Бірлікке құштар Түркі әлемі: Өркендеу мен тұтастық

Анкарада Түрік Мемлекеттері Ұйымының  15 жылдық мерейтой отырысы ұйымдастырылды.

2194735
Бірлікке құштар Түркі әлемі: Өркендеу мен тұтастық

Кеше Анкарада Түрік Мемлекеттері Ұйымы «Түрік ынтымақтастығының қазіргі жағдайы және болашаққа үміттері» атты панель ұйымдастырды. Нахчыван келісімінің 15 жылдығы мен 3 қазан Түрік Мемлекеттері Ынтымақтастық күніне орай өткізілген бұл отырыста түркі мемлекеттерінің жеткен жетістіктері мен болашаққа деген үміттері жан-жақты талқыланды.

Түрік Мемлекеттері Ұйымының Бас хатшысы, Елші Кубанычбек Өмірәлиев түрік халықтарының саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтудағы орасан зор жетістіктерін атап өтті. Ол Түркі әлемінің өркендеуі мен бірлігін қамтамасыз ету үшін тығыз ынтымақтастықтың маңызын баса көрсетіп, бұл жолдағы бірліктің ерекше мәніне тоқталды.

Бас хатшының сөзінен кейін Түрік Инвестициялық Қорының төрағасы Бағдат Әміреев бауырлас халықтардың экономикалық интеграциясына тоқталып, ортақ жобаларды қаржыландырудың жаңа көздерін іздеу, сондай-ақ шетелдік инвестицияларды тарту мәселелерін қозғады. Оның пайымдауынша, экономикалық ынтымақтастық арқылы мемлекеттер арасындағы бауырластық қарым-қатынас жаңа белестерге көтеріле алады.

Түрік Академиясының төрағасы, профессор Шахин Мұстафаев болса Түрік әлемінің одан әрі тұтастығын қамтамасыз ету жолында атқарылып жатқан ғылыми және мәдени жобалар туралы сөз қозғады. Бұл жобалар тек түрік халықтарының ғана емес, бүкіл әлемдік өркениеттің дамуына үлес қосып отырғанына баса назар аударды.

ТҮРКПА Бас хатшысы Мехмет Сүрейя Ер түрік мемлекеттерінің арасындағы терең бауырластық байланыстардың тек экономикалық не мәдени салада ғана емес, парламенттік деңгейде де жаңа биіктерге жеткенін мақтанышпен атап өтті.

Түрік Мәдениет және Мұра қорының төрайымы, профессор Ақтоты Райымқұлова Түрік мемлекеттерінің ұйым болып бірігуі бауырластық байланыстарды нығайтып қана қоймай, ортақ рухани бірегейлікті сақтаудың негізі болатынын айтты. «Біздің рухани мұрамыз – бұл біздің ең үлкен байлығымыз, әрі бірегейлігіміздің өзегі. Ол бізге бағыт беретін жарық іспеттес», – деп жүректен шыққан ойын білдірді.

ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Саит Юсуф Түрік әлемінің ықпалы шексіз екенін және оның бай мәдениеті мен тарихи мұрасы әлемнің әр түкпірінде өз ізін қалдырғанын әсерлі жеткізді. Түрік мәдениеті мен тарихының жаһандық сахнадағы орны ерекше екенін тағы бір мәрте паш етті.



Ұқсас жаңалықтар