Алынжақ Ноян

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 47

1338713
Алынжақ Ноян

1256 жылы Төленің ұлы және Ұлы Қаған Мәңгінің інісі Құлағудың Иран жеріне қалың қолмен келуі және 1258 жылы Бағдаттың алынуы аймақта жаңа мемлекеттің құрылғандығының белгісі еді. Бұл мемлекет уақыт өте келе, Елхан мемлекеті деп атала бастады. Бұл ел тек Иран мен Араб әлемін ықпал етіп қоймады, сонымен қатар Түркі әлеміне де әсер етті. Әсіресе, Анадолыдағы Селчук мемлекетінің мұрагерлері Елхан мемлекетінің бақылауында болды. 1243 жылғы Көседағ шайқасы және 1256 жылғы Байжу Ноянның Конияны алуы Анадолы түріктерінің моңғоларға толықтай бағынғандығын білдірсе, Елхан билігінің Кіші Азияда орнығуына негізгі үлесті Алынжақ Ноян қосты. Олай болса бүгінгі бағдарламамызда Елхандардың Анадолыдағы әміршісі Алынжақ Ноян туралы сөз қозғаймыз.

Алынжақ Ноян Моңғолдардың Анадолыға тағайындаған алғашқы әкімі емес еді. Анадолыдағы маңызды қолбасшы Байжу Ноян қайтыс болғаннан кейін оның орнына Қожа Ноян тағайындалды. Бірақ Қожа Ноян Байжуға қарағанда, қатыгез және ымырасыз адам болатын. Осыған байланысты Селчуклы сарайындағы мемлекеттік қайраткерлер оның көзін жоюға шешім қабылдады. Осы жоспарға сай, Перване Низамеддин Хұршид бір ретін тауып, оның ішімдігіне у қосып өлтірді. Осы әрекеті үшін Низамеддин Хұршид өлім жазасына кесілді де, оның орнына «Перване» болып, Мұғинуддин Сүлейман тағайындалды.

Анадолыдағы орталық биліктің әлсіреуіне байланысты Селчуклы ұрпақтары бір-бірімен тақ таласын жүргізе бастады. Атап айтқанда, ІІ Іззеддин Кейқауыс пен IV Рукнеддин Қылышарслан соғысып жатқан болатын. Екі жақ та Елхан нояндарын өз жағына тартуға тырысты. Ақырында Перване Сүлейманның жақтасы сұлтан Қылышарслан ноян Баянның қолдауын алған Іззеддин Кейқауыстан жеңіледі. Осы жеңілістен кейін Перване Анадолыдағы бассыздықты тоқтатуы үшін Құлағу ханға барып жолығып, оны жаңа бір әмірші тағайындауға көндіреді. Артынша, Құлағудың тағайындаған Алынжақ Ноян он мың әскермен Анадолыға кіріп келеді.  

Алынжақ Ноянның шыққан тегі Керей елі болып табылады. Әкесі Ясауыр Бақсы деген кісі еді. Бұл Ясауырдың Сирияның моңғол билігіне өтуіне үлес қосқан ноян болып болмағандығы анық емес. Десе де, Анадолы сияқты маңызды жерге Алынжақтың тағайындалуы тек өзінің ғана емес, аталарының да маңызды қолбасшы болғандығын көрсетеді. Ұлы тұлғамыздың керей болуы моңғол билігі кезінде Түркістан мен Ұлы даладағы түрік руларының Анадолыға одан әрі көп келе бастағандығын көрсетеді.

Алынжақ Ноян Анадолыда қызмет еткен уақытында Токат қаласындағы IV Рукнеддин Кылышарслан мен Кония қаласындағы II Іззеддин Кейкавустың бітімде болуын қадағалады. Дегенмен ұлы тұлғамыз өз ордасын Тоқаттың Кап жеріне тікті. Алынжақ Ноянның Сұлтан Кылышарсланның астанасына жақын орналасуы Елхан нояндарын өзінің мүддесін жүзеге асыру үшін пайдаланғысы келген Перване Сүлейман үшін маңызды мүмкіндігі болды. Перване сұлтан Іззеддин Кейқауысты құлату үшін көп күш жұмсады. Осы мақсатта Перване Кониядағы сұлтан Кейқауыстың Елхан билігіне қарсы бүлік ұйымдастырып  жатқандығын және мысырлықтардан көмек сұрағанын хабарлап Құлағу ханға хат жазды. Бұл жаңалықты алған хан Алынжақ ноянға Сұлтан Кейқауысқа қарсы жорыққа аттануға тапсырма берді. Перване де ноянның қасында соғысқа дайындықты бастады.

Алынжақ Ноян мен Перване Сүлейманның қолы Конияға жеткенде, Сұлтан Кейқауыс әлде қашан Ыстанбұлға қашып кеткен болатын. Осылайша сұлтан Рукнеддин Селчуклы сұлтаны ретінде таққа шықты. Дәлірек айтқанда, осылайша Перване Сүлейман Алынжақ Нояннан кейінгі ең ықпалды адамға айналды.

Селчуклы билігінің одан әрі әлсіреуі өңірдегі бейлерді дербес әрекет етуге итермеледі. 1261 жылы Қараманұлдарының көтерілісі бұрқ ете қалды. Алынжақ Ноян Анадолыдағы моңғол әскерлерінің қолбасшысы ретінде бұл көтерілісті басты. Осы оқиғадан кейін ұлы тұлғамыз Анадолыдан кетпеді және осы қызметте 1265 жылға дейін қалды.

Ноян көптеген көтерілістерлі жаншып қана қоймай, Ахи яғни қала кәсіпкерлері мен көшпенді Түрікмендерді көтеріліске шақырды деген айыппен көптеген ғалымдарды өлтірді. Осы жерде Муғинуддин Перваненің көп айласы болғандығын айта кетуіміз керек.  Перване ноянның күшіне сеніп, Анадолыдағы барлық қарсыластарын биліктен ығыстырды. Ол бұл ғалымдарға жала жауып, оларға өлім туралы бұйрық беріп, Алынжақ Ноянға жіберді. Ноян да бұйрықтың негізінде бұл адамдарды өлтіртті. Бірақ Ноян осы маңызды ғалымдарды өлтіргеннен кейін, жаман түс көріп оянады. Ол түсіне қарап, өлтірілген адамдардың тегін адамдар емес екендігін ұғынады. Тіпті құрбан болғандардың қабірлерінде жарық белгілерін көріп, мұның бәрін тудырғаны үшін Муғинуддин Перванеге ауыр сөздер айтады.

Қорыта айтқанда, Алынжан Ноянның әкімдігі кезінде Анадолыда Елхан билігі  орнығады. Құлағу хан ұлы тұлғамызды Анадолыға әмірші қылып тағайындағаннан бастап, ноян Анадолыдағы бейлермен бірге әрекет етеді. Ол өңірдегі Перване сияқты билеушілердің тілектерін орындап, моңғолшыл бейлердің күшеюіне жағдай жасады. Осының нәтижесінде Елхан билігі нығая түсті. Алынжақтан бастап, елхандық нояндар Анадолыдағы Селчуклы сұлтандардың тақ таласына араласып, қажет болған жағдайда Ұлы ханның рұқсатын алып, өздері қаламайтын сұлтандарды құлатып, өздеріне ұнаған қуыршақ сұлтандарды таққа шығарып отырды. Басқаша айтқанда, Алынжақ Ноян тарихтың жаңа бір бетін ашты. Ал бүгін Анадолы мен Оңтүстік Кавказда Алынжақ деп аталатын жерлер кездеседі. Мысалға, Диярбакырдың Бисмил ауданында Алынжақ аулы бар болса, Нахчиванның Алынжақ деген қамалы бар. Бұл жер атаулары ұлы тұлғамыздың кезінде маңызды қайреткер болғандығын көрсетіп тұр.



Ұқсас жаңалықтар