Апталық Анализ 48

​​​​​​​Стамбулда жасалған астық келісімімен Түркия Ресей-Украина соғысында тағы да алға шықты.

1860943
Апталық Анализ 48

Стамбулда жасалған астық келісімімен Түркия Ресей-Украина соғысында тағы да алға шықты. 2022 жылдың ақпанында басталған Ресей-Украина соғысы салдарынан азық-түлік өнімдері толық қуатында экспорт жасай алмай қалды. Қазір Украина қоймаларында 20 миллион тоннадан астам астық бар. Жаңа егін науқаны басталса да қоймалардағы өнімге орынның жоқтығы азық-түлік өндірісін қиындатып отыр. Миналар мен әскери кемелердің кесірінен теңіз жолы арқылы экспорттау мүмкін еместігі Украинаны балама сауда жолдарын іздеуге итермелеуде. Алайда қажетті инфрақұрылымның жоқтығы және соғыстың жалғасуы әртүрлі жеткізу жолдарын пайдалануды қиындатуда.

Соңғы екі жылда жаһандық азық-түлік инфляциясының жеткен 60 пайыздық шыңын Ресей-Украина соғысы тудырған баға құбылмалылығына мысал ретінде келтіруге болады. Астық қажеттіліктерін көбіне Украинадан қамтамасыз ететін елдердің қатарында Эритрея, Сомали, Ливия, Мысыр, Сауд Арабиясы, Оман, Израиль, Тунис, Эфиопия, Йемен және Кения процестен ең көп зардап шеккен елдер. Украинаның дүниежүзілік азық-түлік өндірісіндегі үлесін ескерсек, елден ауылшаруашылық өнімдерін жеткізіп жатқандардың басқа елден қысқа мерзімде импорттауы қиын. Өйткені коронавирустық індет, энергетика және азық-түлік дағдарысы салдарынан бағасы көтерілген ауыл шаруашылығы өнімдерін қысқа мерзімде жеткізу мүмкін емес. Осы себепті Украинаның астық дәлізін ашу маңызды. Дәлізді функционалды ету арқылы әлемдік азық-түлік бағасына ұсыныс тарапынан қысымды жеңілдетуге болады. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасының төмендеуіне себеп болуы мүмкін. Қазіргі үдерістен ең көп пайда көретіндердің қатарында Батыс Азия мен Африка елдері бар.

Соғыс салдарынан туындаған азық-түлік жеткізу теңгерімсіздігін жою үшін Түркия-Ресей-Украина серіктестігімен құрылуы жоспарланған азық-түлік дәлізі қоймалардағы астықты әлемдік нарыққа жеткізуді мақсат етеді. Жаһандық азық-түлікпен қамтамасыз етудің маңызды субъектілерінің бірі ретінде Украинадағы астықты әлемдік нарыққа шығару азық-түлік бағасының теңгерімсіздігін жоя алады.

Ресей және Украина сияқты соғысушы екі елмен диалог арналарын ашық ұстаған Түркия қақтығыс басталғаннан бері дипломатиялық жолмен бейбіт ортаны қалпына келтіруге тырысуда. Ресейге қарсы қолданылған санкциялар мен оқшаулау саясатына байланысты соғыстан туындаған мәселелерді шешу үшін дипломатиялық үстел құра алатын елдер саны шектеулі. Түркияның соғыстың алғашқы күндерінен бастап теңдестірілген сыртқы саясат ұстануы және тараптар арасында арадағы миссияны атқара алатынын атап көрсетуі астық дәлізінде табыс әкелді. Астық кемелері түрік флотының қолдауымен Түркия арқылы әлем нарығына ұсынылады деп күтілуде. Бұл жағдай әлемде де, Түркияда да азық-түлік бағасына оң әсер етеді. Жаһандық азық-түлік дағдарысының шешу жолдарының бірі болып табылатын жеткізуді арттыру мүмкіндігі Түркияның дипломатиялық табысының арқасында жүзеге асты.

Келісімнің күтілетін табысын қамтамасыз ететін ең маңызды қадам оның Украина мен Ресей тарапынан тиісті түрде орындалуы болады. Бірақ келісімге де, азық-түлік дағдарысын азайтуға бағытталған күш-жігерге де қауіп бар. Осы тұста келісімді дұрыс орындаумен қатар, Ресейдің ауылшаруашылық нысандары мен инфрақұрылымдарына шабуылдарын тоқтатуының маңызы зор. Ресейдің шабуылдарының жалғасуы және Украина фирмаларының өнімдерін тартып алуы келесі өндіріс кезеңінде украиндық өндірістің айтарлықтай төмендеуіне әкеліп, келісімнің сәттілігін шектеуі мүмкін.

 



Ұқсас жаңалықтар