Орталық Азия-АҚШ мемлекет басшыларының С5+1 форматындағы бірінші саммиті өтті

Байденнің ұйымдастыруымен өткен саммитке Тоқаев, Жапаров, Мирзиеев, Рахман және Бердімұхамедов қатысты.

2039860
Орталық Азия-АҚШ мемлекет басшыларының С5+1 форматындағы бірінші саммиті өтті

Нью-Йоркте Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Америка Құрама Штаттарының (АҚШ) мемлекет басшылары қатысқан Орталық Азия-АҚШ мемлекет басшыларының С5+1 форматындағы бірінші саммиті өтті.

АҚШ президенті Джо Байденнің ұйымдастыруымен өткен саммитке Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахман және Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов қатысты.

Алғаш рет өткізіліп отырған саммитте көшбасшылар С5+1 диалогы аясында Орталық Азияның экономика, энергетика және қауіпсіздік салаларындағы егемендігін, тұрақтылығын және өркендеуін одан әрі нығайту бойынша бірлескен жұмыс мәселелерін талқылады.

Саммитте стратегиялық әріптестік, саяси диалог, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары, сондай-ақ Еуразия кеңістігінде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды.

Самарқандта 8 жыл бұрын Орталық Азия елдері мен АҚШ арасында сыртқы істер министрлері деңгейінде құрылған С5+1 форматы мемлекет басшылары деңгейіне көтеріліп, ашық және сындарлы диалог пен тиімді ынтымақтастықты дамытудың маңызды алаңына айналғаны атап өтілді. Басшылар Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы экономикалық ынтымақтастықты, сондай-ақ киберқауіпсіздікті, терроризмді, зорлық-зомбылық экстремизмін, заңсыз иммиграцияны және есірткінің заңсыз айналымын қоса алғанда, қауіпсіздік проблемаларын шешудегі ынтымақтастықты нығайтуға қатысты мәселелерді де қолға алды.

Саммитте сөйлеген сөзінде Тоқаев Орталық Азия мен Ауғанстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Аймақтық тұрақты даму мақсаттары орталығын Алматыда құруда АҚШ-тың қолдауына сенетінін айтты.

Мирзиёев сауда-инвестициялық белсенділікті күшейту, жобалық ынтымақтастық орнату, аймақтағы көлік дәліздерін дамыту, адам құқықтарын қамтамасыз ету, білім беру бағдарламаларын тарату, Ауғанстандағы жағдайды бейбіт жолмен шешуге көмектесу мәселелеріне назар аударды.

Сөз кезегінде Жапаров саммиттің өзара түсіністік пен сенімді нығайту, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін қолайлы жағдай жасауды көздеуі керектігін атап өтті. «АҚШ-пен ынтымақтастық, оның ішінде С5+1 форматы Қырғызстанның сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі болып табылады» деді ол.

Рахман күшейіп келе жатқан қауіп-қатерлер, лаңкестік пен экстремизммен күрес, есірткі саудасы, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Ауғанстандағы саяси жағдай және Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасын қорғау мәселелеріне тоқталып, бұл үдерісте халықаралық қолдау мен ынтымақтастықтың маңыздылығын баса айтты.

Кездесу соңында Орталық Азия елдері мен АҚШ арасында өзара түсіністікті тереңдету және сындарлы серіктестікті кеңейту туралы келісімге қол жеткізілді.



Ұқсас жаңалықтар