Анкарада ұлы тұлғалар ұлықталды

Елшілікте «Ұлы Даланың Ұлы тұлғалары Абай, Фараби және Жамбыл» атты іс-шара өтті.

1588676
Анкарада ұлы тұлғалар ұлықталды

 

22 ақпан күні Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, Халықаралық Түркі Академиясы және Еуразия Жазушылар Одағының ұйымдастыруымен «Ұлы Даланың Ұлы тұлғалары Абай, Фараби және Жамбыл» атты іс-шара өтті. Бұл жиын адамзаттың екінші ұстазы Фарабидің туғанына 1150 жыл және ұлы ойшыл Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай 2020 жылы басталған еске алу шараларының үйлесімді жалғасы болды.

2021 жылы ұлы дала ақындық дәстүрінің көрнекті өкілі Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толып отырғаны мәлім.

Түркияның бас қаласындағы іс-шарада сөз сөйлеген Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы 2020 Фараби және Абай жылы аясында Түркияда қыруар шаруа атқарылып, көшелерге, парктер мен түрлі мекемелерге дала данышпандарының аттары берілгенін, ескерткіштері ашылғанын, кітаптары түрік тілінде жарық көргенін жеткізді. 2021 жылы Жамбылдың мұрасын таныту жылы болатынын айтқан елші ақынның шығармаларын қазақ халқының мәдени энциклопедиясы және рухани қазынасы ретінде сипаттады.

2021 жылдың бүкіл түркі әлемі үшін маңызды мерейтойларды атап өтетін жыл болатынын еске салған Сапарбекұлы ең біріншіден еліміздің тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойының тойланатынын айтты. Елші Түркияның Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш мойындаған ел екенін айтып, «Осыған байланысты Түркияда біз кең ауқымды іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз» деді.

Сөз кезегін алған Халықаралық Түркі Академиясының Президенті Дархан Қыдырәлі түрік халқына атажұрт Қазақстанның ыстық сәлемін жеткізе отырып, әлемдік пандемияға қарамастан, Абайдың мерейтойының Түркияда өте ауқымды тойлануының түрік халқының Қазақстанға деген ықыласының көрсеткіші болып табылатынын айтты. «Ахмет Яссауи, Сұлтан Алпарслан, Хажы Бекташ Вели, Ахи Евран, Фараби, Абай және Жамбыл – біздің ортақ құндылықтарымыз» деп айтқан Қыдырәлі осы тұлғалар арқылы Түркі әлемінің бірлігі нығайып келе жатқанына назар аударды.

Еуразия Жазушылар Одағының Төрағасы Якуп Өмероғлу Абай, Фараби және Жамбылға арналған осы іс-шара болған күні Анкарада данышпан Тоныкөктің ескерткішінің ашылуын жақсылықтың бір нышаны деп жорыды. Өмероғлу «Дала әдебиетінің ұлы ақыны Жамбыл» кітабының авторы Мырзатай Жолдасбековтың өз еңбегінде Орхон ескерткіштері мен Жамбылдың ақындық дәстүрі арасындағы сабақтастықты паш еткенін мәлімдеді.

Іс-шарада сөз сөйлеген Түріксой Бас Хатшысы Дүйсен Қасейінов тек қазақтар үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін маңызды қайраткерлер болып саналатын Абай, Фараби және Жамбылды еске алу жиынына қатысуды үлкен мәртебе деп білдірді.  Қасейінов сөз барысында 2020 Абай мен Фараби жылына арналған іс-шаралар туралы ақпарат берді. Фарабидің музыка туралы кітабының араб тілінен түрік тіліне аударылып жатқанын жеткізген бас хатшы шығарманың жақында оқырмандарымен қауышатынын айтып, сүйінші берді.

Салтанатты сөздерден кейін Мырзатай Жолдасбековтың «Дала әдебиетінің ұлы ақыны Жамбыл» кітабының түрікшеге аударылған нұсқасының тұсаукесері болды. Осыдан кейін 2020 жылы Абай мен Фарабидің Түркияда танылуына үлес қосқан ғалымдар, журналисттер мен мемлекеттік қайраткерлер ҚР Президентінің, Халықаралық Түркі академиясының, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және Қазақстан Елшілігінің алғыс хаттары және медальдарымен марапатталды.

 

Мәлеметтер мен суреттер Қазақстан елшілігінен алынды. 



Ұқсас жаңалықтар