Еуразия күн тәртібі - 52

Түрік Республикаларында маңызды оқиғалар.

2027887
Еуразия күн тәртібі - 52

Бағдарламамыздың бүгінгі бөлімінде Түрік Республикаларының күн тәртібіндегі оқиғалар талқыланады.

Өткен аптада Түрік Республикаларында маңызды оқиғалар болды. Енді оларды ретімен қарастырайық.

2023 жылдың 14 тамыз күні Гагауз Автономиялық аймағы президенті Евгения Гуцул Ресей Федерациясының бас қаласы Мәскеуде Гагауз Автономиялық аймағының өкілдігін ашуды жоспарлап жатқандарын хабарлады. Молдова Сыртқы істер және Еуропалық интеграция министрлігі мәлімдеме жасап, өкілдік ашудың мүмкін емес екенін білдірді. Президент Евгения Гуцул ресейшіл риторикасымен белгілі.

2023 жылы 14-15 тамыз күндері Ресей Федерациясына қарасты Башқұртстан Республикасының Премьер-министрі Андрей Назаров Қазақстанға іс-сапарымен барды. Премьер-министр Назаров Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайыловпен бас қосты. Кездесу барысында екі ел арасындағы қарым-қатынасқа қатысты түрлі мәселелер талқыланды. Сапар аясында Башқұртстан Республикасының Премьер-министрі Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевпен де кездесті.

Өзбекстан Республикасы Премьер-министрі Абдулла Арипов 2023 жылғы 15 тамыз күні Қырғызстанға ресми сапармен барды. Премьер-министр Арипов Қырғызстан премьер-министрі Ақылбек Жапаровпен бірге Чолпон-Атада Қырғызстан-Өзбекстан үкіметаралық бірлескен ынтымақтастық кеңесінің 10-шы отырысына төрағалық жасады. Кездесу барысында екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытуға бағытталған шешімдер қабылданды. Кейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Өзбекстан премьер-министрі Ариповты қабылдады.

2023 жылы 16 тамыз күні Самарқанд қаласында Түрік мемлекеттері ұйымының Денсаулық сақтау министрлері 3-ші отырысы және 2-ші Түрік медицина әлемі конгресі өтті. Отырысқа ұйымға мүше елдердің денсаулық сақтау министрлері қатысты. Кездесу соңында бірлескен декларацияға қол қойылды. Кездесу аясында 16-17 тамыз күні 2-ші Өзбекстан-Түркия Денсаулық сақтау бизнес форумы өтті.

2023 жылғы 17 тамыз күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Қоршаған орта, су және ауыл шаруашылығы министрі Абдуррахман әл-Фадлиді қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы ауыл шаруашылығы, сауда және азық-түлік кепілдігі сияқты мәселелер бойынша ынтымақтастық тақырыптары талқыланды.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев 2023 жылдың 17 тамыз күні Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуді қабылдады. Қабылдауда екі ел арасындағы қарым-қатынастың қазіргі барысы талқыланды.

2023 жылы 17-21 тамыз күндері аралығында Шыңжаң-Ұйғыр Автономиялық аймағының бас қаласы Үрімжіде «4-ші Қытай-Еуразия: өнім және сауда 2023» тақырыпты ЭКСПО көрмесі ашылды. ЭКСПО көрмесінің ашылуына Қырғызстан Премьер-министрі Ақылбек Жапаров, Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұмангарин қатысты. Премьер-министр Жапаровтың ресми сапары аясында Қырғызстан мен Қытай арасында 6 келісімге қол қойылды. ЭКСПО көрмесіне 40 елден 1300-ден астам компания қатысты.

2023 жылғы 19-20 тамыз күндері Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған және Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов Венгрияға ресми сапармен барды. Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанның шақыруымен Будапештке келген көшбасшылар Венгрия мемлекеттік күні мерекесі мен жеңіл атлетикадан әлем чемпионатының ашылуы салтанатына қатысты.

Оқиғалардан көрініп тұрғандай, өткен апта Түрік Республикалары арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын маңызды жаңалықтар жүзеге асты.



Ұқсас жаңалықтар