Шормаған Ноян

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 45

1338703
Шормаған Ноян

Он үшінші ғасырдың басында Шыңғысханның далалық түрік және моңғол рулардың басын қосып, алып ел құруы бүкіл Еуразия тарихы тұрғысынан маңызды оқиға болды. Ұлы қағанның ұлдары мен немерелерінің шайқас алаңындағы жетістіктерінің нәтижесінде Ұлы дала империясының шекарасы Анадолыға келіп тірелді. Осы жағдайға байланысты он үшінші ғасырдағы Түркия тарихын Шыңғысхан империясынан бөлек қарастыруға болмайды. Бүгінгі Түркия қоғамының пікірінде моңғол шапқыншылығы мен Құлағу Хан және оның мұрагерлерінің Анадолыдағы нояндары болымсыз бейнеде болса да, айналып келгенде, бұл кезең Түркі өркениеті тарихының бір бөлшегі болып саналады. Олай болса бүгінгі бағдарламамызда Анадолы Селчук мемлекетінің ыдырап, орнына бейліктердің құрылу кезеңінде өңірде ықпалды болған нояндарды қарастырамыз. Осы нояндардың ең алғашқысы Шормаған ноян болып табылады.

Ұлы тұлғамыздың қашан және қайда туылғаны белгілі емес. Ал қайтыс болған жылы мен жері белгілі. Ол 1242 жылы солтүстік батыс Иранда қайтыс болды. Бұл кезең мен бұл жер моңғолдардың Анадолыға жақындап қалғандығын көрсетеді. Ұлы тұлғамыздың аты кейде Шормаған, кейде Шормағын болып, тіпті кейді Шорман болып өтеді. Жас кезінен Шыңғысханға қызмет еткен тұлғалардың бірі. Шыққан тегі сөнит руы болып табылады. Ол Шыңғысхан және оның отбасының қауіпсіздігіне жауапты «кәшик» яғни «кезек» жасағының мүшесі еді. Рашидәддиннің айтуынша, ол «қоршы» деп аталатын «қорамсақ тасып жүретін әскер» болған.

Үгедей таққа шыққаннан кейін Шормаған ноян 1229 жылы шамамен бес түмен қолмен Иранға аттандырылды. Оның міндеті Хорезмшах мемлекетінің соңғы мұрагері Жәлеледдин Мәңгібердінің қалған әскерлерінің көзін жою еді. Бір қызығы оның қол астындағы әскерлерге «тама» аты берілді. Ноянның екінші бір міндеті Батудың батысқа жорығына оңтүстіктен қолдау көрсету болды. Жәлеледдин Хорезмшахтың ізімен Иранға жылжыған ұлы тұлғамыз Фарс пен Керман билеушілерінің бағыныштылығын қамтамасыз етті.

Шормаған моңғол әскерімен аймаққа басып кірген кезде, Селчук тағында Алааддин Кейқұбат отырған болатын. Ол сөзсіз Анадолы Селчук сұлтандрының арасында ең дарындысы еді. Оның кезінде Селчук мемлекеті аймақтағы ең қуатты мемлекеттердің бірі болған. 1230 жылы Яссычимен шайқасында моңғолдардың ұзақ уақыт бойы күресіп келген Жәлаеледдин Харезмшахты Алааддин Кейқұбадтың оңай жеңуі Шормаған ноянның абайлап әрекет етуін қажет еттірді. Басқаша айтқанда, Селчук мемлекеті өзінің мықты ел екенін көрсетті.

Ұлы тұлғамыз Анадолыға шабуыл жасай алмаса да, Иран мен Оңтүстік Кавказдағы ықпалын күшейте берді. Тіпті оның әскерлері Аббаси халифаты жасақтарымен де қарсыласты. Дегенмен бұл кезеңде екі жақ арасында ірі шайқас болмады. 1235 жылы Шормаған ноян Исфаханды алды. 1236 жылы Батудың әскерлері Шығыс Еуропаға жорыққа шыққанда, Шормаған ноянның әскерлері Армения мен Грузияға шабуыл жасады. Алдымен Генже қаласын алған ноян одан кейін кезегімен Утик, Шамхор, Лори қамалдарын алды. Дебед өзеніндегі Каен бекінісінің билеушісі Ивейн Мхаргрдзелидің ұлы Атабек Аваг Шормағанға өз еркімен бағынып, Ани қамалына ұйымдастырылған жорықта жол бастаушы болды. Осы жорықта Карс қамалы да алынды. Хаченнің билеушісі Хасан Жәлел 1236 жылы Шормаған ноянға қызы Рузананы беріп, оған алым-салық жіберуге және жорықтарға қатысуға уәде берді.

Қысқаша айтқанда, ұлы тұлғамыздың басты жетістігі солтүстік-батыс Иран және Оңтүстік Кавказда Азербайжан мен Арранды бағындыруы болды. Өйткені бұл жерде кейінірек Құлағу ханың Елхан мемлекеті пайда болды. Басқаша айтқанда, Шормаған ноян жаңа мемлекеттің негізін қалады. 1236-39 жылдар аралығында, сонымен қатар, Грузия патшалығының және Армениядағы көптеген жергілікті династиялардың титулдық мәртебесі бағыныштылық болды. Моңғол қолбасшылары Арменияны өз араларында бөлген кезде, шежіреші Вардан Аравелцийдің айтуынша, Шормаған ноянның жеке үлесі Ани, Карс және көрші аудандар болды. Десе де кейбір деректер оның ордасының Генже қаласы болғандығын айтады.

Шормаған ноян болашақ Елхан мемлекетінің негізін қалап жатқанда, Анадолыда өте маңызды өзгеріс болды. 1236 жылы сұлтан Алааддин Кейқұбат қайтыс болып, оның орнына ІІ Ғияседдин Кейхұсрау шықты. Осыдан бастап, Селчуклы елі әлсірей бастады. Селчук тағының ауысуы моңғолдарға мүмкіндік туғызды. Көп ұзамай Ғиаседдин Кейхұсраудың мемлекеттік басқарудағы әлсіздігі 1240 жылы «Бабаилер көтерілісі» деп аталатын үлкен халықтық көтеріліске жол ашты. Анадолыдағы мақсаттарына қол жеткізу мүмкіндігін күткен моңғолдар осы оқиғаларды қадағалап отырды. Елдің шығыс шекарасында орналасқан селчук әскерлерінің көтерілісті басу үшін өз позицияларын қалдырып кетуі де моңғолдарға орай болды. Әсіресе селчук әскерлерінің бұл көтерілісті әрең басуы елдің әскери-ұйымдасу қабілетінің төмендегенін көрсетті. Енді моңғолдардың Анадолыға басып кіруінің уақыты келген еді. Алайда осы кезде 1241 жылы Шормаған ноянның ауырып қалуы бұл шабуылды кешеуілдетті.

Асқақтап тұрған даңқына қарамастан, Иранда жаулап алынған территориялардағы Шормағанның күші 1232 жылы Шынтемірдің Үгедей хан тарапынан Хорасан мен Мазандеранның әкімі болып тағайындалуынан кейін азая бастады. Шынтемірдің аймақта салық жинаудан жауапты болуы ұлы тұлғамыздың экономикалық күшіне әсер етті. Бұл үдеріс 1239 жылы Қорқыздың аймақта әкім болып тағайындалуымен жалғаса берді. Дегенмен, 1246-47 жылдары Рим папасының Ұлы қағанға жіберген алғашқы елшісі Плано Карпини Иранға келгенде, Шормаған ноянның жорықтары туралы көп аңыз естиді. Осыған қарағанда ұлы тұлғамыз халықтың жадында өз орнын алған еді.

 



Ұқсас жаңалықтар