Ауған босқындар Иранды паналауда

Бұл туралы Иран Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

1758867
Ауған босқындар Иранды паналауда

Соңғы төрт айда Иранға Ауғанстаннан 800 мың босқын кірген.

Бұл туралы Иран Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Министрлік хабарламасына қарағанда, Сыртқы істер министрі Хүсейін Эмир Абдуллахиан Норвегия Сыртқы істер министрімен телефон әңгімесінде Ауғанстан мен Йемендегі гуманитарлық дағдарыс пен ядролық келіссөздер тақырыбын қолға алды.

Ол ауа райы салқындағаннан кейін Иранға кірген ауған босқын санының артқанын білдірді. «Күніне 5 мың ауған Иран шекарасына келеді.  Соңғы 4 айда Ауғанстаннан Иранға 800 мың босқын келді.  Баспанасынан айрылып қалған осы адамдар үшін Ауғанстанның ішіне көмек жеткізуге тырысып жатырмыз» деді ол.

Министр Норвегия жолдайтын гуманитарлық көмекті құрлық және әуе жолы арқылы мұқтаж жандарға жеткізуге болатынын айтты.

Австриядағы ядролық келіссөзге де тоқталған Абдуллахиан «Қарсы жақ (Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия) ядролық келісімдегі уәделеріне толықтай қайта оралса, Иран да келісімге бағынады.  Батыс елдері игі ниеттерін тек ауызша емес,  істе де көрсетуі керек. Нақты қадамдар, санкциялардың алынып тасталуы – ядролық келіссөзге оралу» деді.

Норвегия Сыртқы істер министрі қаңтар айында Ослода Ауғанстан мен Йемендегі гуманитарлық дағдарысқа байланысты жиналыс өткізетіндерін білдірді. Ол жиналысқа Абдуллахианды да шақырды.



Ұқсас жаңалықтар