Орталық Азия Республикаларының күн тәртібіндегі оқиғалар

Еуразия күн тәртібі – 45-2023

2007561
Орталық Азия Республикаларының күн тәртібіндегі оқиғалар

Бүгінгі бағдарламамызда Орталық Азия Республикаларының күн тәртібіндегі оқиғаларға тоқталамыз.

Өткен апта Орталық Азия Республикаларында маңызды сапарлар мен жиналыстар өтті. Енді осы оқиғаларға қысқаша тоқталайық.

2023 жылы 14-15 маусым арасында Германия Федералдық Республикасының президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстан мен Қырғызстанға ресми сапармен барды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Германия президентін ресми рәсіммен қарсы алды. Президенттер арасындағы кездесуде Германияның Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасы, Қырғызстан мен Қазақстанның Еуропалық Одақпен қарым-қатынасы талқыланды.

Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің аймақтық сапары Еуропалық Одақтың Орталық Азияға қызығушылығының нақты көрсеткіші болып табылады. Мамыр айының басында Германия Федералдық Республикасына Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев те барды.

2023 жылғы 22 маусымда Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Бакуге ресми сапармен келген Қазақстан Республикасының премьер-министрі Әлихан Смайыловты қабылдады. Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастардың ағымдағы барысына қанағаттанушылық білдірілді. Сол күні премьер-министр Әлихан Смайылов Әзербайжан Республикасының премьер-министрі Али Асадовпен де кездесті. Келіссөздерден кейін екі ел үкіметтері арасында 10 келісімге қол қойылды.

2023 жылғы 26-27 маусымда Қырғызстан Республикасы Парламенті Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Нұрланбек Шакиев Қазақстанға ресми сапармен барды. Астанада Жоғарғы Кеңестің төрағасы Нұрланбек Шакиев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен, Қазақстан Парламенті Төменгі Палатасының төрағасы Ерлан Қошановпен, Парламент Жоғарғы Палатасы Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевпен жеке-жеке кездесті. Кездесу барысында екі ел арасындағы қарым-қатынасқа қатысты мәселелер талқыланды.
2023 жылғы 29 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Люксембург Ұлы Герцогтігінің Сыртқы істер министрі Жан Ассельборнды қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан мен Люксембург арасындағы екіжақты қарым-қатынастар және Еуропалық Одақпен қарым-қатынастар талқыланды. Сапар аясында Қазақстан мен Люксембург арасында өзара түсіністік туралы екі меморандумға қол қойылды.
Сол күні Қазақстан ассамблеясы Нұрсұлтан Назарбаевты университеттің, мектептің және оның атымен аталатын қордың директорлар кеңесінің құрамынан шығарған заң қабылдады.

2023 жылғы 26 маусымда Моңғолия премьер-министрі Оюун-Эрдэнэ Лувсаннамсрайн Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барды. 28 маусымда Моңғолия премьер-министрі Қытай премьер-министрі Ли Чианмен кездесті. Кездесу соңында екі ел арасында 5 келісімге қол қойылды. Премьер-министр Оюун-Эрдэнэ Лувсаннамсрайн сапары аясында Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысты.

2023 жылғы 29-30 маусымда Ұлан-Батырда Сыртқы істер министрлерінің бірінші әйелдер кездесуі өтті. Бұл жиынға Сыртқы істер министрлері мен халықаралық және аймақтық ұйымдардың, әсіресе БҰҰ-ның әйел өкілдері қатысты. Жиынның беташарына Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх қатысты. Кездесуге келген қонақтарды Моңғолия Парламентінің төрағасы Гомбожав Занданшатар қабылдады. Екі күнге созылған кездесуде гендерлік теңдік пен адам құқықтары мәселелері талқыланды.
Оқиғалардан көріп отырғанымыздай, Орталық Азия елдерінде маңызды халықаралық кездесулер жалғасуда. Сапарлардан Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынастардың да нығайып келе жатқаны аңғарылады.



Ұқсас жаңалықтар