Ұлт ұстазына арналған веломарафон

Ернат Мелсұлы Анкараға ат басын тіреді.

1894534
Ұлт ұстазына арналған веломарафон
bisiklet_Kazak_Ernat_Melsulı_Kazakça_kazakca

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арнап белгілі журналист әрі аудармашы, бірнеше кітаптың авторы Ернат Мелсұлы велосипедпен жолға шыққан еді.  Ахмет Байтұрсынұлының туған күні 5 қыркүйекте Алаш арысының кіндік қаны тамған Ақкөлден басталған марафон 17 қазан күні Анкарада жалғасын тапты.

 

5555 шақырым ұзақтықты қамтитын 55 күндік марафонды игеруді мақсат еткен Ернат Мелсұлы Қазақстанның төрт облысы (Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау), Әзербайжан мен Грузияның территориясын басып өтіп, енді міне Анадолы жеріне келіп жетті.

Марафоншы қазанның 12 жұлдызында Түркия жеріне табан тіреді. Ол түрік жерінде Ризе, Трабзон, Гиресун, Орду, Самсун сынды Қаратеңіз аймағындағы қалалардан өтіп, Орталық Анадолы жеріндегі Чорум, Кырыккале өңірлерін жүріп өтті. Артынан бас қала Анкараға жетті.

«Түркияның шекарасына өткен бетте бойымды бірден эйфория кернеді, кәдімгідей көңілім көтеріліп, ыңылдап ән айтып кеттім. Құдды бір өз жеріме келгендей болдым. Бауыр, туыс, түрік, мұсылман ел екенін жан-жүрегіммен сезіндім» деп жазды ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ол өзі аялдаған жерінде ұлт ұстазы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының еңбегін, идеясын насихаттап келеді.  Әрі жүрген жерлеріндегі тұрғындардың салты, тұрмысы туралы да мәлімет жинақтап, оны жолшыбай жариялап келеді.

Анкарада оны жерлестері қызу сезімдермен қарсы алды.  Түркиядағы Қазақстанның өкілетті елшілігінің ұйымдастыруымен бас қаланың Кечиөрен ауданында орналасқан Абай Құнанбайұлының ескерткішінің алдында шара өткізілді.

Аталған шараға Қазақстанның Түркиядағы өкілетті және төтенше Елшісі Еркебұлан Сәпиев пен Кечиорен аудандық әкімі Тұрғыт Алтынок қатысты. Қазақстандық марафоншыны қазақстандық студенттер, зиялы қауым өкілдері, түрік ағайындар жалғыз қалдырмады.

Өзін қарсы алушыларға сәлем берген Ернат Мелсұлы марафонының мақсатын түсіндіре келе, Ахмет Байтұрсынұлының жастарға үлгі болатын ұлы тұлға екенін айтты. Ол өзінің түрік тілін үйрене бастағанын айтып, ескі түркі тілінің қазіргі қазақ тілі екенін байқағанын атап көрсетті. Ернат Мелсұлы түрік жұртшылығына Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолын, ұлт азаттығы жолындағы күресінде басынан кешкен қиыншылықтарын айтып берді. Ол «Халықаралық велошерудің Түркиядағы бөлімінің Анкара төріндегі Абай атындағы саябақта Абай ескерткішінің алдында өтіп жатқаны – өте жарасымды. Велошерудің халықаралық консепциясы Абайда бар. Мысалы:

Жол көрмек,

Жол таппақ,

Жиһан кезбек,

Ғақыл таппақ -

Ержігітке бойды жеңбек.

Бұл велошеру тек спорттық іс-шара емес,  ол рухани-танымдық, идеологиялық іс-шара » деді.

Шарада сөз сөйлеген Кечиорен аудандық әкімі Тұрғыт Алтынок «Абай, Ахмет, Мағжандар – біздің тірегіміз, тамырымыз. Олар түрік әлемінің ұлт азаттық күресінің жауынгерлері, қаһармандарымыз. «Бірлікте рақмет, бөлінуде қасірет бар» деген. Біз түрік әлемі ретінде бірге болсақ, жаңа дүние тәртібін құра алатын күшке иеміз.

Бұл жер – үйіңіз, отаныңыз. Атажұртқа сәлем айта барыңыз» деді.

Сөз кезегін алған Қазақстанның Түркиядағы елшісі Еркебұлан Сәпиев болса «Ахмет Байтұрсынұлы - қазақ халқының ұлы перзенті. Абай Құнанбай қазақ халқының ұлы ойшылы, ақыны. Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған веломарафонның Анкара сатысының ұлы Абай ескерткішінің жанында өткізілуі де мағыналы.  Бауырлас түрік еліне қош келдіңіз. Теміратыңыз бұзылмасын, Алла Тағала түрлі бәледен сақтасын» деп жалғады.

Қазақ велошабандоз Ернат Мелсұлы марафонын түрік жерінде жалғастырады. 

 



Ұқсас жаңалықтар