Әзиз Санжарға «Түркі әлемінің мәдени елшісі» атағы берілді
Нобель сыйлығының иегері, түрік ғалымы, профессорға «Түркі әлемінің мәдени елшісі» атағы берілді.
АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатындағы «Aziz&Gwen» қоры маңындағы Санжар мәдени орталығында Нобель сыйлығының иегері, түрік ғалымы, профессорға «Түркі әлемінің мәдени елшісі» атағы берілді.
2025 жылдың 19 қаңтарында өткен шарада Түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы Түріксой Бас хатшысы Сұлтан Раев бұл шешімнің Әзербайжанның Шуша қаласында өткен Түріксой Тұрақты кеңесінің 40-шы отырысында қабылданғанын атап өтті.
Бас хатшы Сұлтан Раев салтанатты жиында сөйлеген сөзінде профессор Әзиз Санжардың түркі әлемінің мақтанышы әрі шабыты екеніне тоқталып, «Әзиз Санжар мырза, сіз тек ғалым емес, түркі әлемінің баға жетпес өр тұлғасысыз. Нобель сыйлығымен бүкіл адамзатқа қосқан еңбектеріңіз, қарапайымдылығыңыз бен еңбекқорлығыңыз, сондай-ақ ғылым әлеміндегі жоғары жетістіктеріңіз - барша адамзатқа үлгі. Бұл атақ - сізге деген құрмет емес, түркі әлемінің алғысы. Түріксой -ға мүше елдер атынан сізге түркі әлемінің мәдени елшісі атағын беру біз үшін үлкен мәртебе», - деді.
Әзиз Санжар өзіне берілген «Түркі әлемінің мәдени елшісі» атағын өміріндегі ең маңызды марапат ретінде сипаттады. Бұл медальдың Нобель сыйлығынан да құнды екенін айтқан Санжар «Бұл медаль мен үшін барлық марапаттан да қымбат. Бұл менің арманым еді. Түріксой – өте маңызды мекеме және ол бізді бүкіл әлемге танытады деп сенемін», - деді.
Шара соңында Бас хатшы Сұлтан Раев Әзиз Санжарға түркі әлемінің бірлігі мен бай мәдениетін көрсететін мағыналы сыйлықтар табыс етті. Сыйлықтар арасында Қазақстаннан шапан, Қырғызстанан айыр қалпақ, Өзбекстаннан ұлттық белбеу, Түркиядан бөрінің басы ойып жасалған балдақ, Әзербайжаннан Қарабах жеңісінің символы - Хар-ы Бұлбұл дизайнымен ілмек түйреуіш және Түрікменстаннан «Махтымқұлы Пырағы» кітабы да бар. Санжар «Бұл сыйлықтар түркі әлемінің бірлігі мен ынтымақтастығының белгісі» деп ризашылығын білдірді.
Түріксой бастамасымен қолға алынған «Түркі әлемінің мәдени елшісі» бағдарламасы – Түріксой Тұрақты кеңесінің шешімімен мәдениет, өнер, спорт және ғылым салаларында танымал тұлғаларға берілетін арнайы медаль. Медаль дизайнында Түріксой ұйымының негізін қалаушы Әзербайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Түркия елдерін бейнелейтін 6 жұлдыз және ортасында түркі әлемінің жарқын болашағын бейнелейтін күн бейнеленген. Айырықша Түріксой логотипі негізінде жасалған және көгілдір эмальмен безендірілген. Медальдың бет жағында «Түркі әлемінің мәдени елшісі» деген сөз тіркесі болса, артында руна әліпбиімен жазылған «түркі» сөзі және Исмаил Гаспыралының «Тілде, пікірде және істе бірлік» деген ұраны орын алған.
Хабар және сурет Түріксой парақшасынан алынды.
Ұқсас жаңалықтар
«AZAL” Ресейдің Астрахань қаласына рейстерін тоқтатты
"Баку-Астрахан-Баку бағытындағы барлық рейстер белгісіз мерзімге тоқтатылды" деп хабарланды.