АҚШ Түркияны қолдайтынын білдірді

Нед Прайсқа Сергей Лавровтың 8 маусым күнгі Түркияға сапары туралы сұрақ қойылды.

1835906
АҚШ Түркияны қолдайтынын білдірді

Америка Құрама Штаттары (АҚШ) Түркияның Ресей-Украина соғысын тоқтатуға бағытталған дипломатиялық талпыныстарын және Украина азық-түлік экспортына шығар жол табу талпыныстарын қолдайтынын білдірді.

Күнделікті баспасөз мәслихатында АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Нед Прайсқа Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың 8 маусым күнгі Түркияға сапары туралы сұрақ қойылды.

Нед Прайс «Біз түркиялық одақтастарымыздың (24 ақпаннан бастап) осы соғысты тоқтатуға, ең алдымен зорлық-зомбылықты азайтуға және сонымен бірге украиндық азық-түлік өнімдерін, оның ішінде Украина бидайын экспорттауды жеңілдету жолдарын табуға бағытталған дипломатиялық күш-жігерін түсінеміз және қолдаймыз» деді.

Түркияның Финляндия мен Швецияның НАТО-ға қосылуына қарсылығына қатысты Прайс бұл тақырыптың Анкара мен Вашингтон арасындағы тікелей екіжақты мәселе емес екенін, мұның НАТО жоғары лауазымды тұлғаларымен қатар Түркия, Финляндия және Швеция талқылап жатқан мәселе екенін айтты.

Баспасөз хатшысы Прайс АҚШ-тың бұл мәселеде Түркиямен кеңесуді жалғастыратынын білдірді.

АҚШ-тың Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Тұрақты өкілі Линда Томас Гринфилд де БҰҰ штаб-пәтерінде өткізген баспасөз мәслихатында Украина порттарында 84 кемеде экспортқа шығуды күтіп тұрған 25 миллион тонна астық бар екенін және Ресейдің астық экспортын жүзеге асыру үшін Украинаға жасалған шабуылдарын тоқтатып,  Украианының да Қаратеңіздегі теңіз миналарын тазартуды қабылдауы керектігін айтты.

Гринфилд жүк тасымалдаушы компаниялар Ресейден астық пен тыңайтқыш экспорттағысы келмейтінін, бірақ бұл өнімдерге санкция салынбағанын мәлімдеді.



Ұқсас жаңалықтар