Иран мен Әзербайжан байланысы жақсарып келеді

Еуразия күн тәртібі – 18

1754446
Иран мен Әзербайжан байланысы жақсарып келеді

Бүгінгі бағдарламамызда Иран Сыртқы істер министрінің Әзербайжан сапарына тоқталамыз.

2021 жылы 22 желтоқсанда Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Иран Сыртқы істер министрі Хусейн Әмір Абдуллахиянды қабылдады. Кездесуде екі жақтылы қарым-қатынастарды бекемдеудің маңыздылығы атап айтылды. Абдуллахиян Қарабахтың жеңіске жетуіне орай Әзербайжан халқын құттықтады. Артынан Абдуллахиян әзербайжандық әріптесі Джейхун Байрамовпен кездесті және баспасөз жиналысын ұйымдастырды. Баспасөз жиналысында екі ел арасында жалғасып жатқан Түрікменстан табиғи газын Иран арқылы Әзербайжанға экспорт ету, Худаферин және Қыз мұнарасы Гидроэлектр станциясының құрылыстары, Астарачай көпірі құрылысы, Иран-Әзербайжан-Ресей қатынас дәлізі, Нефтчальда салынатын ортақ автомобиль фабрикасы қатарлы жобалар жайлы мәлімет берілді. Министрлер 3+3 Аймақтық платформасына қолдау беруді қайталады. Абдуллахиян Қарабахты қайта құруда Иран компанияларының міндет атқаруға дайын тұрғанын, елінің ең жақын досы Әзербайжан екенін білдірді. Иран Сыртқы істер министрі аймақтағы мәселелердің аймақ елдері тарапынан шешімін табуы керектігін, осы тұрғыдан Әзербайжан, Иран, Ресей мен Түркия төрттік ынтымақтастығын қолдайтынын жариялады.

Абдуллахиян Бакуде Әзербайжан Мәжіліс төрайымы Сахибе Гафарова және премьер-министрдің орынбасары Шахин Мұстафаевпен кездесті. Әзербайжан премьер-министрінің орынбасары Шахин Мұстафаев осының алдында Иранда кездесулер өткізген болатын.

2021 жылы Әзербайжан-Иран қарым-қатынастары кейде тәуір, кейде кірбең жалғасты. Жыл басында Иранның бұрынғы Сыртқы істер министрі Джеват Зариф 3+3 Аймақтық платформасы елдеріне сапарлай барды. Артынан қатынас және қауіпсіздік салаларындағы Әзербайжанның талпыныстарын қабылдай алмаған Тегеран әкімшілігі Бакуге қарсы айыптаулар мен қоқан-лоқылар көрсетті. Сол себепті күзде екі жақтылы қарым-қатынастар салқындады. Әзербайжанмен байланыс бұзылса, Оңтүстік Кавказда тайғақ жолға түсетінін байқаған Иран дипломатиялық жолдарды қарастыра бастады. Иран Сыртқы істер министрі Әзербайжанға сапары алдында орыс, армян және түрік әріптестерімен де кездесті.

Әзербайжан мен Иран президенттері Ашхабадта өткізілген Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымы саммитінде кездесіп, бір қатар ортақ жобалардың атқарылуы тақырыбында келісті. Мысалы, Түрікменстан табиғи газының Әзербайжанға экспорты тақырыбында үштік келісім жасалып, жұмыстар басталды. Желтоқсанда Әзербайжан Мемлекеттік Мұнай компаниясы (SOCAR) әкімшілік делегациясы Тегеранға барып, Иран Мұнай министрі Джеват Очимен кездесті.

Иран Оңтүстік Кавказдағы күш тепе-теңдігінің Қарабах соғысынан кейін өзгергенін жақсы түсінеді. Иран Зенгезур Қатынас дәлізі ашылса, Армениямен байланысы үзілетінін, Шығыс-Батыс қатынас саласындағы орнын жоғалтатынын ойлауда. Сондықтан ирандық лауазымдылар Қаратеңізді Парсы шығанағына жалғайтын жаңа қатынас дәлізін ашуды Армения мен Грузияға ұсыныс етуде.

Аймақтық мәселелерді аймақ елдері шешуі керектігін үнемі дәріптеген Иран Түркияның Оңтүстік Кавказдағы салмағының артуына мазасыз болмағаны жөн. Оңтүстік Кавказда бейбітшілік пен тұрақтылық Анкара-Мәскеу-Тегеран желісінде дипломатияның жеңіске жетуімен мүмкін болмақ.

Қорыта айтқанда, Иран Сыртқы істер министрінің Баку сапары екі жақтылы қарым-қатынастарды қалыпқа түсіруі және аймақтық ынтымақтастық тұрғысынан пайдалы болды.



Ұқсас жаңалықтар