Осман Ғазы

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 1

1359786
Осман Ғазы

Түркі әлемінің батысындағы түріктердің құрған ең ірі мемлекеті Осман империясы болғандығында дау жоқ. Азия, Еуропа және Африка құрлықтарын билеген бұл алып ел алты ғасыр өмір сүрді. Аңыз бойынша бұл елдің бастауында он үшінші ғасырдың басында моңғол шапқыншылығынан қашып, Түркістаннан Анадолыға келген оғыздардың қайы руының көсемдері Сүлейманшах пен Ертұғрыл тұр. Дегенмен де көпшілік халық Ертұғрылдың ұлы Османды көбірек біледі. Бұның себебі дәл осы Османның кезінде қайылар Селчуклы мемлекетінің құрамында жеке бір бейлік болып өз шаңырағын көтерді. Олай болса бүгінгі бағдарламамызда Осман империясының негізін қалаған Осман Бейдің өміріне тоқталамыз.

Қалыптасқан дәстүр бойынша, Осман Бей және оның аталары оғыздың қайы руынан шыққан деп есептеледі. Алайда бұл пікірге Зеки Велиди Тоған бастаған бір топ тарихшы ғалым күмәнмен қарайды. Бұның екі себебі бар. Біріншіден, Шыңғыс хан Ұлы даладағы рулардың басын қосып, әлемді жаулау жорықтарын бастаған кезде Түркістанда «оғыз» атауы жоқ еді. Түркістан мен Иранды билеп тұрған Хорезмшах мемлекетінде негізінен қыпшақтар мен қаңлылар өмір сүріп жатқан. Шындығын айтқанда Шыңғыс хан осы екі топтың арасындағы алауыздықты қолданып, табысқа жетті. Олай болса Шыңғыс ханнан қашқан рулар тек оғыз ғана емес, қыпшақ не қаңлы болуы да мүмкін. Екіншіден, тарихи деректерге сүйенсек, 1230 жылы Анадолы Селчук мемлекетінің билеушісі Сұлтан Алааддин Кейқұбат пен Хорезмшах қолының басын қосып Тебриз қаласында өз елін құрған Жәлеледдин Мәңгіберді Хорезмшахпен болған шайқаста Осман Бейдің аталары Хорезмшах жағында емес, Селчук сапында соғысады. Осы жағдайларға қарағанда, Осман империясының негізін қалаған қаңлы руы болуы мүмкін. Бұл пікірді Шәкәрім Құдайбердіұлы да өз шежіресінде жазады.

Ұлы тұлғамыздың аты туралы да әр қилы мәліметтер бар. Сол кезеңнің Византия деректерінде Осман Бейдің аты «Атоуман» және «Атыман» болып өтеді. Осы дерекке сәйкес кейбір ғалымдар ұлы тұлғамыздың шын аты Атман немесе Атаман болған болуы мүмкін деген болжам айтады. Өйткені ол кезде «Осман» деген ат Анадолы немесе Түркістанда кеңінен таралған ат емес. «Атаманның» «Османға» өзгеруі Түркістаннан жаңа келген бұл толқынның Ислам дінін негізгі идеология ретінде қабылдауымен байланысты болуы мүмкін. Дегенмен бүгін ұлы тұлғамыздың аты ресми тарихта Осман болып қабылданғандықтан, біз де осы атты қолданамыз.

Ұлы тұлғамыз 1258 жылы Сөгүт қаласында туылған. Әкесі Ертұғрыл Ғазы қайылардың ру басы болып табылатын. Түркістаннан келген бұл жаңа толқын алдымен Анкара айналасына орналасты. Ертұғрыл Ғазының ерлігіне байланысты Сұлтан Алааддин Кейқұбат оған «ұш бейі» яғни шекара қорғаушысы атағын беріп, Селчук елі мен Византия арасындағы аймаққа орналастырды. Қайылар Сөгүтте қыстап, Доманичті жайлап көшіп қонып жүрді.

1281 жылы Ертұғрыл Бей 90 жасында қайтыс болғаннан кейін қайылардың арасында билікке талас басталды. Осы таласта Осман көкесі Дүндармен соғысты. Жастардың көпшілігі жас билеуші қалағандықтан бұл таласты ұлы тұлғамыз жеңіп, қайылардың ру басы болып сайланады. Осыдан бастап, Осман Бей Византия қамалдарын бағындыруға кірісті. Алайда 1283 жылғы Инегөл қамалына болған алғашқы жорығы сәтсіз аяқталды. Бұл жорықта інісі Сарыханның ұлы Байқожа қайтыс болды. 1284 жылы Осман Бей 300 кісілік қолымен Инегөл маңындағы Эмирдағ тауы етегіндегі Құлажа хисар қамалына шабуыл жасап, қаланы алады. Бұл османлылардың алғашқы бағындырған қамалы болды. 1286 жылы Инегөл мен Қаража хисардағы Византияның біріккен күштері мен Осман Бейдің әскерлері арасында Доминич жазығында шайқас болды. Осы шайқаста жеңіске жеткен Османның жасағы үстемдікке қол жеткізді.

1298-1299 жылдар аралығында Осман Сөгүт қаласы айналасындағы біраз қамалды алып, өз аумағын кеңейтті. Осман Бейдің бұлай күшеюі Билежіктегі Византия әмірінің үрейін қашырды. Сондықтан да ол ұлы тұлғамызды баласының тойына шақырып, сол жерде оған тұзақ құрып оны өлтіруді жоспарлады. Алайда Харманкаядағы Византия әмірі Осман беймен дос болғандықтан бұл тұзақ туралы Османға хабар жеткізді. Бұл хабарды алған ұлы тұлғамыз «ойын ішінде ойын» деген айла қолданып, Билежік қамалын алады. Бұл айлаға сәйкес Осман Бей қырық жігітті әйел киімімен қамалға кіргізеді. Осы жігіттер қала билігін басып алады. Осы арада Османның жігіттері келе жатқан келін керуенін де қолға түсіреді. Холофира деп аталатын келінді Осман Бей олжалап, оны баласы Орханға әпереді. Билежік пен Ярхисар қамалдарын алған ұлы тұлғамыз өз шаңырағын көтеріп, елдігін жариялайды. Сондықтан да 1299 жыл Османлы Империясының құрылған жылы болып саналады.

Изник қамалының маңында Йенишехир яғни Жаңашахар деген қамал тұрғызған Осман Бей өз астанасын осында көшіреді. Бұл жағдай Византияның Османға қарсы қалың қол жіберуіне себеп болады. Біріккен Византия қолы мен Осман бейдің жасағы 1302 жылы Изник маңында жолығады. Бұл шайқаста жеңіске жеткен ұлы тұлғамыз Мәрмәр теңізіне дейінгі аймақты өзіне қаратады. Осман Бейдің ең соңғы жорығы Бурса қаласына қарсы болады. Қаланы бағындырған ұлы тұлғамыз бұл жерді өз астанасы қылып жариялайды.

Қорыта айтқанда, Осман Бей әкесі Ертұғрыл бастаған ісін әрі қарай жалғастырды. Ұлы тұлғамыз өз жорықтарын дін атымен жүргізгендіктен «Ғазы» деген атақты алды.  



Ұқсас жаңалықтар