Анкарада "Абай" медальдері табыс етілді

ТҮРІКСОЙ Бас хатшылық ғимаратында «Абайды түсіну» альбомының тұсаукесері мен «Абай» медалімен марапаттау салтанаты болды.

1559179
Анкарада "Абай" медальдері табыс етілді

Анкарада «Абайды түсіну» альбомының тұсаукесері және «Абай» медалімен марапаттау салтанаты өтті.

6 қаңтар күні  Түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы ТҮРІКСОЙ мен Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы елшілігінің ұйымдастыруымен Анкарадағы ТҮРІКСОЙ Бас хатшылық ғимаратында «Абайды түсіну» альбомының тұсаукесері мен «Абай» медалімен марапаттау салтанаты болды.

Жиналыстың ашылуында сөз сөйлеген ТҮРІКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына байланысты жыл бойы көптеген іс-шаралар ұйымдастырылғанын мәлімдеп, осы жылдан кейін де Абай мұрасының игеріле беретінін айтты.

Жиналыста сөз сөйлеген Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу Түркі әлемінің Ақсақалы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Халқымыздың мықты болуын, өсіп-өнуін қалайтын әрбір азамат Абайды оқуы керек, Абайға құлақ асуы керек» деген сөздерін еске түсіріп, «Өмір бойы заңсыздықты және әділетсіздікті сынап өткен Абай Атамыз туралы Елбасының айтқан құнды кеңесін бүкіл адамзат, әсіресе түрік халықтары жүзеге асыруы керек», - деді.

Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Сердар Чам 2021 жылдың бірінші аптасында өткізілген бұл іс-шара жақсылыққа бастасын деп тіледі және осы жерден алынған шабытпен жыл бойы Абайды насихаттау жұмыстарының еселеп жалғаса беруіне тілектестік білдірді.

Бас қосуда сөз сөйлеген Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы ғасырлар бойы бір-бірінен алшақ тұрған түріктердің бір-біріне жақындауында және ортақ құндылықтар айналасында ұйысуында тарих, мәдениет, тіл мен діннің, сондай-ақ ұлы тұлғаларды танудың маңызды болып табылатынын айтты.

2020 Абай жылын қорытындылаған Елшісі мырза Түркияда саябақтарға, көшелер мен даңғылдарға Абай аты беріліп, ескерткіштер орнатылғанын және бұл іс-шаралардың 2021 жылы жалғаса беретініне назар аударды.

Баяндамалардан кейін Абай медальдарын табыс ету рәсімі өткізілді. ТҮРІКСОЙ Абай медалімен

Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу,

Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы,

Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Сердар Чам,

Анкара қаласы Кечиөрен ауданының әкімі Тургут Алтынок,

Анкара қаласы Гөлбашы ауданының әкімі Рамазан Шимшек,

Чорум облысы Искилип ауданының әкімі Али Сүлік,

Ахмет Яссауи университетінің Өкілетті кеңесінің төрағасы Мухиттин Шимшек,

TRT AVAZ координаторы Седат Сагыркая,

Қазақстан Республикасының Невшехирдегі Құрметті консулы Халил Улуер,

Еуразия жазушылар одағының Төрағасы Якуп Өмероғлу,

Мүсінші Мұрат Мансұров,

Мүсінші Қамбар Омаров марапатталды.

Медаль иегерлеріне Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі тарапынан естелік сыйлықтар да табысталды.

 

Мәліметтер мен суреттер Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің баспасөз қызметінен алынды. 



Ұқсас жаңалықтар