Израильдің Әл-Акса мешіті шабуылы наразылықтарды арттырды

ИЫҰ Израильдің кешегі Әл-Акса мешітіне шабуылына наразылық көрсетті.

1989139
Израильдің Әл-Акса мешіті шабуылы наразылықтарды арттырды

Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ) Израиль Ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвирдің кеше Әл-Акса мешітіне жасаған шабуылына наразылық білдірді.

ИЫҰ-нан жасалған жазбаша мәлімдемеде Бен Гвирдің шабуылының Израильдің Әл-Акса мешітінің тарихи және құқықтық мәртебесін өзгерту әрекетінің бір көрінісі екені айтылды.

Мәлімдемеде ИЫҰ-ның бұл рейдті мұсылмандардың сезімдеріне арандатушылық және халықаралық құқық пен Біріккен Ұлттар Ұйымының қарарларын ашық түрде бұзу ретінде қабылдағаны баса атылды.

Мәлімдемеде сондай-ақ басып алынған Иерусалимнің шығысында жалғасып жатқан мұндай бұзушылықтардың салдарына толығымен Израиль үкіметінің жауапты екені атап көрсетілді.

Сауд Арабиясы Сыртқы істер министрлігінен жасалған жазбаша мәлімдемеде рейдті айыптай отырып, бұл жүйелі әрекеттің барлық халықаралық нормалар мен келісімдерді ашық түрде бұзу және дүние жүзіндегі мұсылмандарды арандату болып табылатыны білдірілді.

Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) де Израиль әкімшілігі шиеленісті ушықтырмауға және аймақты тұрақсыздандыратын қадамдарды басудан бас тартуға шақырды.

Иордания Сыртқы істер министрі және Иерусалимдегі заңсыз Израиль саясаттарына қарсы халықаралық әрекетке жауапты Араб министрлері комитетінің төрағасы Эймен эс-Сафеди болса БАӘ, Алжир, Сауд Арабиясы, Палестина, Катар, Мысыр және Мароккодағы әріптестеріне телефон шалып, аталмыш рейдтің салдарын талқылады.

Парсы шығанағы Ынтымақтастық кеңесі де өз мәлімдемесінде рейдті айыптап, әл-Акса мешітіне қарсы осы бұзушылықтардың алдын алу үшін халықаралық қоғамды шұғыл түрде шара қолдануға шақырды.

Араб парламентінің мәлімдемесінде рейд қатаң түрде айыпталып, әл-Акса мешітінің уақыттық және кеңістіктік бөлінуі мен мұсылмандардың ғибадат бостандығын шектеуге жол берілмейтіні атап көрсетілді.

АҚШ болса Бен-Гвирдің әл-Акса мешітіне жасаған шабуылының алаңдатарлық деңгейде екенін мәлімдеді.

АҚШ Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мэтт Миллер тақырыпқа байланысты жазбаша мәлімдеме жасап «Бұл киелі жерді саяси мақсатта пайдалануға болмайды. Біз барлық тараптарды осы аймақтың киелілігін құрметтеуге шақырамыз» деді.

Мәлімдемеде АҚШ-тың Иерусалимдегі қасиетті орындардың тарихи мәртебесін қолдағаны атап көрсетілді.



Ұқсас жаңалықтар