Сахаров сыйлығы биыл Украина халқына беріледі

Мецола сыйлықтың «ержүрек украин халқына» берілгенін ЕП Бас ассамблеясы жалғасып жатқанда жариялады.

1895327
Сахаров сыйлығы биыл Украина халқына беріледі

Еуропарламент (ЕП) жыл сайын адам құқығы мен ой еркіндігі саласында беретін Сахаров сыйлығы биыл Украина халқына берілді.

ЕП президенті Роберта Мецола сыйлықтың «ержүрек украин халқына» берілгенін Францияның Страсбург қаласында ЕП Бас ассамблеясы жалғасып жатқанда жариялады.

Сыйлықтың Ресейге қарсы «соғысқан, қашуға мәжбүр болған, туыстары мен достарынан айырылған, сенімдері үшін күрескен» украиндарға берілгенін атап көрсеткен Мецола «Ержүрек украин халқының ешқашан берілмейтінін білемін. Біз де берілмейміз» деді.

Метцола Ресейдің 24 ақпанда бастаған соғысының украин халқына қыруар шығын әкелгенін, украиндықтардың өз үйлері, жерлері, тәуелсіздігі үшін ғана емес, демократия, заң үстемдігі және еуропалық құндылықтар үшін де күресіп жатқанын мәлімдеді.

Кеңес Одағының физигі және саяси диссидент Андрей Сахаровтың есімімен аталған бұл сыйлықты 1988 жылдан бері жыл сайын ЕП ой-пікір бостандығы үшін күресетін жеке тұлғаларға немесе мекемелерге береді.

Биылғы марапаттау рәсімі Страсбургте 14 желтоқсанда Еуропарламент Бас Ассамблеясының отырысында өтеді.

Сахаров сыйлығы өткен жылы ресейлік диссидент Алексей Навальныйға берілген еді.



Ұқсас жаңалықтар