Анадолы Хисары

Капитанның борт журналы - 41

2093906
Анадолы Хисары

Анадолы Хисары

«Жиханкездің» құрметті жолаушылары.  Стамбулдағы сапарымыз жалғасуда.  Қаланың күйбең тірлігінен қысқа уақытта алыстауды қамдайтын Анадолы жағасындағы Бейкозға барамыз бүгін.

Бейкоздың тамаша жағалауында жылжимыз. Жол бойы бір-бірінен әдемі тарихи ғимараттар бізге серік болады. Қайығымызды Канлыжа кемежайында қалдырамыз. Артынан Босфор бұғазының Анадолы жағасындағы ең керемет тоғайларының бірі Михрибат тоғайын аралаймыз.  Осы жерден Михрибат тоғайына дейін 10 минут жүріп барамыз.

Михрибат тоғайы көп уақыт бойы падишалар, бас уәзірлер және пашаларға мекен болған.  Басшылардың ойын-сауықтарына да куә болған. Бүгін тоғай шырша, қарағай және қорғауға алынған тарихи бәйтерек ағаштарымен жап-жасыл орманға ұқсайды. Тұғырының кереметтігі соншалықты бұғаздың екі жағасын да осы жерден тамашалауға болады. Міне, дәл алдыңызда көрінген жерлер - Бебек жағалауы, Румели хисары және Эмирган. Михрибат тоғайы осы керемет панорамасымен өлеңдерге де шабыт болған.  Тоғайда үш километрдік серуен жолы және балалар үшін түрлі шараларға арналған алаңдар бар.  Сондықтан Стамбул тұрғындары демалыс күндері осы жерге жиі келеді.

Басқаша уақытта және өзгеше мекенде секілді сезімге бөлейтін осы тамаша тоғайдан кететін уақыт келіп жетті.  Канлыжа кемежайында бізді күтіп тұрған «Жиханкез» қайығымызға қарай жылжиық. Бірақ Канлыжаның атағы жер жарған йогуртын жемей кетпейміз. Османлы кезінде пышақпен кесіп берілетін және үстіне шекер қосып желінген осы йогуртты бұрын жеп көріп пе едіңіз?

Бұғаздағы сапарымыз жалғасып жатыр.  Көркем жағажай үйлері сіздің назарыңызға ілікті ме? Қазір біз Стамбулдың ең танымал жағалау аудандарының бірі Анадолы Хисарына барамыз. Осы ауданға есімін берген ғимарат - қарсы алдымызда тұрған Анадолы қамалы. Кемежайға жақындап келе жатып мен сіздерге қамал туралы мәлімет берейін.

Анадолы Хисары тұрған жер ежелгі дәуірде бір Зевс немесе Юпитер храмы болған жер деседі. Алайда бүгін тек бір ғана бағана табылған.  Осы бағана қолданылған ғимарат немесе сол дәуір туралы ешбір дерек ізі табылмаған. Стамбулдың мыңдаған жылда басынан кешкен жер сілкіністерін ойлап қарағанда,  осында басқа археологиялық жәдігер табылмағаны таңғалдыратын жағдай емес.

Анадолы қамалы Османлы мемлекетінің Бұғазішінде құрған алғашқы қонысы ретінде белгілі.  Қамалды Османлы падишаларының бірі Йылдырым Беязыт салғызған. Падишаның мақсаты – Стамбулды қоршауға алу үшін Бұғазды және бұғаздың өткелдерін бақылауға алу және Византияға Қаратеңіз арқылы келетін көмектерге кедергі болу. Стратегиялық жағынан орны маңызды Анадолы қамалы бұғаздың ең тар жеріне салынады.

Анадолы қамалы үш бақылау мұнарасы және оларды қоршап тұрған қабырғалардан тұрады.  Тақырыптың мамандары ғимараттың Орта шақ қамал сәулетіне сай салынғанын айтады. Сыртқы қамал қабырғаларында көптеген арка бар. Арадағы бос жерлерді зеңбірек орналастыру үшін қалдырған. Себебі Анадолы Хисары бастапқыда қорғаныс мақсатты салынған.  Стамбул үшін жоспар жасаған Фатих Сұлтан Мехмет кейінгі жылдары үш мұнаралы үлкен қамал салғызады және сыртқы қабырға қостырып, қамалды нығайтады. Анадолы қамалы осылайша шабуыл қамалына айналады.

Қамал Стамбул қаласы жеңіп алынғаннан кейін Қаратеңізден келген шабуылдарға қарсы міндетін атқарады.  Османлы мемлекетінің Қаратеңізді толығымен бақылауға алуынан кейін маңызынан айрылып қалады.  Қамалдың негізгі қамал бөлігі 4 қабаттан тұратын мұнара. Бүгінгі күні мұражай, көрме алаңдары ретінде қолданылған Анадолы Хисарын аралап көрелік. Теңізден керемет көрінетін тарихи ғимаратты жақыннан тамашалайық.

Хисардан шығып, осы тыныш ауданды аралауға қалай қарайсыз? Өр көшелердің бірінен жоғары қарай  көтерілейік. Осы тар көшелерде Османлы дәуірінен қалған 1-2 ағаштан салынған үй көреміз.  Бір кездерге куә болған осы үйлердің алдында демалайық.  Артынан өрдің ең биік жерінен артымызға қарап,  бұғаздың тамаша көрінісіне сүйсінелік.

Енді Анадолы Хисарынан да кететін уақыт келіп жетті.  Келесі саяхатымызда оңтүстікке қарай жылжу мақсатымен қайығымыздағы орнымызға жайғасалық.



Ұқсас жаңалықтар