Әлемнің жеті кереметінің бірі

Галикарнас мавзолейі

1677583
Әлемнің жеті кереметінің бірі

Аппақ үйлері, қою көк терезелері және тамаша бегонвиллия гүлдерімен алдыңызда тұрады.  Ішіңізге сіңген тыныштық сезімінен айрылып қалмауға тырысасыз.  Шындық бұзылып кететіндей болып тыныс алуды да доғарасыз. Бодрум сізді басқа әлемге алып кетеді. Теңіздің көгілдір түсі мен сол түсті қоршап тұрған шығанақтардың кереметтігі соншалықты уақыттың тоқтауын қалайсыз және сол сәттің ішінде қалып қойғыңыз келеді.  Ежелгі дәуірдің атақты ақыны Гомер «Мәңгі көгілдір жұмағы» деп атайды Бодрумды, яғни Галикарнасты. Әдебиетіміздің қарымды қаламгері Жевад Шакир Кабаагачлы болса Бодрумды көрер көрместен ғашық болады.  Өзін Галикарнас балықшысы деп атайды сол сәттен бастап,  осы атпен жазады туындыларын.  Былай баяндайды Бодрумды атақты жазушы: «Бодрум  - әрі табиғаттың керемет сұлулығын,  әрі тарихтың естеліктерін өзіне жинаған Жерорта теңізінің аппақ бір бұрышы. Қаланың ай секілді екі порты ғашыққа ашылған көңіл іспетті теңізге ашылады. Бір бірінің жанында созылып жатқан екі порт қосылған жерде мұнара үстіне мұнара Сан Жан рыцарларының қамалы орналасқан.  Аппақ қала осы екі порттың жағасында созылып жатыр.  Аппақ үйлер, әртүрлі әшекейден аулақ, нақты сызықтардан тұрады. Тап-таза қылып боялады.  Аппақ қабырғалары, көкпеңбек аспаны. Бұл жер ұшы қиыры жоқ аспанның мемлекеті. Бір ән айтыңыз, сол ән алыстаған сайын аспанда көкпеңбек болады. Жарық бұл жерде тек қараңғыға жарық болмайды, жарық түскен затты өзгертеді және бір ақынның түсіне айналдырады. «Италияны көр, артынан өле бер» дейді екен. Жоқ, шырағым, Бодрум мен жағасын көр және өмір сүр».

**

Бүгінгі күні Айдын, Мугла қалалары және Денизлинің бір бөлігін қамтыған аймақ ежелгі дәуірде «Кария аймағы» деп аталған.  Порттары,  берекелі даласы,  ормандары мен тік тауларымен Кария аймағы Фригия, Ликия, Иония секілді сол кездің алдынғы қатарлы басқа аймақтарымен де көршілес.  Афродисия, Каунас, Книдос және Галикарнас ең маңызды қалалары арасында орын алады.

Кария аймағындағы жағалаулардың географиялық ерекшеліктері кемелер үшін табиғи порт болып табылады.  Галикарнас ежелгі дәуірде Кария аймағының ең маңызды портты қалаларының бірі болған, себебі Эгей теңізінен келетіндер бірінші болып қарсы алынатын жер Галикарнасос. Ежелгі дереккөздерде Галикарнасостың атының «құтты бұлақ бассейн қаласы» деген сөздерден тұратыны айтылады. Бастапқыда қаланың аты көп кездеспесе де, әрі флот,  әрі сауда кемелері үшін ыңғайлы табиғи және қорғанды портымен алға шығады. Теңіз жолдарының бойындағы маңызды тұғырына байланысты да қысқа уақытта бас қала болады.  Галикарнас билеуші Мавсол кезінде қорғандармен қоршалған, мемлекеттік ғимараттары бар, жасырын кеме жасау зауыты және каналы болған қалаға айналады. Мавсол сол кездің ең маңызды және ең ықпалды билеушісі болған. Тіпті оның залым деп аталғанын ежелгі дәуірдің жазушылары айтады. Король Мавсол билігінің күші мен байлығын көрсету үшін көркем ғимарат салғызуға шешім береді.  Осылайша өлімсіздігін де әлемге паш еткісі келеді. Сансыз жұмысшы жұмыс істейді. Патшалықтың бюджеті бітеді осы ескерткіш үшін.  Алайда өлімінен бұрын аяқталмайды,  ғимаратты әйелі бітіреді.  Ескерткіш қабір қысқа уақытта тек Галикарнастың немесе Кария аймағының ғана емес,  бүкіл ежелгі дәуірдің ең назар аударатын ғимаратына айналады.

**

Галикарнас мавзолейі ретінде белгілі осы ескерткіш қабір ежелгі әлемнің жеті кереметінің бірі ретінде қабылданды.  Сол кезден кейін барлық ескерткіш қабірлер осы корольдің атымен мавзолей деп атала бастады.

Бағаналарымен грек, сатылы пирамида түріндегі төбесімен де Мысыр архитектурасын бірлестірген,  сол күнге дейін теңдесі кездеспеген бір ғимарат – Галикарнас мавзолейі. Толығымен түрлі архитектуралық стильдерді бір бірінің жалғасы іспетті жинақтаған аса үлкен ғимарат. Биіктігі 55 метр ескерткіш қабірді әлемнің ең көркем ғимаратына айналдыру  мақсатында сол кездің ең атақты сәулетшілеріне міндет жүктеледі.  Ғимараттың төрт жағы төрт мүсінші тарапынан керемет мүсіндер және оюлармен әшекейленеді. Міне, осы фриздер қабірдің әлемнің жеті кереметінің бірі деп есептелуіндегі ең маңызды факторлар. Кең ауласы,  арыстан фигуралары, құдай, әйел құдай және жауынгер мүсіндерімен бірге мавзолейдің ең төбесінде төрт атты арбада король Мавсол мен жұбайы Артемисияның мүсіні орын алады. Кейінгі кезеңдерде мамандар қазбаларда ортаға шығарылған туындылар мен ежелгі дәуір жазушыларының жазғандарына сүйеніп, мавзолейдің тұпнұсқасының қалай болғаны туралы схема сызады.  Бір түс секілді аспанға көтерілген осы мавзолей бүгінгі күнгі адамдарды да таңғалдыратын деңгейде.

Осы керемет ғимарат басқыншылықтарға және табиғи апаттарға тойтарыс береді және шамамен 1500 жыл құламай тұрады.  Алайда бір жойқын жер сілкінісінен кейін құлайды.  14-ғасырда аймаққа келген Сан Жан рыцарлары мавзолейдің қалдықтарын Сант Петер, яғни бүгінгі Бодрум қамалының құрылысы үшін қолданады. Мавзолей бүгінгі күнге жете алмаса да,  одан қалған бөлшектер Бодрум қамалының қабырғаларында жасап келеді.

**

Ежелгі дәуірдің осы керемет қаласы Галикарнас туралы көп мәліметіміз бар  Геродоттың арқасында. Бәлкім Геродот өзі туған жерге ерекше мән беріп,  ол туралы көп нәрсеге орын берген болар туындыларында. Иә,  римдік дана және жазушы Цицерон «Тарихтың атасы» деп атап кеткен Геродот Галикарнастық. Яғни Бодрум тумасы. Әлемнің тұңғыш зерттеуші тарихшысы ретінде қабылданады.  Фракиядан Қаратеңізге,  Македониядан Мысырға дейін үлкен территорияда әрі құрлық, әрі теңіз саяхаттарына шығады. Мәлімет жинау өте қиын болған, тек қала тысынан келген жиһангездерден мәлімет алынатын бір дәуірде білім алған,  әрдайым саяхатқа шыққан. Геродотты барған жерлерінде қызығушылықпен қарсы алады адамдар. Себебі «әлемнің тұңғыш ұлы туристі» ретінде қабылданған Геродот айтқан әңгімелерін хикаяға айналдырады және кейіпкерлерге жан бітіріп,  керемет баяндап береді.  Сондықтан алыстан келген осы шетелдік жиһангездің жолын күтетін адамдар әрдайым көп болған.

Барған жерлеріндегі халықпен сөйлескен, басқарушылармен кездескен.  Ресми деректерден дұрыс мәлімет алуға тырысқан.  Осы жинақтаған мәліметтерін өзіне атақ алып берген туындысы «Тарих» кітабында адам баласымен бөліседі.  Кітапты неге жазғаны туралы: «Адам баласының жасағандары уақыт өте келе ұмытылмасын.  Грек және шетелдіктер жаратқан кереметтер аты аталмай қалмасын.  Сонымен бірге олар неге соғысқан, соны түсіндіру» деп жазады.

«Тарих» кітабында бейтарап түрде тек көргендерін және естігендерін жазады, өзі пікір айтудан аулақ болады.  Ғалымдар Геродоттың осы көзқарасының тарих ғылымының туылуына үлес қосқанын айтып отыр.  География және тарих мәліметтерімен шектеулі емес Геродоттың туындысы.  Қоғамның әдет-ғұрыптары, өнері, архитектурасы және мифологиясы да орын алады туындыда. Тоғыз томдық «Тарих» бүгінгі күнге толықтай жетеді.

**

Ежелгі дәуірден бері өмір еш тоқтамастан жалғасып келеді Галикарнаста.  Бір кездері көздің жауын алған мавзолейдің орнында бір бостық бар бүгін. Бостық жоқтықты шақыра ма? Әлде бізге мыңдаған жыл бұрынғы сол көркем ғимаратты көрсете ме? Қиялдау күшін іске қосатын бір бостық бұл.  Галикарнас қазбаларында жарыққа шығарылған мүсіндер мен фриздердің көбі бүгін British Museum-да көрмеде тұр.  Мавзолей  қалдықтарының өзінің туған жеріне қайта оралуын сұраймыз.  «Галикарнас балықшысы» Жевад Шакир Кабаагачлының Ұлыбританиядағы мұражай басшылығына жолдаған хатындағы сөздерімен тағы бір рет шақыру тастаймыз: «Мавзолей өз құнына тек Бодрумның көкпеңбек аспанында жетеді».



Ұқсас жаңалықтар