Селимие казармасы

Капитанның борт журналы - 4

2122172
Селимие казармасы

Селимие казармасы

Қайығымыз «Жиханкезбен» бірге Босфор бұғазының Анадолы жағасында жолымызды жалғастырамыз.  Теңдесі жоқ сұлу бұғаз жағажайлары және тарихқа куә болған көркем ғимараттарымен бізге керемет көрініс сыйлайды. Қазір Стамбулдың бай мәдени мұрасын көрсететін, бұғаздың маңызды ғимараттарының бірінің алдынан өтеміз. Осы қаланың ертегідегідей көрінісіне үлес қосқан,  төрт ірі мұнарасы және көркем сәулетімен Селимие казармасына барамыз.

Селимие казармасын аралау үшін арнайы рұқсат алу керек.  Сондықтан алдынан өтіп бара жатып айтып беремін осы ғимарат туралы. Әскерлер жаппай дайындықтан өтетін және жататын ғимараттар жиынтығы казарма деп аталады.  Селимие казармасы әрі үлкендігі,  әрі мұнараларымен назар аударады.  Алайда казарма тек сәулетімен ғана атағы шықпаған. Тарихтағы орны да оны маңызды қылады. Себебі ғимараттың символикалық мағынасы бар.  Селимие казармасы Осман мемлекетінің жаңалану қозғалыстары жүзеге асырылған дәуірде салынады.  Сол кезеңде көптеген салада жаңалану болады.  Осылардың бірі армияның  тәртіпке келтірілуі болып саналады.  Міне, осы мақсатпен падиша ІІІ Селим Селимие казармасын салдырады. Казарма Осман мемлекетінің қайтадан күшеюінің символикалық белгісі болады. Алыстан көрінетін ғимарат үш қабатты,  өте үлкен және әдеуір көркем.  Шаршы секілді пішінінің ортасында бір аула бар. Бұрыштардағы мұнаралар болса кейінгі жылдары қосылған. Ғимаратқа мемориалды келбет сыйлаған.

Селимие казармасы Қырым соғысы барысында басқа мақсатта қолданылады. Соғыста Осман мемлекеті Ресейге қарсы ағылшындармен бірлеседі. Сол кезде Селимие казармасы госпитальге айналдырылады. Қырымнан келген жаралы ағылшын әскерлер үшін Ұлыбританиядан медбике және медқызметкерлер келеді.  Солардың бірі - отбасының қарсы шыққанына қарамастан медбикелік қызметін атқарғысы келген Флоренс Найтингейл. Осы идеалист мейірбике әрдайым жаралылардың жанынан табылды.  Түнде де қолына майшамын ұстап жүріп, жаралы әскерлермен айналысады.  Сондықтан оны «Майшамды әйел» деп атап кетеді.  Медбике Флоренс Найтингейл басты гигиеналық ережелерге бағынған жағдайда өлімнің алдын алуға болатынын байқайды.  Селимие казармасында үлкен тәжірибеге ие болған медбике соғыстан кейін еліне оралады. Медбикелер дайындайтын оқу орнын ашады және заманауи медбике саласын құрады. Бүгінгі күні Селимие казармасының мұнараларының бірінде «Флоренс Найтингейл» мұражайы бар. Сол кезде тұрған бөлмесі сол қалпында сақталған.

Үскідар өз тарихында қызықты тұлғалармен танымал. Жоғарыда медбике туралы айтып бердім. Басқа бір қызықты тұлға да ұшуға құмар кісі.  Ұшу – адам баласының ең ескі армандарының бірі. Құс секілді еркін болу, қашықтықты жылдам игеру. Балауыздан қанат тағып, өздері тұтқынға түскен жерден құтылу жоспарын жасаған бала мен әкенің мифологиялық хикаясы адам баласының бәлкім ең ескі ұшу хикаясы шығар. Ұшуды мақсат еткен басқа бір кісі  - Хезарфен Ахмет Челеби. Хезарфен Ахмет Челеби 17-ғасырда Осман мемлекетінде өмір сүрген ғалым және ойлап тапқыш. Ол өмірі бойы адамның ұша алатынын дәлелдеумен өтеді.  Тәжірибелер жасайды. Желді бір күн Галата мұнарасына көтеріліп, «Бүркіт қанаттары» деп аталған өзі жасап алған қанаттарымен ұшуға тырысады. Аң-таң болып тамашалаған адамдардың алдында Босфор бұғазынан өтіп, Үскідарда бір саябаққа барып қонады. Хезарфен Ахмет Челебиді падиша бір әмиян алтынмен марапаттайды.  Алайда алдағы уақытта қауіпті болар деп қорқып,  Алжирге айдауға жібереді. Шыныменен осылай болып болмағанын білмесек те тарихи деректер осылай жеткізеді.

Харем ауданына қарай жол тартамыз. Бұл жерде паромдар жолға шығады және Стамбулдың ірі автобус терминалдарының бірі осында орналасқан. Алайда жүздеген жыл бұрын Харемде алдымен Византия Империясы, артынан Осман мемлекеті сарай салғызады. Себебі бұл жердің панорамасы керемет. Осы сарайлар жылдар өткен кезде түрлі мақсаттарда қолданылады. Қирайды. Қайта салынады.  Сондықтан бүгінгі күні сол сарайлардың ізін кездестіре алмаймыз.



Ұқсас жаңалықтар