Трамп АҚШ президенттігіне үміткерлігін жариялады

Дональд Трамп 2024 жылы өтетін президенттік сайлауға үміткер екенін ресми түрде жариялады.

1906981
Трамп АҚШ президенттігіне үміткерлігін жариялады

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп 2024 жылы өтетін президенттік сайлауға үміткер екенін ресми түрде жариялады.

Флорида штатының «Palm Beach» қаласындағы «Mar-a-Lago» резиденциясында жергілікті уақытпен сағат 21:00-де камералардың алдына шыққан Трамп «Американың оралуы енді басталады» деген сөздермен бастаған баяндамасында екі жыл бұрын міндетін Америка Құрама Штаттарын «алтын дәуіріне» дайын күйде қалдырғанын алға тартты.

Билігі кезінде экономиканың бұрын-соңды болмаған деңгейде жақсарғанын, Қытай, Ресей, Иран және Солтүстік Кореяның сыртқы саясатта АҚШ-ты, әсіресе де өзін құрметтегенін тілге тиек еткен Трамп «Ұзақ уақыт ішінде, ондаған жылдар бойы соғыссыз бір кезең басқардым. Мен сонша уақыттан бері мұны жасаған алғаш президент болдым. Әлем тыныш еді. Америка дамып, еліміз жарқын болашаққа бет алған болатын. Өйткені мен Америка халқына үлкен уәделер бердім және басқа президенттерден айырмашылығым уәдемді орындадым. Біздің басшылығымызбен ұлы да даңқты халық болдық. Бұл ұзақ уақыттан бері сіз естімеген нәрсе еді» деді.

Трамп Джо Байден әкімшілігі кезінде елдің құлдырай бастағанын алға тартып, «Миллиондаған американдық үшін Джо Байден басқарған соңғы екі жылда ауыртпалық, қиыншылық, алаңдаушылық пен үмітсіздік пайда болды. Америка Құрама Штаттары әлемге масқара болды, ұятқа қалдырылды, әлсіреді» деді.

«Егер мен президент болғанда, Украина (дағдарыс) ешқашан болмас еді» деген Трамп Байденнің сыртқы саясатын қатаң сынға алды.

Өкілдер палатасында Республикашылдардың үстемдікті қолға алғанын және мұның американ қиялын құтқару үшін басталған күрестің алғашқы кезеңі екенін еске салған Трамп «Американы қайтадан ұлы және даңқты бір ел қылу үшін бүгін түнде АҚШ президенттігіне үміткер екенімді жариялаймын» деді.



Ұқсас жаңалықтар