Дұлқадырұлы Қараша Бей

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 35

1314975
Дұлқадырұлы Қараша Бей

Оңтүстік шығыс Анадолы тарих бойы Батыс Анадолы, Мысыр мен Сирия және Иран аумағында құрылған мемлекеттердің ықпалында болды. Бұл заңдылық Анадолыда Селчук мемлекеті ыдырап, бейліктер құрылған кезеңде де жалғасты. Бұл аймақта құрылған бейліктер Мысыр Мәмлүктері, Ирандағы Қарақойлы мемлекеті, сосын кейіннен Сафевилер және солтүстік батыс Анадолыда күшейе бастаған Османлы мемлекеті арасында буфер бейліктері болды. Олай болса бүгінгі бағдарламамызда осы бейліктердің бірі Дұлқадырұлдарының басы Қараша Бей туралы сөз қозғаймыз.

Ұлы тұлғамыз он үшінші ғасырдың соңғы ширегінде туып, 1353 жылдың 11 желтоқсанында қайтыс болған. Толық аты Дұлқадырұлы Зайнеддин Ахмед Каража Бей. Басқаша айтқанда оның әкесінің аты Дұлқадыр. Ғалымдар арасында «Дұлқадыр» аты туралы көптеген пікірлер бар. Кейбір ғалымдар бұл аттың «Әбдүлқадыр» деген сөздің қысқарғаны деп атайды. Аннемари фон Габайн деген неміс түркологы бұл атаудың «дулыға дар» яғни «дулығалылар» сөзінен келген болуы мүмкін деген пікір айтады. Осы тұрғыдан қарағанда, бұл әулеттің дулаттармен де қатысы болуы мүмкін. Дұлқадыр атауы араб тілінің ықпалымен кейде «Зұлқадір» болып та айтылады. Қараманнаме дастанында келтірілген деректерге қарағанда, Дүлқадыр Бей 1277 жылы Қараманұлы Мехмет Бей Конияны алғанда оған қарсы жіберілген Селчуклы қолы құрамында болған. Тіпті оны Қараманұлы  Мехмет Бей тұтқынға алып, кейіннен босатқан. 

Қараша Бейдің аталары оғыздардың бозоқ елінен болады. Бозоқ түріктері баят, афшар және бейдили руларынан тұратын. Алайда Қараша Бейдің қай рудан екендігі анық емес. Дегенмен баят руы өкілдерінің көптігіне байланысты ғалымдар ұлы тұлғамыздың осы рудан болуы мүмкін деген жорамал жасайды. Дүлқадырұлдары тарапынан салынған Сүлейман мешіті ескерткішінде әулеттің Хорасаннан келгендігі көрсетілген. Бозоқтар Селчуклы кезеңінен бері Тавр тауының оңтүстік шығысында Мараш пен Элбистан қалалары маңайында өмір сүреді.

Бейліктің тарихына келетін болсақ, 1335 жылы Елхан Олжайтудың ұлы Әбу Саид хан қайтыс болғаннан кейін Құлағу мемлекеті ыдырауға бет алды. Бұл кезеңде Анадолыдағы әрбір бей өзінше дербес әрекет ете бастады. Басқаша айтқанда орталық биліктің ыдырауы бейлерді соғысқа итермеледі. Осы кезде Дұлқадырұлы Қараша Бей Киликиялық Армения королдігіне шабуыл жасап, біраз жерді өзіне қаратты. Дәл осы кезеңде Тарақты Халил деген түркімен Элбистанды басып алды. Өз билігін мойындату үшін Тарақты Халил Бей Мысыр мәмлүктерінің Халебтегі әкімі Алтынбұғаға жүз ат сыйлыққа тартты. Бұл жағдай Дұлқадырұлы Қараша Бейдің мүддесіне қарсы еді. Осыған байланысты екі бейдің арасында соғыс шықты. 1337 жылы болған шайқаста Дұлқадырұлы Қараша Бей жеңіске жетіп, артынша Элбистанды басып алды. Ал шайқаста жарақат алған Тарақты Халил Бей Халебке қашып кетті.

Халебтегі Мәмлүк әкімі Алтынбұға Қараша Бейдің Тарақты Халилден тартып алған жерлерін қайтарып беруін талап етті. Бұл кезеңде Дұлқадырұлдарының мәмлүктерге қарсы тұратын күші жоқ еді. Сондықтан Қараша Бей мәмлүктердің қолдауын алуға тырысты. Ол үшін ұлы тұлғамыз Халебтегі Алтынбұғаға емес, Димашық қаласындағы мәмлүктердің әкімі Теңізге екі жүз ат сыйлыққа беріп, оның қолдауын сұрады. Ақырында жауласып жатқан тараптардың барлығы Мысырға Мәмлүк сұлтаны Мұхаммед Насырдың құзырына шақырылды. Насыр Дұлқадырұлдарының сөзін қолдап, оның бейлігін танитындығын мәлімдеді. Осылайша екі жүз жыл өмір сүретін Дұлқадырұлдары бейлігінің негізі қаланған болды.

Мәмлүктердің қолдауын алған Дұлқадырұлы Қараша Бей өз аумағын кеңейте бастады. Осы орайда оның ең маңызды қарсыласы Еретна бейі болды. Өйткені Еретна бейі де Таурус тауы оңтүстігінде өз бейлігін құрып жатқан болатын. 1338 жылы тамыз айында Даренде қаласының әкімі Маржан Хадымның Сивасқа Еретна бейі Алааддинмен жолығуға кеткенін пайдаланып, Қараша Бей қаланы басып алды. Бұл қадам екі бейліктің арасында соғысқа себеп болды. 1339 жылы болған шайқаста Қараша Бей жеңіске жетіп, көп олжа қолға түсірді.

Дұлқадырұлдарының тым күшеюі Халеб әкімі Алтынбұғаға ұнамады. Сондықтан ол қолынан келгенінше Қараша Бейдің қарсыластарына қолдау көрсетіп отырды. Алайда оған қарсы Димашық әкімі Теңіз Дұлқадырұлдарын қолдап отырды. Ақырында Мысыр сұлтаны Насыр әмір Теңіздің Қараша Беймен одақ құрып, бүлік бастауынан қорқып, әмір Теңізді Каирға шақырып оны тұтқындады, артынша оны өлім жазасына кесті. Осы оқиғадан кейін Дұлқадыр бейілігі мен Еретна бейлігі арасында теңгерім қалыптасты. Бұл теңгерім негізінде екі жақ ымыраға келді. Алайда Сұлтан Насырдың өлімі және Халеб пен Димашық әкімдерінің ауысуы теңгерімнің бұзылуына себеп болды.

1343 жылы Еретна бейі Карамбук қаласын басып алып, көп олжа қолға түсірді. Осы олжаның бір бөлігін Халеб әкімі Елбұғаға жіберді. Алайда бұл олжаны алып бара жатқан керуен Дұлқадыр бейлігінен өтіп бара жатқанда Қараша Бей оны тартып алды. Бұл жағдай Халебтегі мәмлүктердің Қараша Бейге шабуылдауына түрткі болды. Алайда Дұлқадырұлдары мәмлүк қолына тойтарыс бере білді. Бұл жеңістер Қараша Бейдің абыройын асқақтатып, мәмлүктердің онымен санасуына шарт жағдай жасады.

Қараша Бейдің ықпалының артуы оны Сирияда да маңызды ойыншыға айналдырды. Дұлқадырұлдары аймақтағы мәмлүк билігіне қарсы көтерілген бүліктерге де қолдау көрсететін болды. Бұлайша Қараша Бейдің күшеюі оның жауларын да арттырды. Ақырында мәмлүктер мен түркімендердің одағы Қараша Бейді қолға түсіріп, оны өлтірді.

 



Ұқсас жаңалықтар