Қазақстан Тәуелсіздігі Түркия төрінде тойланды

Түркияның бірнеше қаласында  «Сазген» ансамблінің концерті болып өтті.

1744785
Қазақстан Тәуелсіздігі Түркия төрінде тойланды

 

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы ясында бауырлас ел Түркияның бірнеше қаласында  Алматы облысы Сүйінбай атындағы филармониясы «Сазген» ансамблінің концерті болып өтті.

Екі құрлықты байланыстырып тұрған тарихи Стамбул, Мәрмәр теңізінің жәннаты Ялова, 2022 жыл Түркі әлемінің мәдени астанасы болатын Бурса,  бас қала Анкарадағы мерекелік концертті «Көк Ту» қазақ мәдениеті қоғамы Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі және Малтепе, Ялова, Османгази, Мамак муниципалитеттерінің қолдауымен ұйымдастырды.

1 желтоқсан күнінен басталған концерттік сапар астана Анкарада аяқталды. Түркияның төрт бірдей қаласындағы концертте көрермен қауымның қызығушылығы асып түсті. Пандемия кезінде қазақ өнерін, домбыраның күмбірін, ән-күйді аңсаған, концерттік шаралардан алыс қалған Түркиядағы қандастар, білім алушы Қазақстандық студенттер, бауырлас түріктер ерекше ықылас танытты.  

Әсіресе Анкарадағы концертке келген жұртшылық залды толтырып, көптеген түрік бауырлар түрегеліп тұрып тамашалады. 

«Сазген» ансамблінің концерттерінде қазақтың көк байрағы желбіреп, домбыраның үні күмбірлеп, жезтаңдай әншілердің даусы сайрап, бишілер мың бұралып, қазақ өнерін насихаттады.  

1981 жылы Алматы қаласындағы Ықылас атындағы Республикалық  халық  аспаптары музейі жанынан құрылған өнер ошағы да биыл 40 жылдық мерейтойын тойлап отыр.

Іс-шараның бас ұйымдастырушысы «Көк Ту» қазақ мәдениет қоғамы - 2018 жылы Түркия Анкарада құрылып, қазақ мәдениетін, тарихын танытуда, қазақ тілін оқытуда  аянбай еңбек етіп келе жатқан қоғам.



Ұқсас жаңалықтар