Стамбул қаласы

Капитанның борт журналы - 34

2074282
Стамбул қаласы

Стамбул

8500 жылдық бір қалаға қарай жақындап келеміз. Осы қала жүздеген жыл бойы соғыстарға, бейбітшілікке, қоршауларға сахна болды.  Әлем тарихында маңызы зор,  осы қаланы алу бір дәуірді жауып,  жаңа бір дәуірдің қақпасын ашады. Екі құрлықтың жалғыз қаласы – Стамбул.

Сансыз адам өмір сүрді  осы қалада.  Сауданың жүрегі осы жерде соқты.  Портына сансыз кеме келіп тоқтады. Үш ұлы империяға бас қала болды. Император сарайларында талай оқиғалар болды. Талай қызықты жағдайлар өтті.  Ақындардың, жазушылардың, өнер қайраткерлерінің, саясаткерлердің, жиһанкездердің бас тартылмас қаласы болды.

Бүгінге дейін Стамбул туралы бәлкім миллиондаған нәрсе айтылды.  Бүгіннен кейін де айтыла бермек.  Себебі айтып бітіретін қала емес бұл.  Мыңдаған жылдан бері сансыз адам сұлулығына қайран болды.  Жүректерінде осы қалаға орын ашты. Жақсы тұрмыс үшін арман қуып осы қалаға келді. Керемет қала Стамбул.

Стамбул Рим, Византия және Осман секілді әлем тарихы мен саясатына бағыт берген үш империяның бас қаласы болды. Стамбулды түсіну үшін онымен бірге тыныс алып,  оның түні мен күндізіне,  жазы мен қысына куә болу қажет. Тосын сыйларға толы осы қаланың әрбір жерін көру керек.

Стамбул түрлі кезеңдердің рухына ие. Сондықтан болар баршаны өзіне әрдайым тартып тұрады. Қалың адамымен, күйбең тірлігімен, қайшылықтарымен сиқырлап алады. Стамбул 24 сағат ояу. Әлемде 24 сағат бойы ұйықтамай өмір сүретін қанша қала бар екен?

Кейбірінен түрлі дәмдеуіштердің иісі мүңкитін,  кейбірінен түрлі түсті кілемдер мен әшекейлер сығалайтын ежелгі базарлары,  керемет панорамасы, жеті төбесі және бұғазы. Екі жағасы бәйтерек ағаштарымен толы бұғазы. Бұғаздың ортасында тәкаппар Қыз Мұнарасы.  Әрі Азия,  әрі Еуропа жағасындағы керемет көріністі көруге болатын Аралдарға саяхат. Қарсы жағалауға өту үшін асыққан адамдар, басыңыздың үстінен ұшып жүретін шағалалар мен теңіздің иісі.

Түрік әдебиетінің шебер қаламгері Ахмет Хамди Танпынар «Стамбулдың әр тұрғыны біраз ақын» деді. Әрине қаланың сиқырынан, адамның арманына әсерінен болса керек.  Тек ол емес әрине, әлем әдебиетінің маңызды тұлғалары Достоевский, Эдмондо Де Амичис, Пьер Лотти, Агата Кристи, Хемингуэй және көптеген жазушы өз туындыларында Стамбулды суреттейді.  Себебі бұл жер – адамды сиқырлап алатын қала.  Ағаштан салынған үйлері тізілген аудандары, теңізге барып тірелетін тар көшелері және өрге орналасқан аудандары, үйлердің арасынан сығалап тұратын бұғаздың көгілдір суы. Кенеттен бір сиқыр келіп сізді қаланың қарбалас тірлігі арасынан суырып алып, сол көгілдір көрініске апарып тастайтын секілді.  Барлық қайғы-мұңды ұмытасыз. Сиқыры бар Стамбулдың. Еш күтпеген жерден күтпеген бір мекен шығады алдыңызға, бір естелік түседі есіңізге. Қайдан келгені белгісіз бір әуен сіздің есіңізге бір нәрсе салады,  басқа бір уақыттың пердесі айқара ашылады.  Міне,  сол сәтте Стамбулды сезінген боласыз.

Стамбул барлық жағынан адамды таңғалдыратын және өзіне қайран қылатын, аты аңызға айналған қала.  Әрі ежелгі заманның хикаясын сыбырлайды,  әрі бүгінгі күнді,  әрі Азия,  әрі Еуропа. Барлық жері ашық аспан мұражайы. Стамбулда сарайлар, діни ғимараттар, мұражайлар, саябақтар, осы қалаға таңба басқан тұлғалар және осында тізіп айтуға болмайтын көп нәрсе сізді күтіп тұр.

Мені өз жайыма қалдырсаңыз,  неше сағат бойы сізге Стамбул туралы айтып бере аламын. Сіздер де уайымдамаңыздар, 8500 жылдық осы көркем қаланы аралаймыз. Тарихи түбекті, базарларды, ескі кітап сатушыларды, антиквариат сатушыларын бірге қыдырамыз.  Стамбулға теңіз арқылы жақындаған кезде жолымыздың бойындағы Стамбулдың керемет шығанақтарын да көреміз.

Бүгін көп сөйлеп кеттім-ау деймін. Себебі әрбір Стамбул сапары мені тебірентеді. Көрген-білгенімді сіздермен бөліскім келеді. Осы қаланы сіздермен бірге қыдырып жүріп менің де жаңа нәрселер біліп-еститініме күмән жоқ. Міне, осылардың барлығы мені қатты толқытады.

Әзірге сіздермен қош айтысамыз. Теңізде күннің батуын тамашалау арқылы жолымызды жалғастырамыз. Келесі аптада,  осы күн мен сағатта қайығымда сіздерді күтемін.



Ұқсас жаңалықтар