АҚШ пен Қытай арасындағы әскери келіссөз қайта басталды

Вашингтонда Қытай-АҚШ қорғаныс саясаты бойынша 17-ші үйлестіру келіссөздері өтті.

2086620
АҚШ пен Қытай арасындағы әскери келіссөз қайта басталды

Америка Құрама Штаттары (АҚШ) мен Қытай арасындағы 2022 жылы үзілген әскери келіссөздер қайта басталды.

Екі елдің қорғаныс министрліктерінің мәлімдемелеріне қарағанда, 8-9 қаңтар күндері Вашингтонда Қытай-АҚШ қорғаныс саясаты бойынша 17-ші үйлестіру келіссөздері өтті.

Кездесу барысында АҚШ делегациясын Қытай, Тайвань және Моңғолияға қатысты мәселелерге жауапты Қорғаныс министрінің орынбасары Майкл Чейс, ал Қытай делегациясын Халықаралық әскери ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары генерал-майор Сонг Янчао басқарды.

Пентагон мәлімдемесіне қарағанда, министрдің орынбасары Чейс «АҚШ пен Қытай арасындағы бәсекенің қақтығысқа айналмауы үшін әскери байланыс арналарын ашық ұстау керек» деп мәлімдеді.

Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы операциялық қауіпсіздіктің маңыздылығына назар аударған Чейс «Америка Құрама Штаттары халықаралық құқық рұқсат еткен жерде қозғалуды, ұшуды және жүзуді жалғастырады» деп мәлімдеді. Чейс сонымен қатар Америка Құрама Штаттарының Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы және жаһандық деңгейдегі одақтастарына адалдығын қайталады.

Қытайдың Оңтүстік Қытай теңізінде заңды түрде жүзген Филиппиндік кемелерді қудалауына наразылық танытқан Чейс халықаралық құқыққа сәйкес ашық теңізде жүзу еркіндігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

АҚШ тарапы Тайвань мәселесі бойынша «бір Қытай» қағидатын ұстанатынын қайталап, Тайвань бұғазындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығын атап көрсетті.

Кездесу барысында тараптар жаһандық және аймақтық қауіпсіздік мәселелері бойынша да пікір алмасты. Кездесуде Ресей-Украина соғысы және Солтүстік Кореяның зымыран сынақтары салдарынан туындаған қауіпсіздік мәселелері күн тәртібіне келді.

Тараптар арасындағы әскери келіссөздер Палатаның сол кездегі спикері Нэнси Пелосидің 2022 жылы Қытайдың егемендік дауына айналған Тайваньға сапарына байланысты үзілген болатын.



Ұқсас жаңалықтар