Топкапы сарайы және Гарем

Капитанның борт журналы - 8

2137996
Топкапы сарайы және Гарем

Капитанның борт журналы - 8

Стамбулдың адам ең көп баратын жерлерінің бірі – Топкапы сарайын аралауды бастаған едік.  Әрине осы керемет сарайды бір күнде көріп бітіру мүмкін емес.  Осы апта сарайдың ең көп назар аударған бөлімдерін көреміз.

**

Топкапы сарайы төрт ауладан тұрады.  Біз сіздермен бірге алғашқы үш ауланы аралап шықтық. Бүгін соңғы аула- төртінші ауладан бастаймыз саяхатымызды.  Осында падиша қолданған үйлер мен аспа бақшалар орналасқан.  Османлы дәуірі классикалық шағын сарай сәулетінің ең тамаша үлгілерін осы аулада көруге болады. Осы шағын сарайлардың арасында Бағдат және Реван сарайлары алға шығады.  Осы шағын сарайлар әрі сәулеті,  әрі ішкі мекен декорациясымен, әрі түстерімен керемет.  Екі шағын сарай да көгілдір Изник фарфорлары, төбе әшекейлері, ағаш үстіне маржан қағылған терезелерімен керемет. Классикалық Османлы өнерінің ең шыңын көрсететін Бағдат және Реван шағын сарайларын аралайық енді.

Топкапы сарайы – баға жетпес қазыналары және коллекцияларымен әлемнің ең ірі сарай мұражайларының бірі.  Сарай құнды фарфорлары, картиналары, қару-жарақ және мұрағат құжаттарымен бай коллекцияға толы.  Уақыт өткізбестен осы керемет жәдігерлерді көріп басталық.

Әлемнің ең үлкен және ең атақты алмастарының бірі болып есептелетін Кашыкчы алмасынан басталық.  Қасық түріндегі осы үлкен алмас екі кезек бриллиантпен көмкерілген. Әлемнің ең қымбат қанжары болып есептелетін, сабы жақұт және алмастармен әшекейленген қанжар да осында.

Осы жерден Қасиетті аманаттар залына баралық.  Осы бөлім Топкапы сарайының адам ең көп келетін жерлерінің арасында.  Ислам дінінің пайғамбары Әзірет Мұхаммедтің сақалы, жейдесі, қылышы мен садағы көрмеге қойылған осы залға көптеген турист келуге тырысады. Осы залда көрмеге қойылғандар тек Ислам дініне тән емес.  Әзірет Дауыдтың қылышы, Әзірет Мусаның аса таяғы мен Әзіз Джонның сүйегін де осында көруге болады.

Топкапы сарайының адамдар ең көп қызығатын, әсіресе батыстық саяхатшылар көп жазған бөлімін көру үшін сіздер де күтіп отырсыз.  Мен де білемін.  Иә, енді Гаремге баруға болады,  баршаның кіруіне рұқсат берілмеген, Османлы падишаларының отбасы мен әйелдері тұратын жер – осы жер. Топкапы сарайы алғаш салынған кезде, яғни Фатих Сұлтан Мехмет Хан заманында гарем болмаған.  Артынан келген падишалар осы гаремді салғызған.  Топкапы сарайындағы гарем өрт салдарынан көп зардап шексе де, Ислам әлемінің ең жақсы сақталған гарем ғимараттарының бірі ретінде қабылданады. Өте аз адам кірген осы арнайы алаңда тығыз иерархия тәртібі жүрген.  Ең ықпалды кісі падишаның анасы – Валиде Сұлтан болған. Валиде Сұлтанның бөлмесінің дәл артында өте әсем Сұлтан моншасы бар.  Монша мәрмәр және алтын нақыштармен көмкерілген.

Топкапы сарайының ең керемет ғимараты болып табылатын Хүнкар софрасы да гаремде орналасқан. Ғимарат керемет әшекейлерімен Османлы дәуірінің барлық салтанатын паш етіп тұр. Падишаның тағы да осында орналасқан, той және түрлі рәсімдер осында өткізілген.  Хүнкар софрасының фарфорлары,  алтынмен безелген төбесі және қабырғалары, әсем оюлары мен шеберлік сіздің де басыңызды айналдырды, солай емес пе?

Сарайдағы басқа бір керемет мекенге баралық енді.  Міне, әрбір жерінде керемет дизайн көздің жауын алатын Йемиш бөлмесі. Гүл букеттері,  жемістер еденнен төбеге дейін осы жерді көркем қылып тұр. Алтын қолданылған әшекейлер адамды сол дәуірдің керемет күндеріне апарады. Йемиш бөлмесі – Лале дәуірінің ең тамаша және бүгінгі күнге жеткен сирек үлгілерінің бірі.

Стамбулға келген барша жергілікті және шетелдік туристер баруды армандайтын,  әлемнің ең ірі сарай мұражайларының бірі – Топкапы сарайын және баға жетпес қазыналары, теңдесі жоқ әшекейлері, керемет сәулетімен ЮНЕСКО Әлемдік мұра тізімінде орын алған Гарем бөлімін араладық.



Ұқсас жаңалықтар