтан III Мұстафа жаяу әскер мен артиллерияны реформалау үшін батыстық кеңесшілердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Сонымен қатар, сұлтан математика, навигация және ғылым академиясын құруға бұйрық берді.

Елінің әскери әлсіздігін жақсы білетін Мұстафа үнемі соғыстан аулақ болған. Алайда Ресейдің Польшаға қарсы бастаған жорығы, сондай-ақ француз дипломатиясының айтарлықтай әсері оны Ресейге қарсы соғыс жариялауға мәжбүр етті. 1768-1774 жылдар аралығында болған Османлы-Ресей соғысы түріктер үшін нағыз қасіретке айналды. Орыс әскерлері Қырымды, Румынияны және Болгарияның бір бөлігін басып алды. Соғыс кезінде Балтық теңізінен аттанған Ресей әскери-теңіз флоты Чешмедегі Османлы флотын жойып жіберді. Сұлтан III Мұстафа соғысты тоқтатуға тырысты, бірақ бұл әрекеті сәтсіз болды. Соғыс жүріп жатқан кезде ұлы тұлғамыз қайтыс болды.

 

 



Ұқсас жаңалықтар