Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға барып қайтты

Еуразия күн тәртібі – 40

1837258
Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға барып қайтты

Бүгінгі бағдарламамызда Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстан Республикасына сапарына тоқталамыз.

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 26 мамырда Қырғызстан Республикасына бір күндік іссапармен барды. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Тоқаевты Бішкектегі Ала-Арша Мемлекеттік сарайында ресми рәсіммен күтіп алды. Күтіп алу рәсімінен кейін екі лидер оңаша бас қосты және делегациялар арасында кездесу өткізілді. Кездесулерде екі жақтылы қарым-қатынастар мен аймақтық тақырыптар қолға алынды. Жиналыс соңында президенттердің ортақ мәлімдемесі мен екі ел арасындағы 13 келісімге қол қойылды.

Журналистерге арналған баспасөз жиналысында президент Садыр Жапаров Қырғызстан мен Қазақстан шекарасында ортақ сауда-логистикалық аймақ құрылысы басталғанын, ұзақ жылдан бері шешілмей келген екі ел шекарасындағы жүк көліктерінің қатынас мәселесінің аяқтайтынын білдірді. Президент Тоқаев қазақтарға ең жақын бауырлас халықтың қырғыздар екенін айтты. Президенттер ортақ сауда мөлшерін 2 миллиард долларға көтеру нысанаға алынғанын хабарлады.

Еуразия Экономикалық Одағы кезекті төрағасы Қырғызстан сол күні Еуразия Экономикалық Одағының бірінші Еуразия Экономикалық форумын гибридті форматпен өткізді. Ресей, Армения және Беларусь лидерлері форумға интернет арқылы қатысты. Жиналыста одақтың мәселелері талқыланды және сұрақтар жауабын тапты. Аталмыш жиналысқа 15 елден екі жарым мың кісі қатысты.

Еуразия Экономикалық форумынан кейін президенттер Жапаров пен Тоқаев Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің жаңадан ашылған Бішкек бөлімшесінде болды. Осыдан кейін президенттер қазақ ақыны Абай Құнанбайдың мүсінінің бетін ашты. Президент Жапаров мүсіннің беташар рәсіміндегі сөзінде Шыңғыс Айтматов пен Манастың мүсіндерінің жақында Қазақстанда орнатылатынын айтты.

Сол күні Қазақстан Сенаты Қырғызстанға әскери-техникалық жәрдем жасау жайлы қол қойылған екі келісімді мақұлдады. Қазақстан осының алдында Қырғызстан армиясына әскери-техникалық жәрдем берген болатын.

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда болған қаңтар оқиғаларынан кейін ішкі және сыртқы саясатта белсенді жұмыстанғаны байқалуда. Қазақстан президенті Қырғызстанға сапары алдында Түркияға, Біріккен Араб Әмірліктеріне және Ресейге сапарлай барды. Көршілерімен ынтымақтастықты бекемдеу Қазақстан сыртқы саясатының басты тақырыптары арасында.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Бішкектегі кездесуде Қырғызстан мен Қазақстан арасында 2003 жылы қол қойылған ынтымақтастық келісімін қайта қарауды, екі жақтылы қарым-қатынастарды тың белеске көтеруді ұсыныс етті. Қырғызстан мен Қазақстан Түркия мен Әзербайжан сияқты байланыстарын жаңа кезеңге көтеріп, «екі ел, бір ұлт» саясатын атқаруына болады. Ресей мен батыс соғысы, Ауғанстандағы жағдай және аймақтық қауіпсіздік тақырыптары тұрғысынан осындай тығыз ынтымақтастық өте қажетті болмақ.

Қорыта айтқанда, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстан сапары ойдағыдай өтті. Әсіресе кеден, қатынас, қауіпсіздік салаларында маңызды келісімдер жасалды. Қырғыз-қазақ ынтымақтастығының бекемделуі Түркістанның күшеюіне есе қосады.



Ұқсас жаңалықтар