Ұрықты Ноян

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 50

1346952
Ұрықты Ноян

Елхан билігі кезінде Анадолыға жалайырлардың көптеп келгені белгілі. Атап айтқанда жалайыр Ілге ноянның ұрпақтары бұл өңірде ықпалды болды. Әсіресе оның Ұрықты деп аталатын ұлы аймақта өз ізін қалдырды.

Ұлы тұлғамыз Ілге ноянның сегізінші ұлы болып табылады. Тарихи деректерде оның есімі Құлағу ханның Бағдатқа шабуыл жасау кезінде алғаш рет өтеді. Ал одан бұрынғы өмірі туралы көп мәлімет жоқ. 1257 жылы Құлағу хан Бағдатқа шабуыл жасау үшін Тебризде ордасын тіккен кезде атақты қолбасшыларымен бірге Ұрықты ноян да ханмен еріп жүрді.

Бағдад қоршауы жалғасып жатқанда Құлағу хан Ұрықты ноянға сол кезде күрд топтарының қолында болған Эрбил қамалын басып алуды тапсырды. Ұрықты ноян өзінің басқаруындағы әскерлермен Эрбил бекінісінің алдына келгенде, моңғолдардың жалпы саясатына сәйкес қала билеушісі Таджеддин Эрбилиге елші жіберіп, оны қамалды тапсырып, Құлағуға мойынсұнуға шақырады. Алайда Таджеддин Эрбили оң жауап бермейді. Сондықтан қала қоршауға алынды. Содан кейін Таджеддин Эрбили қамалдан шығып, Ұрықты ноянның қасына сыйлықтармен келді және қоршауды алып тастауды сұрады. Дегенмен қамалды тапсырғысы келмеген Таджеддин Эрбили қалаға оралып, қамалдың қақпасына келді. Алайда күрд ақсақалдары оны бекініске кіргізбей қояды. Таджеддин Эрбили ұзақ уақыт қамалға кіре алмай амалсыз Ұрықты ноянның қасында қайта келеді. Ұрықты ноян оны Құлағудың ордасына жібереді. Осы оқиғадан кейін Таджеддин Эрбили кінәлі деп табылып, өлтірілді.

Ұрықты ноян Эрбил қамалын қоршауды жалғастырып, оған шабуыл бастайды. Алайда, қала өте жақсы қорғалған және қамалдардың биік болуына байланысты қамалды жаулап алу оңай болмайды. Осыдан кейін Ұрықты ноян бұрынырақ моңғол билігін мойындаған және одақтас болып табылатын Бедреддин Лулудан көмек сұрады. Бедреддин Лулудың кеңесімен ұлы тұлғамыз жаздың ыстығында қаланы қоршауға алуды жалғастырды. Эрбил халқы аштық пен сусыздыққа шыдамай ақырында 8 айлық қоршаудың соңында қамалдың қақпаларын ашады. Осыдан кейін Ұрықты ноян қала қабырғаларын қиратып, әкімшілікті Бедреддин Лулуға қалдырды.

Ұрықты ноян Эрбил қамалын басып алғаннан кейін, Құлағу ханмен бірге Халепті жаулап алу жорығына қатысты. 1258-1259 жылдары Құлағу хан Халеп пен Шамды жаулап алу үшін әрекет жасады. Халепті алдымен қоршауға алған Құлағу хан қала тұрғындары өз еріктерімен мойынсұнбағандықтан оны күшпен басып алып, бір апта бойы қаланы тонап, қиратты. Осы кезде Ұрықты ноян қаланың «Бабул-Яхуд» деп аталатын қақпасының алдында қызмет етті. Қала әкімшілігі Фахреддин Сакиге берілді.

Бағдадты басып алғаннан кейін Құлағу хан баласы Ешмут пен Ілге ноянға Мейяфарикинді басып алуды тапсырды. Қаланы алу оңай болмайтындығы байқалғаннан кейін Құлағу оларға көмекші күш ретінде Ұрықты ноянды жіберді. Екі жылға созылған ұзақ қоршаудан кейін Мейяфарикин қамалы алынды.

Осыдан кейін Құлағу баласы Ешмутпен бірге Ұрықты ноянға Мардинге шабуыл жасауды тапсырды. Ешмут пен Ұрықты ноян Мардин қаласының алдына келгенде, олар қамалдың биіктігі мен беріктігіне таң қалды. Ұрықты ноян бекіністің билеушісі Мелик Саидқа елші жіберіп, егер ол Құлағу ханға бағынып, мойынсұнса, адамдар мен олардың мүліктеріне қол тигізбейтінін айтты. Мелик Саид «ел» болуды армандайтынын, бірақ оларға сеніп, мойынсұнған адамдарды өлтіргендіктен оларға деген сенімін жоғалтқанын мәлімдеп, берілуден бас тартты. Содан кейін Ұрықты ноян катапультты орнатуға тапсырыс беріп, соғыс басталды. Сегіз ай бойы қақтығыс жалғасты.

Монғолдар бекіністі оңай ала алмайтындықтарын түсінгеннен кейін оларды аштық пен сусыздық арқылы мәжбүрлеу үшін Дунейсер және Эрзенді тонады. Ақыр соңында, қалада аштық басталып, күн сайын көптеген адамдар аштық пен обадан өлді. Осы кезде Мәлік Саид те ауырып қалды. Мелик Саидтың үлкен ұлы Музаффереддин әкесіне қаланы қорғаудың мүмкін еместігін және қамалдың қақпаларын ашып, моңғолдарға берілу керектігін айтты. Бірақ Мелик Саид мұны қабылдамады. Дегенмен көп ұзамай ол қайтыс болды. Мелик Саид қайтыс болғаннан кейін, Музаффереддин Ұрықты ноянға қамалды қорғайтын ешкім қалмағанын және қаланы тапсыратынын хабарлады. Осыдан кейін соғысты аяқтаған Ұрықты ноян Мұзафереддин мен інісін барлық туыстарымен бірге Құлағу ханның ордасына жіберді. Құлағу хан оны кешіріп, оған Мардин қаласының әкімшілігін берді.

Құлағу ханның кезінде маңызды қолбасшылардың бірі болған Ұрықты ноян Құлағу өлгеннен кейін таққа отырған Абақ ханның билігі кезінде де өзінің беделі мен мансабын сақтап қала берді. Абақ хан таққа шыққан уақытта «суқұрушы» деген лауазымда болған Ұрықты ноян 1275 жылғы құрылтайдан кейін інісі Тоқ Бітікші ноян және Сұлдыз руынан шыққан Тудауын ноянмен бірге Анадолыға әмірші болып тағайындады. Ол жерде жалайыр күштерінен тұратын түменнің қолбасшысы болып қызмет еткен ұлы тұлғамыз Кония-Караман аймағына қоныстанды және Кония өңірінің әкімшілігінен жауапты болды.

Ұрықты ноян екі жылға жуық Анадолыда әмірші болды. Сол кезде 1277 жылы Мысыр  мәмлүк мемлекетінің билеушісі сұлтан Байбарыс Анадолыға жорыққа шыққандығы туралы хабар келді. Ұлы тұлғамыз аймақтағы моңғол күштерімен бірге мәмлүктерге қарсы шығу үшін оның алдынан шықты. Екі жақ Елбистан жазығында кездесті. Шайқаста моңғол жағы жеңілді. Соғыста моңғол әскерінің көп бөлігі қаза тапты. Ұрықты ноян бірнеше моңғол қолбасшыларымен бірге осы шайқаста қаза тапты.



Ұқсас жаңалықтар