Ерзинжандық Мұтахартен Бей

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар- 42

1330698
Ерзинжандық Мұтахартен Бей

Ерзинжан қаласының Анадолы тарихында ерекше орны бар екендігі белгілі. Өйткені бұл қаланың әсіресе шығыс Анадолыда стратегиялық маңыздылығы бар. Бұл қаланы алған шығыстан келген жаулаушылар солтүстікте Қаратеңізге, батыста ішкі Анадолыға және оңтүстікте Сирия мен Ақтеңізге ықпалын жүргізе алады. Осы жағдайға байланысты Ерзинжанды тарихта көптеген әулеттер басқарған. Ал бейліктер кезеңінде мұнда Мұтахартен Бей өз шаңырағын көтерген. Олай болса бүгінгі бағдарламамызда осы тұлға және оның астанасы Ерзинжан туралы сөз қозғаймыз.

Мұтахартен Бей Анадолы тарихында өз ізін қалдырған ұлы тұлға болып табылады. Оның ата тегі туралы әр түрлі пікірлер бар. Кейбір ғалымдар оның татар екендігін айтса, басқа ғалымдар оның аталарының Елхан билеушілерінің қызметінде болған ұйғыр болған деседі. Мутахартеннің Аққойындық Ахмет ағаның күйеу баласы екені белгілі. Ұлы тұлғамыздың аты дерек көздерде Тахартен, Тахиртен және Мутахартен болып өтеді. Ерзинжан қаласында тарих сахнасына шыққанға дейін ұлы тұлғамыздың Еретна бейлігіне қызмет еткені байқалады.

Анадолыда Елхан билігінің әлсіреуінен бастап, Османлы билігі орныққанға дейін Ерзинжанды көптеген тұлғалар биледі. Қала алдымен Елхан билеушілерінің Анадолыдағы әміршісі Тимурташ пен Еретна Бейтің қол астында болды. 1348 жылы қала Ахи Ине Бейдің қарамағына өтті. Ахи Ине Бейдің мұрагері Ахи Пири Хусейн Бей 1378 жылы қайтыс болғаннан кейін Эретна бейі тарапынан қалаға әмір болып Мутахартен Бейдің тағайындалуы қаланың саяси маңызын одан әрі арттыра түсті.

1379 жылы ұлы тұлғамыз өз атынан теңге соқтырып, мешіттерде өз атына хұтпа оқытып, өз тәуелсіздігін жариялады. Еретна Бейлігінің билеушісі Алааддин Али Бей алдымен дипломатиялық жолдармен және бейбіт тәсілдерді қолданып қаланы қайтаруға тырысты. Алайда екі тараптың келіссөздері нәтижесіз қалғандықтан соғыс басталды. Бірінші шайқаста Мутахартеннің күштері жеңіліске ұшырады. Алайда ұлы тұлғамыз Еретна бейлігін мойындай қоймады. Сондықтан еретналықтар Ерзинжанға шабуылға өтті. Мұтахартен Бей Дұлқадырұлы Ибрахим Бей мен Аққойындық түрікмендердің басшысы әрі жекжаты Құтлы Бейге көмек сұрап елші жіберді. Осы мемлекеттермен одақ құрып, олардың қолдауын алған Мұтахартен Бей еретналықтарды Ерзинжаннан шегінуге мәжбүрледі.

1380 жылы Еретна билеушісі Алааддин Али Бей қайтыс болғаннан кейін, бейліктің наиби Қахы Бұрханеддинге қарсы Мутахартен одақтастар іздей бастады. Шын мәнінде, Мутахартен бірден Қазы Бұрханеддин тарапынан тағайындалған Зүннун Бей мен Шарқы Қарахисар өңіріне тағайындалған Мәлик Ахмедпен достық құра бастады. Қарындасын Зүннунға үйлендіріп, Еретна бейлігіне шабуылға өтті. Алайда, Сивас жеріне жеткен Зүннунды Қазы Бұрханеддин жеңіліске ұшыратты. Осыдан кейін Мутахартеннің өзі Сивасқа шабуылға шықты. Бірақ ақырында Мутахартен мен Қазы Бұрханеддин бітімге келді де ұлы тұлғамыз Сивас жерін тастап кетті.

Мутахартен мен Қазы Бұрханеддин арасындағы күрес кейінгі жылдары да жалғасты. Қазы Бұрханеддин 1381 жылы Мутахартеннің Амасиядағы досы әмір Шадгелдіге шабуыл жасап, оны өлтіріп, басып кесіп, Ерзинжанға жіберді. Осыдан кейін екі жақтың қатынасы одан сайын шиеленісе түсті. Ұлы тұлғамыз Қазыға қарсы қастандық ұйымдастырды. Бірақ ол жоспар жүзеге аспай қалды. Мутахартен бей ыдырап кеткен Эретна бейлігінің әмірлерінің басын қосып, Қазыға қарсы одақ құрды. Одақтастар 1382 жылы Сивасқа шабуыл жасайтын болды. Бірақ одақтастар арасындағы дау-дамайға байланысты бұл жоспар да жүзеге аспады.

Ақырында Абдул Ваххаб аймағында болған екі жақтың арасындағы шайқаста Мутахартен жеңіліп қалды. Осы жеңісінен кейін Қазы Бұрханеддин 1385 жылы Ерзинжанға қарсы шабуылға өтті. Ең соңында екі жақ бітімге келді. Осы бітімнен кейін Мутахартеннің аймақтағы ықпалы арта бастады. Өйткені ол теңгерімге негізделген саясат жүргізді. Осы жылдары Байбурт, Кема, Испир, Ерзурум және Теркан қалалары Ерзинжан бейлігіне қарады және Трабзон мемлекеті де Мутахартен бейге салық төлеп тұрды.  

Ерзинжандық Мутахартен Бей 1387 жылы жаңа қауіп-қатерге тап болды. Осы уақытта батыс Иранды басып алған Әмір Темір Қарабақта өз әскерін құрып, Шығыс Анадолыға жорық бастады. Ақырында, Темірің Ерзурумға жеткені туралы хабар Ерзинжанға жетті. Әмір Темір Ерзинжанға елші жіберіп, Мутахартеннің бағынуын талап етті. Мутахартен оған бірден мойынсұнатынын айтты. Осыдан кейін Темір еліне қайтып кетті.

Ерзинжандық Мутахартен Бей Ираннан ауып келген Қарақойындықтармен одақ құрып, бір жағынан Қазы Бұрханеддинмен, енді екінші бір жақтан Аққойындықтармен соғыс жүргізді. Бұл жағдай 1393 жылға дейін жалғасты. 1393-94 жылдары Әмір Темірдің қалың қолмен Анадолыға екінші рет жорыққа шыққаны туралы хабар жетті. Бұл жолы да ұлы тұлғамыз әмірдің билігін мойындады. Ол тіпті Авникпен шайқасқа қатысты. Қырық үш күндік қоршаудан кейін Әмір Темір Авникті алып, Ерзинжандық Мутахартен Бейге түрлі сыйлықтар беріп кетті.

1398 жылы Қазы Бұрханеддиннің өлімі ұлы тұлғамыз үшін жақсы жаңалық болды. Бітіспес жауының көзінің жойылуы Мутахартен Бейдің ықпалын арттыруы керек еді. Алайда, көп өтпей Қазы Бұрханеддиннің жерлерін Османлы сұлтаны Йылдырым Баязит басып алды. Осылайша шығыс Анадолы шығыстан келген Әмір Темір мен батыстан келген Баязиттің бәсеке алаңына айналды. Бұл бәсекеде ұлы тұлғамыз Темір жағында болды. Бірақ 1403 жылы Мутахартен Бейдің өлімі өңірдегі теңгерімге әсер етіп, Ерзинжан қаласы қарақойын мемлекетіне бағынды.



Ұқсас жаңалықтар