Ердоған Палестина халқының қасында екенін айтты

Президент Ердоған Палестина президенті Махмұд Аббаспен кездесуінен кейін ортақ баспасөз мәслихатында сөз сөйледі.

2111595
Ердоған Палестина халқының қасында екенін айтты

Ресми сапармен Анкараға келген Палестина мемлекет басшысы  Махмұд Аббас президент Ердоғанмен кездесті.

Президент Режеп Тайып Ердоған Палестина президенті Махмұд Аббаспен Президенттік кешенінде өткен жеке кездесуінен кейін ортақ баспасөз мәслихатында сөз сөйледі.

Махмұд Аббас пен делегациясын елде қабылдаудан өте қуанышты екенін айтқан Ердоған Түркия мен түрік халқының Палестина мәселесін әрқашан қолдайтынын және жүректерінде Палестинаның ерекше орны бар екенін түсіндірді.

Президент Ердоған «Кездесу барысында Палестинадағы соңғы жағдайды егжей-тегжейлі талқыладық. Палестиналық бауырларымыз өз тарихындағы ең қиын кезеңдердің бірін бастан өткеруде. Израильдің 7 қазаннан бері Газа мен Рамаллада жазықсыз адамдарға қарсы жасаған шабуылдары кесірінен  32 мыңға жуық палестиналық қаза тапты. Сондай-ақ  72 мыңнан астам адам жараланды және 2 миллионға жуық палестиналық үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Қазір 2,3 миллион палестиналық күнделікті тұрмыстық қажеттіліктеріне жете алмай отыр. Израиль Газа халқын аяусыз өлтіріп жатыр. 151 күннен бері  біз ғасырдағы ең үлкен айуандықтардың біріне куә болып отырмыз. Батыс күштерінің қолдауымен Нетаньяху және оның басқаруындағы Израиль әкімшілігі Палестина халқына қырғын жасауда» деп көрсетті.

Палестинадан келген 1000-ға жуық жаралы адамның Түркиядағы әртүрлі ауруханаларда емделіп жатқанын түсіндірген  Ердоған «Нетаньяху мен оның сыбайластары заң мен қоғамдық ар-ұждан алдында төгілген әрбір тамшы қан үшін міндетті түрде жауапқа тартылады» деді.

Қонақ президент Аббас болса «Түркия Палестина халқына қатысты барлық тарихи жауапкершіліктерін бауырластық негізінде ең жақсы түрде орындауда. Біз (Түркияның) Палестина мәселесіне үздіксіз қолдау көрсеткені үшін ризамыз» деді.



Ұқсас жаңалықтар