“Түркия Руанда мен Конгоға көмек беруге дайын”
Түркия президенті Руанда мен Конго Демократиялық Республикасы арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен шешу үшін Түркияның қолдау көрсетуге дайын екенін хабарлады.
![“Түркия Руанда мен Конгоға көмек беруге дайын”](http://cdn.trt.net.tr/images/xlarge/rectangle/a290/b751/bb60/67931b92097c6.jpg?time=1738782020)
Президент Режеп Тайып Ердоған Руанда мен Конго Демократиялық Республикасы арасындағы қақтығыстың бейбіт жолмен шешілуін тілеп, Түркияның кез келген қолдау көрсетуге дайын екенін хабарлады.
Ердоған Президенттік кешенде Руанда Президенті Пол Кагамемен жеке және делегациялар арасы келіссөздерден кейін бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.
Ердоған 2013 және 2014 жылдары екі елдің елшіліктері ашылғаннан кейін Түркия мен Руанда арасындағы қатынастардың айтарлықтай нығайғанын атап өтті.
Сондай ақ Ердоған Пол Кагамемен өткен келіссөздерде сауда, инвестициялар, энергетика, білім, мәдениет, қорғаныс өнеркәсібі және зерттеу мен дамыту салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған қадамдар талқыланғанын жеткізді.
«Алдағы кезеңде компанияларымыздың инвестицияларын ұлғайту арқылы Руанданың даму мақсаттарына үлес қосу мәселесінде президентпен келістік», – деді Ердоған.
Конго Демократиялық Республикасымен туындаған қақтығыстың бейбіт жолмен шешілуін қалайтынын білдірген Ердоған: «Біз Ангола араағайындығымен жүргізіліп жатқан тікелей келіссөздерді шын жүректен қолдаймыз. Үлкен көлдер аймағында тұрақтылық пен бейбітшілікке ықпал ететін бұл мәселенің шешілуі үшін екі тарап қалаған жағдайда біз де Түркия ретінде кез келген қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді.
Баспасөз мәслихаты алдында Түркия мен Руанда арасында төрт келісімге қол қойылды.
Ердоған Кагаме құрметіне кешкі ас ұйымдастырды. Президенттік кешендегі бұл ас баспасөз өкілдеріне жабық форматта өтті.