Иранның Израильге зымыран шабуылы

Израиль армиясы елге Ираннан зымыран атылғанын хабарлады.

2193699
Иранның Израильге зымыран шабуылы

Иран кеше кешке Израильге «Шын уәде-2» деп операция шеңберінде зымыранмен шабуыл жасады.

Зымыран шабуылына байланысты елдің түкпір-түкпірінде, әсіресе ел астанасы Тель-Авивте сиреналар іске қосылды.  Халықты «ескертулерге құлақ асып, қауіпсіз жерлерге орналасуға» шақырды. Израиль армиясы зымыран шабуылы аяқталғаннан кейін адамдардың қауіпсіз аймақтардан шығуына болатынын мәлімдеді.

 Израиль армиясының баспасөз хатшысы Даниел Хагари зымыран шабуылынан кейін баспасөз мәслихатын өткізді. Иранның шабуылдарына байланысты барлық жерде «сергек» күйде болғандарын білдірген Хагари: «Бұл (зымыран) атыстың салдары болады, жоспарларымыз бар, біз таңдаған орын мен уақытта әрекет етеміз» деді.

Хагари «Иранға шабуыл жақын арада жүзеге аса ма?» деген сұраққа «олар ең жоғары деңгейде дайындалған» деп жауап берді.

Шабуылдардан кейін Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху әлеуметтік желідегі аккаунтында бейне үндеу жариялады. Иранның шабуылының «сәтсіз болғанын» алға тартқан Нетаньяху Америка Құрама Штаттарына (АҚШ) ұшырылған зымырандарға тосқауыл қоюға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

Нетаньяху Иранның зымыран шабуылын жасау арқылы «үлкен қателік жібергенін» мәлімдеді.

Израиль Сыртқы істер министрі Йисраэль Кац та әлеуметтік желідегі парақшасында Иран үкіметінің «қызыл сызықтан өткенін» және өздерінің үнсіз қалмайтындарын мәлімдеді.

Иран төңкеріс сақшылары «Біз Израильге ондаған зымыран жібердік, егер олар жауап қайтарса, біз оларды тағы бір рет нысанаға аламыз» деп мәлімдеді.  Мәлімдемеде сондай-ақ кеше түнгі шабуылдың Хамас жетекшісі Исмаил Хания, Хизболла жетекшісі Хасан Насралла және ирандық генерал Аббас Нилфурашан қаза тапқан Израильдің шабуылдарына жауап ретінде жасалғаны атап көрсетілді. Шабуылдарға қатысты екінші мәлімдемеде «Шын уәде-2» деп аталатын операцияда «Израиль басып алған Палестина жерлеріндегі стратегиялық әскери нысандар нысанаға алынып, қорғалғанына қарамастан нысаналардың 90 пайыз сәтті соққыға  ұшырағаны» атап көрсетілді.

Иранның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Тұрақты Өкілдігі де әлеуметтік желідегі парақшасында тақырыпқа байланысты хабарлама бөлісті. Иранның «сионистік режимнің лаңкестік әрекеттеріне  орынды және заңды жауап бергені» және Израильдің Иран азаматтарын нысанаға алып, елдің егемендігін бұзғаны айтылды.

Хабарламада «Егер сионистік режим жауап беруге тырысса, одан да жойқын жауап болады» делінген. Ескерту кезінде аймақ елдері мен «режим жақтастарын» Израильмен жолдарды айыруға шақырып, Израильге жасалған шабуылдан бұрын АҚШ-қа ешқандай ақпарат берілмегенін білдірді.

Иран президенті Масуд Пезешкиан елінің Израильдің басқыншылығына заңды құқықтар негізінде жауап қайтарғанын айтып: "Біз агрессивті емеспіз, бірақ қоқан-лоққыларға қарсы табандымыз. Иранмен қақтығысқа түспеңіздер" деді.

Иран мемлекеттік телеарнасының хабарлауынша, Израильге жасалған зымыран шабуылында гипердыбыстық кластағы «Феттах-1» зымырандары қолданылған.

Хабарда «Төңкеріс Сақшылары армиясы алғаш рет радар  және «Arrow 2» және «3» зымырандарына бағыт беретін қорғанысты «Феттах» гипер дыбыстық зымырандарымен жойды” деп айтылған.

Осы арада Иранның астанасы Тегеранның «Палестина» алаңына жиналған мыңдаған адам Иранның Израильге зымыран шабуылын тәкбірлермен қарсы алып, қуаныштарын білдірді. Алаңға жиналған ирандықтар Иран, Палестина, Ливан жалаулары мен Хизболла туын көтеріп шықты.

Олар  Израильдің Бейрутке жасаған шабуылында қаза тапқан Хизболла Бас хатшысы Хасан Насралланың алып плакатының алдына гүл шоқтарын қойып, бір-біріне тәттілер ұсынды.

Иордания Ішкі істер министрлігі  хабарлама жариялап,  Израильге қарсы зымырандар атылған кезде астана Амман, Белка, Зерка және Мадиба мен Керак уәлаяттарына снаряд құлап, 2 адамның жеңіл жараланғанын білдірді.

 



Ұқсас жаңалықтар