Түрік баспасөзіне шолу

Түрік баспасөзінің басты тақырыптары.

2035704
Түрік баспасөзіне шолу

Хабер Түрік газеті «Президент Ердоған G20 соңында мәлімдеме жасады» деген хабарға орын берген. Президент Режеп Тайып Ердоған кеше G20 көшбасшылар саммитінен кейін мәлімдеме жасады. Ресей-Украина соғысының аяқталуы керектігін айтқан президент Ердоған «Астық мәселесінде Ресейді сыртқа қақпайлауға болмайды» деді. Саммит аясында АҚШ президенті Байденмен әңгімелескенін білдірген Ердоған «F-16 мәселесін талқыладық. Байден Швецияны алға тартты, бұл мәселеге қатысты шешімді Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі жасайды» деді.

Сабах газеті  «Ердоған дипломатиялық байланыстарға қатты көңіл бөлуде» атты хабар жариялаған. Президент Режеп Тайып Ердоған Үндістанның астанасы Жаңа  Делиде G20 көшбасшылар  саммитінде бірқатар кездесу өткізді.  Саммиттің бірінші күнінде Жапония, Біріккен Араб Әмірліктері, Бразилия, Оңтүстік Корея және Германия басшыларымен кездескен Ердоған Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин Салман, Мысыр президенті Абдель Фаттах әл-Сиси және Еуропа Одағы Кеңесінің төрағасы Чарльз Мишельмен бас қосты.

Хүрриет газеті  «Президент Ердоған Әлиевпен телефон арқылы сөйлесті» деген хабарға орын берген. Президент Режеп Тайып Ердоған кеше Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесті. Әңгімеде екі лидер аймақтық мәселелер жөнінде пікір алмасты, Әзербайжан-Армения қарым-қатынастары мен Әзербайжанның Қарабах аймағындағы соңғы оқиғаларды талқылады.

Стар газеті «Түркиядан Сербияға хабарлама» атты хабар жариялаған. Түркияның Сербиядағы өкілетті және төтенше елшісі Хами Аксой Түркия-Сербия қарым-қатынастарының тарихтың ең биік сатысында екенін айтты. Аксой «Президентіміз Ердоғанның өткен жылы Сербия сапары кезінде қол қойылған ең маңызды келісім жеке куәлікпен саяхат туралы келісім болды. Бұл келісім біздің елде күшіне енді. Енді сол келісімнің Сербияда күшіне енуін күтеміз» деді.

Йени Шафак газеті «Түркияның алғашқы әйел тікұшақ ұшқышы Диярбакыр үстінен ұшып өтті» деген хабарға орын берген. Түркияның алғашқы әйел тікұшақ ұшқышы Өзге Карабулут кеше Диярбакыр аспанында «ATAK» тікұшағымен техникалық қызмет көрсету рейсін жасады.



Ұқсас жаңалықтар