Елбасы Түркістанда болды

Сапар барысында түркі әлемінің астанасында бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандарды аралады.

1638494
Елбасы Түркістанда болды

Қазақстанның тұңғыш президенті, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласында болды. Сапар барысында ол түркі әлемінің астанасында бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандарды аралады. 

Елбасы сапары барысында Түркістан қаласындағы «Тұңғыш Президент саябағын» абаттандыру нәтижелерімен танысты. Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанда жаңа Музыкалық драма театрдың ашылу салтанатына қатысты. Театрда Елбасы «Шаңырақ» миниатюрасын тамашалады. Сондай-ақ Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырып, БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.

Түркістан қаласына сапары барысында Елбасы Қазақ хандығына арналған мемориалдың ашылу рәсіміне қатысты. Мемориалдың ашылу рәсімі аясында  Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Дала бірлігі» капсуласын салды.  Капсулаға Қазақстанның барлық өңірлеріндегі киелі жерлердің топырағы жиналған.

 «Қазақ хандығына арналған мемориалдық кешен» қазақ хандығының негізін қалаушылардың құрметіне тұрғызылған. Мемориалдың архитектуралық шешімі – биіктігі 7 метрлік сатылы 21 пилоннан тұратын, диаметрі 35 метрге тең киіз үй бейнелі композиция.

Сәулет кешенінің орталық бөлігіндегі гранит тұғырда хандар ұстайтын асатаяқ пішіндес, биіктігі 12 метрге тең стела орнатылған. Оның түбінде төрт таутеке мүсіні бар. Орталық композицияны ішкі жағынан ұзындығы 28 метрлік «Қазақ хандығының тарихы» барельефі қоршап тұр.

Бұдан бөлек елбасы Түркістанда «Яссы» ботаникалық бағының даму жоспарымен танысты. «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығы аумағында орналасқан этноауылға ат басын бұрды.



Ұқсас жаңалықтар