Анкарада Наурыз

Түркі халықтары Наурызды Анкарада бірге тойлады.

1605762
Анкарада Наурыз

Түркі халықтары Наурызды Әз-Анкарада бірге тойлады

Түркияның бас қаласы Анкарада Кечиөрен аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен, Қазақстан, Ауғанстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Пәкістан елшіліктерінің қатысуымен Наурыз мерекесіне орай салтанатты шара өтті.

Мерейлі шараға Кечиөрен аудан әкімі Тургут Алтынок, аудан губернаторы Уғур Булут, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түрксой Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, қатысушы мемлекет елшілері, аудан мәслихаты депутаттары, қала тұрғындары, қазақ диаспорасы мен студенттері және БАҚ өкілдері қатысты.

Алқалы жиынның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Елші А.Сапарбекұлы Ұлыстың ұлы күні- Наурыз мейрамы күллі түркі әлемінің ортақ төл мерекесі екенін баса айтып, тамырлы тарихымыздан сыр шертті. Күн мен түннің теңескен күні, жаңа жылдың бастауы екенін атап өткен А.Сапарбекұлы Қазақстан-Түркия ынтымақтастығы мәңгі болсын деп тіледі.

Наурыз тойы барысында жергілікті тұрғындар үшін қазақтың киіз үйі тігіліп, халқымыздың бай мұрасы насихатталды. Қонақтарға наурыз көже таратылып, салт-дәстүрлеріміздің тарихы таныстырылды.

Сондай-ақ Қазақстаннан ат арытып келген, Түркияда өткен «Мен жұлдыз боламын» жарысының жеңімпазы Балжамал Нұрлыбекқызы қазақтың әсем әуенімен жиналған қауымды өнеріне тәнті етті. Сонымен қатар Түркиядағы қазақ тәлімгер Ғайнолла Алматов «Көроғлы» және «Балбырауын» күйлерін Анадолы жұртына орындап берді.

Мәлімет пен сурет Қазақстан елшілігінің баспасөз қызметінен алынды.



Ұқсас жаңалықтар