Түрік жерінде халықаралық айтыс өтті

Түріксой тарапынан ұйымдастырылған мәдени іс-шараға қазақ, қырғыз, өзбек, әзербайжан және түрік ақындары қатысты.

1727445
Түрік жерінде халықаралық айтыс өтті

Түркияның бас қаласы Анкарада «Қорқыт ата» мәдени орталығында халықаралық ақындар айтысы болып өтті. Түркі әлемінің ортақ құндылықтарының бірі - айтыс өнерін халықтарға таныстыру мақсатында Түріксой тарапынан ұйымдастырылған мәдени іс-шараға қазақ, қырғыз, өзбек, әзербайжан және түрік ақындары қатысты.

«Биыл түркі елдері Тәуелсіздіктерінің 30 жылдығын тойлап жатыр. Осынау атаулы дата аясында Түріксой ұйымы бізге керемет іс-шара сыйлап отыр десек артық айтқаным емес. Ата-бабамыздан мұра болып қалған бекзат өнердің дәл біздің ауданда ұйымдастырылып жатқанына қуаныштымын. Айтысты «Қорқыт ата» мәдени орталығында ұйымдастыруымыздың да сыры мәдени мұрамызға деген құрмет», - деді айтыстың ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Этимесгут ауданының әкімі Энвер Демирел.

Осы мәдени іс-шараның өткізілуіне мұрындық болған Түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы Түріксойдың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов түбі-бір түркі халықтарына ортақ айтыс өнерінің өтуіне жан-жақты қолдау көрсеткен түрік тарапына ризашылығын білдірді.

Айтыстың беташарында Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы да сөз сөйлеп, «Жалпы, айтыс ақындарына қазақтың құрметі қашанда өте жоғары. Ақын халықтың үні, халықтың көкейінде жүрген дүниелерді жеткізуші саналады. Айтысымыздың тағы бір ерекшелігі қыз бен жігіттің арасында да өрбитіндігі. Бұл басқа бір түркі елінде  жоқ десек те болады», - деді.

Айтулы додаға Қазақстан атынан азулы ақындар Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев, Әсем Ережеқызы, Мұхтар Ниязов және Бекарыс Нұриман қатысты. Ал қырғыз елінің намысын Азамат Болғанбаев пен Асылбек Маратов қорғады. Сондай-ақ Әзербайжаннан Рамин Гараев, Өзбекстаннан Бахтиор Артиков, Түркиядан Темел Тураби, Мұстафа Айдын, Яшар Демироғлы ақындар айтысын қыздыра түсті.

Айтыскер ақындар қазақ, түрік, өзбек, қырғыз, әзербайжан тілдерінде тартысқа түсті. Мәселен, Әсем Ережеқызы мен Темел Тураби арасындағы айтыс таза түрік тілінде өтсе, қырғыз бен өзбек ақындарының айтысы екі тілде қатар өрбіді.

Ұйымдастырушы Түріксой өкілдері халықаралық айтыстың келесі жылы Түрік әлемі мәдени астанасы болып сайланған Бурса қаласында да ұйымдастырылатынын білдірді.



Ұқсас жаңалықтар