Мыңдаған жылдық тарихы бар Кадыкөй

Капитанның борт журналы - 6

2125579
Мыңдаған жылдық тарихы бар Кадыкөй

Мыңдаған жылдық тарихы бар Кадыкөй

Стамбулдағы мен жақсы көретін жерлердің біріне қарай жол тартамыз осы аптада.  Аңызға арқау болған Кадыкөйге барамыз. Кадыкөйде көруге татитын және айтылатын көп нәрсе бар.  Мен де әңгімелеп беруге асығып отырмын. Сіз де Кадыкөйді көруге дайынсыз ба?

**

Кадыкөйдің мыңдаған жылдық тарихы бар.  Бұл жер көбіне Византия Империясы дәуірімен танымал. Ал Кадыкөйдің тарихы финикиялықтар кезіне дейін созылады. Бақыр кеніне орай финикиялықтар осы жерде сауда колониясын құрған. Кадыкөй туралы айтылған аңызды да айтып берейін. Король Бизас еліндегі тапшылыққа байланысты шығымды жер іздеуге шешім береді. Алдымен бір көріпкелге жүгінеді. Көріпкел оған «Көрлер елінің» қарсы жағына қоныс тебуді кеңес береді. Король айтылғанды орындайды және жасыл мен көк түс тоғысқан жағалауға келеді.  Осы жердің сұлулығына қатты тамсанады. Қарсы жаға болса адам көп және күтім көрмеген секілді көрінеді. Король сонда қарсы жағалауды неге Калкедон, яғни Көрлер елі деп атағандарын түсінеді. Бүгінгі Сарайбурнунда Византия қаласын құрады. Ал мамандар мұның аударманың бір қатесі екенін, «Калкедон» сөзінің «бақыр» деген мағынаға келетінін айтады. Яғни Кадыкөйдің атының жоғарыда айтылғандай финикиялықтар қолданған бақыр кеніштерінен келген болуы мүмкін деген пікір салмақты.

Кадыкөй кемежайына жақындап келе жатып,  қарсы алдымызда көрінген әдемі ғимаратты баяндап бергім келеді.  Бұл жер – Хайдарпаша вокзалы. Шығыс пен батысты бірлестірген,  тарих мүңкіп тұрған ғимарат. Осы мемориалды мекен Берлин-Бағдат теміржолы жобасының бір бөлшегі ретінде неміс сәулетшілер тарапынан жобаланған.  Кеткен адамдардың артынан қол бұлғағандарға, төгілген көздің жасына, сансыз қауышу мен қоштасуға сахна болған жер. Ауылдан қалаға көш жылдамдаған жылдары Анадолыдан Стамбулға келгендер бірінші рет аяқ басатын жер осы вокзал. Өкінішке қарай қазір пойыз жүрмейді бұл жерлерде.  Перондар арасында асығып жүгірген адамдар көрінбейді. Пойыздың жаңғырған ысқырығы да естілмейді. Сонда да тарихи вокзал сұлулығы еш азалмастан алдымызда тұр, міне.

 Енді Кадыкөй кемежайындамыз. Кадыкөйде ойын-сауық, демалыс,  спортпен айналысу,  түрлі дәмді тағамдардың дәмін татып көру және бір-бірінен керемет тарихи ғимараттарды тамашалауға болады. Кемежайдың дәл қасындағы Айя-Ирини понти православ шіркеуіне қарай жылжиық. Кадыкөйді аралауды осы жерден басталық. Қабырғалармен қоршалған осы ауланың ішінде орналасқан шіркеу 17-ғасырдан қалған.  Біраз жүрсек, шағын, қарапайым және күмбезсіз Осман Аға мешітінің алдынан өтеміз. Жолымызды жалғастырсақ, Кадыкөйдің символы, кездесулердің бас тартылмас мекені Бұқа мүсінін көреміз.  Османлы падишасы Сұлтан Абдулазиз Париж Халықаралық көрмесінде шағын екі бұқа мүсінін көреді.  Қатты ұнатады.  Француз мүсіншіден осы бұқа мүсіндерін шын көлемінде жасауын сұрайды және айрықша киік және арыстан секілді бірнеше мүсінге де тапсырыс береді. Осы мүсіндер Стамбулдың түрлі жерлерінде.  Міне,  Кадыкөй Алтыйолдағы Бұқа мүсіні - солардың бірі.  Бәлкім ең танымалы.  150 жастан асқан бұқа мүсінінің суретін түсіріп алсаңыздар болады.

Осы жерден тағы жаяу жүріп керемет Сүреяа операсына барамыз.  Опера Стамбулдың маңызды өнер мекендерінің бірі.  Ең тамаша тарихи ғимараттар қатарында.  Әрі сәулеті,  әрі ішкі декорациясымен көрген адамды қайран қылады.  Алдынғы уақытта кинотеатр ретінде қолданылған осы ғимарат бүгінгі күні опера, балет және концерттер арқылы Стамбулдың мәдени өмірінде маңызды орын алады. Осы операның ішіне кіріп,  тарихи мекеннің ауасын жұталық.

**

Жоғарыда да айтып өткенімдей,  Кадыкөй түрлі мақсаттар үшін келген адамға түрлі таңдау ұсынады.  Сондықтан Кадыкөйді қысқа уақытта аралап,  көру мүмкін емес.  Мен сізге есікті ашып берейін,  сіз көргіңіз келген жерлерді араларсыз.

Бүгінгі саяхатымызды аяқтамастан бұрын ерекше бір жерге апарғым келеді. Стамбулдың алғашқы көп қабатты тұрғын үйлері орналасқан Йелдеирмени ауданына барамыз. Аудан өз атын Стамбулдың ұн мұқтаждығын қамдау үшін сол кездің Осман падишасы тарапынан салғызылған 4 жел диірменінен алады.  Жылдар өте келе осы жерге өнер қайраткерлері орналаса бастайды.  Бүгін осы аудан керемет қабырға суреттерімен әдемі ауданға айналған.  Өнер галереялары, дизайн дүкендері және әлемге танымал графитилерімен сізді басқа бір уақытқа жетелейді. Йелдеирмени ауданында уақыттың қалай тез өтіп кеткенін байқамай қаласыз.



Ұқсас жаңалықтар