Ұлық Мұхаммед Хан

Түрік өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 8

931430
Ұлық Мұхаммед Хан

Ұлы дала империясы Алтын Орда ыдырай бастағанда бірнеше күшті орталықтар пайда бола бастады. Бұл орталықтар Алтын Орданың мұрасына ие болуға тырысты. Алайда бұлардың күштері жалпы айтқанда бір бірімен шамалас болғандықтан, ешқайсысы да мемлекеттің тұтастығын қалпына келтіре алмады. Десе де бұл күш ошақтарының орнында жаңа дербес мемлекеттер қалыптаса бастады. Олардың бірі Жайық өзенінің шығысындағы кең байтақ даланы алып жатқан Ақ Орда болды. Бұл жерде Ұрыс хан мен Барақ ханның ұрпақтары билік құрды. Бұлар өз шежірелерін Жошының үлкен ұлы Орда Еженнен тарататын. Екінші күш ошағы Дәулет Бердінің Қырымда тұрақтап қалуымен қалыптасқан Қырым хандығы еді. Үшіншісі Еділдің жоғарғы ағысында орналасқан Қазан хандығы еді. Оны Ұлық Мұхаммед биледі. Төртінші орталық Кавказдың солтүстік жағында Еділ мен Жайықтың ортасындағы Ноғай Ордасы еді. Бесінші күш Ұлы даланың солтүстігінде билік құрған Шайбанилер еді. Аты аталған орталықтардың барлығы бүгін түркі өркениетін қалыптастырып отырған ұлттар мен ұлыстардың негізін қалады. Ал бүгінгі бағдарламамызда Алтын Орда тарихының соңғы кезеңіне өз таңбасын қалдырған Ұлық Мұхаммед хан туралы сөз қозғаймыз.

Ұлы тұлғамыз 1405 жылы туылып, 1445 жылы қайтыс болған. Ұлық Мұхаммедтің әкесі Жошының он үшінші ұлы Тоқа Темірден тарайтын Ішкілі Хасан еді. Ішкілі Хасан және оның ағалары Али мен Тас Темір Қырымды билеген еді. Ал Ішкілі Хасанның өзі Едіге Би мен Тоқтамыс және оның ұрпақтарының арасындағы қақтығыста Тоқтамыс жағында болғаны белгілі.

Ұлық Мұхаммедтің тарих сахнасына шығуы Едіге Би қайтыс болған 1419 жыл еді. 1420 жылы ол Қырымнан Астраханға дейінгі барлық жерлерді өзіне қаратады. Осы кезден бастап, Ұлық Мұхаммед пен Ақ Орда ханы Барақ арасында Алтын Орда тағына талас басталады. Едіге Бидің баласы Мансұр және оның қарамағындағы ноғайлардың Барақ ханды қолдауы бұл күресте Ақ Орданы күшейтті. Оның үстіне Әмір Темірдің мұрагері Ұлықбек те Барақ ханды қолдаған еді. 1422 жылы батысқа қарай жылжыған Барақ Сарай Беркені жаулап алды. Барақтан жеңіліп қалған Ұлық Мұхаммед Литвадағы Витовтты паналауға мәжбүр болды. Бұл кезде Ұлық Мұхаммедтің немерелес інілері яғни Алидің баласы Худайдат пен Тас Темірдің баласы Дәулет Берді Алтын Орданың тағы үшін күрес бастап, Барақ ханмен соғыса бастады. Осы таққа талас соғыстардың бірінде Хұдайдат қайтыс болды. Ал Дәулет Берді мен Барақтың соғысы 1427 жылға дейін жалғасты. Ақырында Барақ Дәулет Бердіні Қырымға қуып тастады. Осыдан кейін тақ таласына Литвадан қолдау көрген Ұлық Мұхаммед араласа бастады. 1428 жылы Ұлық Мұхаммед Алтын Орданың астанасын алып, өзін хан деп жариялады.

Ұлық Мұхаммед ханның Османлы мемлекеті сұлтаны Мұрат ІІ мен Мысыр сұлтаны Барысбайға елшілік жібергендігі белгілі. Басқаша айтқанда, Ұлық Мұхаммед Алтын Орда жерлерінің барлығын біріктіре алмаса да, белгілі бір жерінде өз билігін бекітіп, тұрақтылықты  орнатқандығы мәлім.

Барақ хан қайтыс болғаннан кейін Ұлық Мұхаммед ханның қарсысына ноғайлардың қолдауын алған Кіші Мұхаммед шықты. Едіге Бидің балалары және Мансұрдың інілері Қазы мен Наурыз Кіші Мұхаммедті қолдады. Екі жақтың соғысы бірнеше жылға созылды. Ақырында екі хан ымыраға барып, Ұлық Мұхаммед Сарай Беркені Кіші Мұхаммедке қалдырып, өзі солтүстіктегі жаңа орталық Қазан қаласына шегінуге келісті. Бірақ Кіші Мұхаммед де Сарай Беркеде отырмай, Астрахан қаласын өзіне астана қылып жариялады. Бұл кезде Қырымда Дәулет Бердіні Тоқтамыс ханның немересі және Керім Бердінің баласы Сайд Ахмет алмастырған еді.

Қысқасы 1430 жылдарда Алтын Орда іс жүзінде төртке бөлінген еді. Олар Қазан Хандығы, Қырым Хандығы, Ноғай Ордасы және Ақ Орда. 1434-1436 жылдар аралығында Қазан хандығында Ұлық Мұхаммед, Қырым Хандығында Сайд Ахмет, Ноғай Ордасы мен Астраханда Кіші Мұхаммед, ал Ақ Ордада Әбілхайыр билік құрған еді. 1434  жылы орыстар батыстағы үш ханға да салық төлеген еді. Десе де, осы кезде Алтын Орда аумағынан өткен саяхатшылар өзге хандардың Ұлық Мұхаммедті «басты хан»  ретінде мойындағандықтарын жазады.

1438 жылы Ұлық Мұхаммед негізін қалаған Қазан хандығы Алтын Орданың мұрагерлерінің бірі ретінде 1552 жылы орыс князі Иван Грозный өзіне қосып алғанға дейін тарих сахнасындағы өмірін жалғастырды. Бұл кезде Қазан қаласы Алтын Орданың негізгі орталықтарының бірі және Түркі Ислам әлемінің солтүстік астанасы ретінде өркендей түсті. Сыртқы саясатта Қазан хандығы бір ғасырға жуық уақытта орыстармен күресіп өтті. Алайда он алтыншы ғасырға дейін түркілер мықты болып, орыстарға салық салып тұрса, он алтыншы ғасырға келгенде Алтын Орда ұсақ мемлекеттерге ыдырап, өзінің тұтастығын жоғалтты.

Қорыта айтқанда, Ұлық Мұхаммед хан Алтын Орданың соңғы кезеңінде маңызды рол ойнап, Қазан хандығының негізін қалады. Ұлық Мұхаммедтің ұрпақтары Қазан хандығының Мәскеу княздігіне қосылуымен бірге Ресей мемлекетіне қызмет ете бастады. Мысалға Давыдов және Ермолов тектерімен орыс тарихында өз ізін қалдырған генералдар ұлы тұлғамыздың ұрпақтары болып саналады. Басқаша айтқанда, Алтын Орданың мұрагерлері және әсіресе Қазан хандығы Ресей империясының қалыптасуына үлес қосты. Ал бүгін болса Қазан хандығы Татарстан мемлекетінің негізін қалап отыр.



Ұқсас жаңалықтар