Түркияның жаңа жер серігі ғарышқа ұшырылды

Түріксат 5 А жер серігі Түркия уақытымен сағат 05:15-те Канаверал ғарыш айлағынан табысты түрде ұшырылды.

1559689
Түркияның жаңа жер серігі ғарышқа ұшырылды

Түркияның жаңа жер серігі – Түріксат 5 А (Turksat 5A) Түркия уақытымен сағат 05:15-те АҚШ-тың Флорида штатының Канаверал мүйісіндегі ғарыш айлағынан табысты түрде ұшырылды.

Түркияның бесінші буын жер серігі – Түріксат 5 А SpaceX компаниясына тиесілі Falcon 9 зымыран тасығышымен ғарышқа көтерілді.

Түркия уақытымен сағат 04:28-де жоспарланған жер серігінің ұшуы қолайсыз ауа-райы себепті шамамен 1 сағат кешіктіріліп, Түркия уақытымен 05.15-те жүзеге асты.

Қатынас және инфрақұрылым министрі Адил Караисмаилоғлу Түріксат А.Қ.-ның (Türksat AŞ) Анкара қаласындағы Гөлбашы қонысында болып өткен жиналыста жер серігінің орбитасына қарай жылжи бастағанын атап, «Түрiксат 5А жер серігінен алғаш сигнал 35 минуттан кейін келді. Жер серігі өз сапарын жалғастыруда. Бұл саяхаты 4 айға созылады. Одан кейін сынақтарымызды өткіземіз және жер серігі іске қосылады» деді.

Караисмаилоғлу 5A жер серігінің артынан 5B және 6А жер серіктерінің ұшырылатынын атап, «Қазір өндірісі аяқталған және сынақтан өткен Түріксат 5B жер серігін маусым айында ұшыруды жоспарлап отырмыз» деді.

Түріксат 6A жер серігімен байланысты жұмыстардың жалғасқанын білдірген Караисмаилоғлу Түріксат 6A-ның да 2022 жылдың алғашқы айларында жоспарланғанын атап көрсетті.

Караисмаилоғлу аталмыш жаңалықтардың жалғасы ретінде ғарышқа адам жіберу жұмыстарының басталатынына назар аударып, жаңа буынның бұл мәселелерге үлкен мән бергенін және бұлардың алдағы уақытта байқалатынын атап көрсетті.

Түріксат 5A жер серігі өзінің маневрлік өмірімен орбитадағы жиілігі мен құқығын 30 жылға қамтамасыз етеді.

Түріксат 5А Түркия, Еуропа, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка, Орталық Батыс Африка, Оңтүстік Африка, Жерорта теңізі, Эгей теңізі және Қаратеңіз аймақтарын қамтитындай телеарна эфирлері таратып, коммуникациялық байланыс қызметтері ұсынады.

Жер серігінің 31 градус шығыс орбитада өз позициясына жетуі шамамен төрт айға созылып, осы жылдың екінші тоқсанында іске қосылуы күтілуде.



Ұқсас жаңалықтар