Сагалассос қаласы және Антониндер фонтаны

Анадолының тұңғыштары - 14

1752667
Сагалассос қаласы және Антониндер фонтаны

Былайша жай, артқа айналып қарағанда көзді ашып жұмғанша жылдам ағады ол... Барлық нәрсені өзгерту немесе айналдыру күшіне ие уақыт.  Уақыт түсінігі жалпы біз өлшей алатын және біз білетін мерзім үшін нақты болады. Яғни минут, сағат, ай, жыл, бәлкім ғасыр.  Осы мерзімдер бізге мағыналы келеді. Бірақ біздің өмірімізден тысқары уақыт тілімін қаншалықты түйсіне аламыз? «Мың жыл, екі мың жыл, он екі мың жыл бұрын» деген кезде бізге өте алыс болып көрінетін, көзбен көрінбейтін осы мерзімдердің қаншасын түсіне аламыз? Барып көру және ұстап көру мүмкін болса ғана сол кезде куә боламыз. Уақыт ішінде саяхаттағандай боламыз. Міне, Анадолы территориясы - осыған мүмкіндік беретін керемет жер. 12 мың жыл бұрыннан қалған, адам баласы бастау алған Гөбеклитепе, адам баласы тарихының 9 мың жылдық елді мекені Чаталхөйүк, 6 мың жылдық тұңғыш сарай кешені Арслантепе күлтөбесі. Және тағы да басқалары.  Барлығы бір-бірінен маңызды, барлығы бір-бірінен қызықты жерлер. Осылардың бірін, ЮНЕСКО Әлемдік мұрасының уақытша тізіміндегі, бір кездердің көркем бас қаласы Сагаласcосты  және шамамен екі мың жылдан бері үздіксіз аққан суымен Антониндер бұлағы туралы айтып береміз бүгін.

**

Анадолы жерінде ірілі-ұсақты талай қала құрылады, талай өркениет қалыптасады. Уақыттың сиқыры осы қалаларды аралайды, қалалар өзгереді, қирайды, жойылады. Кейбір қалалар уақытқа тойтарыс бере алмайды, олардан қалған 1-2 қалдықтан сол қалалардың өмір сүргенін білеміз. Немесе кейбіреулері туралы еш білмей кетеміз. Кейбір қалалар бар көркемдігімен құламай қалады, ғасырлар бойы жасайды.  Сагалассос ежелгі қаласы да уақыттың әсері көп сезілмеген, бүгінгі күнге дейін жеткен сирек қалалардың бірі. Бүгінгі Бурдур қаласының Агласун ауданында. Рим дәуірінің Анадолыдағы іздері көрінетін ең жақсы сақталған ежелгі қалалар арасында алдынғы кезекте тұрады. Ежелгі дәуірде Писидия деп аталған аймақтың бас қаласы – Сагалассос. Писидия бүгінгі Ыспарта, Бурдур, Афионкарахисар және Конияның бір бөлігін қамтып тұрған Көлдер аймағы ретінде белгілі.  Бір-бірінен өзгеше географиялық ерекшеліктері бар бір өңір Писидия. Яғни Көлдер аймағы. Бір жақтан теңізі, бір жағында 2500 метрге дейін жететін таулары, таулардың арасынан күтпеген жерден шығатын көлдері, жазықтарымен адамды таңғалдыратын сұлулыққа ие осы өңір.  Аймақтың тарихы сегіз мың жылға дейін барады.

Писидиялықтар еркіндіктерін мақтан тұтатын, жауынгер халық ретінде танымал. Олар ешкімнің қоластына кірмей өмір сүруді қалағандықтан осы таулы аймақты мекендеген.  Су көздері тұрғысынан бай және жері шығымды аймақтың жұлдызы  «Рим бейбітшілігі» деп аталған кезде жарқырай бастайды.  Себебі Рим императоры Писидияны Рим сауда желісіне қосады.  Жерорта теңізімен байланысын қамдаған жолдарының салынуын қамтамасыз етеді. Писидияның бас қаласы Сагалассос та сол кезден бастап шарықтайды. Жылы климаты және зәйтүн секілді көптеген егіншілік өнімі өскендіктен қала бара-бара байи түседі. Айырықша Сагалассос керамика өндіруде арнайы орынға ие. Аймақтың саз балшықтарынан алынатын арнайы балшықпен жасалатын керамикалар «Қызыл астарлы Сагалассос керамикалары» деп аталады.  Қызғылт сарыға ұқсайтын қызық түсті керамикалар жылтыраған, тайғақ және теп-тегіс астарымен бүкіл Жерорта қойнауында ежелгі әлемнің ең таңдаулы өнімдері арасында болған. Жерорта теңізінің түрлі аймақтарында жүргізілген қазбаларда көптеген Сагалассостың керамикасының табылуы осыны дәлелдейді. Ақаумен өндірілген ыдыстар немесе сынықтары лақтырылмай, қайта өңделген. Яғни сол жылдарда қайта өңдеудің жасалуы осы керамикаларды бүгінгі күні де ерекшелендіреді.

**

Сагалассос Рим империясының қасиетті орталығы деп жарияланады кейіннен. Императорлардың таңдаулы қаласы,  наным туризмінің де әсерімен экономикалық жағынан дамиды, алтын дәуірін басынан кеше бастайды.  Қала қасиетті орталыққа жарасатындай көркем ғимараттарға толады. Өз халық санынан екі есе көп көрермен сыйымдылығы болған керемет театр салынады. Театр төңіректегі аймақтардан келгендер де діни рәсімдерге қатыссын деген оймен қала тұрғын санынан артық адам сыятындай қылып салынады.

Сагалассостың театры керемет. Алайда қала мемориалды бұлақтарымен алға шығады.  Себебі қаланың беделді тұрғындары дәулетін көрсету үшін бір-бірімен жарысып бұлақ салдырған. Ал осы қалада бір бұлақ ерекше атап өтуге лайық. Себебі жер бетіндегі ежелгі қалалар ішінде бүгінгі күні де ағып тұрған үш бұлақ бар.  Міне,  осылардың бірі Бурдурдың Агласун ауданындағы Сагалассос ежелгі қаласында. Үш мыңға жуық тас бірлестіріліп, қайтадан реставрациядан өткен «Антониндер» фонтаны екі мың жылға жуық уақыт бойы аққан суымен қаладағы барлық бұлақтарды басып озады.

Рим Империясының күші мен беделін әлемге паш ету үшін салынады осы сарқырамалы фонтан. Империяның түрлі жерлерінен жеткізілген түрлі түсті тастар мен бағалы Афион мәрмәрі қолданылады құрылысында. Сагалассос ежелгі қаласының қаншалықты бай және көркем екенін түсіну үшін басқа айғақ керек емес.  Антониндер фонтанын көру жеткілікті.  Осы су көзі туралы бір аңыз айтылады. Аңызға қарағанда, осы бұлақтың суы адамды жасартады және осы судан ішкен адам ғашық болады.  Жыл сайын осы аңызда айтылғандар үшін мыңдаған адам келеді осы ежелгі қалаға. Атынан белгілі, аңыз, бірақ шындыққа жанаса ма белгісіз.  Бірақ фонтанның суы туралы білетіндерімізді дереу айта кетелік. Ежелгі қаладағы қазба топтары осы таптаза және өте салқын суды анализ үшін Бельгияға жіберген. Осы анализ нәтижесінде Еуропада осындай сапада және осыншама дәмді еш су табылмайтыны белгілі болған. 

**

Сагалассос ежелгі қаласының он бес метр биіктігіндегі мемориалды қабірі Геронды, бағаналы даңғыл жолын, қала сарайын, Неон кітапханасын, моншалары мен басқа да ғимараттарын баяндап беруге уақытымыз қалмады. Тек олардың атын атап өтуге мүмкіндігіміз бар.  Келіп көру, уақытты тоқтатқан қаланы тамашалау – сіздің инициативаңызда.

Анадолының уақытпен тайталасқан ежелгі қалаларының бірі Сагалассосты және шамамен екі мың жылдан бері сарқырап аққан суымен керемет Антониндер бұлағын баяндап бердік бүгін.



Ұқсас жаңалықтар