Түрік баспасөзіне шолу
Газеттер маңызды жаңалықтарға орын берген.
Хабер Түрік газеті «Түркия Ливан мен Палестина халқының жанында» деген хабарға орын берген. Хабарға қарағанда, Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесі Президент Режеп Тайып Ердоғанның төрағалығымен жиналды. Кездесуден кейін жасалған мәлімдемеде Израильдің Ливан мен Палестинаға жасаған шабуылдарына назар аударылып, халықаралық актерлерге үндеу жасалды.
Хүрриет газеті «Түркия Сирияда террор дәлізіне рұқсат бермейді» деген тақырыпты қолданған. Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің мәлімдемесінде Сирия аумағында орналасқан террор ұйымдарын залалсыздандыруға бағытталған іс-шаралардың үзіліссіз жалғасатыны және Түркияның ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін кез келген жоспар мен орындалу әрекетіне жол берілмейтіні баса айтылды.
Стар газеті «Өмер Челиктен аймақтық соғыс ескертуі» деген хабарға орын берген. Хабарға қарағанда, Әділет және даму партиясының төраға орынбасары және партияның баспасөз хатшысы Өмер Челик Израильдің Ливанға жасаған шабуылдарына қатысты «Егер геноцид саясаты тоқтатылмаса, аймақтық соғыс болуы мүмкін» деді.
Йени Шафак газеті «Кипр аралына қатысты жиналыс күні нақтыланды» деген тақырып қолданған. Біріккен Ұлттар Ұйымының баспасөз хатшысы Стефан Дюжаррик Кипр аралындағы тараптардың 15 қазанда кездесетінін хабарлады. БҰҰ Бас хатшысы Гутерриш Солтүстік Кипр Түрік Республикасының Президенті Ерсин Татар мен Оңтүстік Кипр Грек Әкімшілігінің басшысы Никос Христодулидисті бейресми талқылауға шақырды.
Сабах газеті «Түрік Әуе жолдары әлемдік алпауытқа айналу жолында» деген хабар жариялаған. Түрік Әуе жолдары Басқарма және Атқару комитетінің төрағасы Ахмет Болат 10 жылда 810 ұшағы бар әлемнің 4-ші ең үлкен әуе компаниясы болуды мақсат еткендерін айтты.