Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық кеңесінің 12-ші отырысы өтті
Отырыста сауда және экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қарастырылды.
Қырғызстанда Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық кеңесінің 12-ші отырысы өтті. Жиында осы жылдың соңғы 9 айында екіжақты сауда айналымының 1,2 миллиард доллардан асқаны айтылды.
Бішкектегі отырыс Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Қырғызстан министрлер кеңесінің төрағасы, Президент Әкімшілігінің Басшысы Акылбек Жапаровтың төрағалығымен өтті.
Мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген келісімдер аясында сауда және экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қарастырылды. Көлік-логистика, өнеркәсіп, су ресурстары, энергетика және басқа да салалардағы өзара қарым-қатынастарды одан әрі тереңдету мәселелері талқыланды. Үкіметаралық кеңес отырысы барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың оң динамикасын атап өтті. Ағымдағы жылдың 9 айында Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда көлемі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 пайызға өсіп, 1,2 миллиард доллардан асқан.
Сондай-ақ отырыста «Алматы-Бішкек экономикалық дәлізі» бастамасына назар аударылып, Азия даму банкінің гранттары есебінен ұзындығы 280 шақырымдық «Алматы-Ұзынағаш-Кастек-Михайловка-Шолпан-Ата» жаңа бағытының инфрақұрылымын құру туралы шешім қабылданды.
Кездесулер нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын ұлғайту бойынша жол картасы мен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісіммен бірге бірлескен декларацияға қол қойылды.
Сонымен қатар Ыстықкөл облысында орналасқан Қазақстанның демалыс және демалыс-шаруашылық нысандарының меншік құқығын реттеу туралы келісімге қол жеткізілді.